Медицина саласындағы жаңа үрдістер

Ұлттық ме­дицинаның мәртебесін көтеру­ге, азаматтарға медициналық қызметтер көрсету деңгейін жақсартуға, денсаулық және денсау­лық сақтау мәселелеріне деген қоғамның көз­қа­расын өзгертуге бағытталған “Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Кодексі қабылданып, ол үстіміздегі жылдың қаңтар айынан басталып іске қосылды. Осы қабылданған Кодекске сәйкес бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Ол – науқастың дәрігерлер мен ме­дициналық мекемені өз еркінше таңдау прин­циптеріне, бәсекелестік кеңістікті қалып­тасты­руға және медициналық қызмет көрсету үдерісін жақсартуға, медициналық көмектің ашық та айқын болуына негізделген; нақты нәтижеге негізделген ақысыз ме­дициналық көмектің кепілді көлемін қаржы­лан­дырудың жаңа моделі, яғни, әрбір науқасты емдеуге қажетті төлем мөлшері медициналық қызмет көрсетудің сапасын қада­ғалау арқылы анықталады. Әрбір стационарлық емдеу мекемесінде науқастың медициналық қыз­мет көрсетуге төлеген қаржысы туралы ақ­па­рат емдеуге жатқызу порталы арқылы белгілі болады.

Жоғарыда аталған Кодекске сәйкес қаламызда да медицина саласында көптеген өзгерістер болуда. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес 1 ауысымда 500 адамды қабылдайтын жаңа емхана іске қосылды. Мұнда халыққа әр саладағы медицина мамандарының кеңес-көмегін алуға мүмкіндік туды. Келесі жылға осы емханадан жаңа ана мен бала, салауатты өмір салты кабинеттері мен диабет мектебі сияқты бөлімдер ашылу көзделіп отыр.

Қазіргі таңда, қаламызда адамдардың тұрғылықты мекен-жайларына байланысты алғашқы медициналық көмек көрсететін 1 жаңа емхана мен 4 отбасылық-дәрігерлік амбулатория бар. Биылғы жылы елімізде медицина саласында болып жатқан өзгерістерге сәйкес қалалық жедел жәрдем бөлімі жаңадан ашылған емхананың құрамында халыққа өз қызметін көрсетуде.

Бүгінгі күнде медицина бойынша көрсеткіштеріміз де жақсаруда, мысалға: 9 айдың қорытындысы бойынша бала өлімі азайып отыр. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш 23 промиллені құраса биыл 17-ні көрсетіп отыр. Сонымен қатар, жас өспірімдер арасындағы туберкулезбен ауыратындар саны азайып, балалар арасындағы туберкулез былтырғы жылдың деңгейін көрсетіп тұр. Туберкуледен қайтқан адамдар саны да 2 есеге азайып отыр, бірақ дегенмен туберкулез ауруына шалдыққандар саны азаятын емес. Қуантарлық жағдай, туылғандардың ортақ саны көбейіп, қайтыс болған адамдардың саны біршама азайды және сарыаурумен және сары оспамен ауыратындар саны да азайды.

Кадрлар мәселесі бойынша 2009 жылы қаламызға 19 жас медициналық жоғарғы оқу орындарының түлектері тартылған болатын. Өкінішке орай, бүгінгі таңда әртүрлі себептерге байланысты 6 маман жұмыстан шығып кетті. Қалғандары қаламыздың көптеген денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыстарын атқаруда. Сонымен қоса, оларға демеушілер қаражатынан 3 жыл аралығында 250 мың теңге көлемінде үстем ақы төленеді, мамандарға арнайы қаламыздың Гурба көшесіндегі жатақхана жөндеуден өткізіліп, олар қазіргі таңда сонда тұрып жатыр. Дәрігерлердің дәрежесін көтеру мақсатында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында оларға берілетін жыл сайынғы қала әкімінің сый ақысына биылғы жылы жаңа «Үздік жас дәрігер» жүлдесі қосылды. 2010 жылдың «Үздік жас маман» атағына емхананың жас дәрігері – Төлегенов Артур Копабаевич иеленді. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында дәрігер мамандығына қызығушылық туғызу. Сонымен қоса, үстіміздегі жылдың наурыз айында мен өзім және бірқатар денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары Қарағанды қаласының мемлекеттік медицина академиясының түлектерімен кездесу ұйымдастырдық. Сол сапарымызда академия ректорына кепілдеме хат ұсынып, осы жылға қаламызға қажет медицина мамандарының тізімін ұсындық. Биылғы жылы қаламызға 3 жас медицина мамандары келді. Олар қаламыздың №1 орталық ауруханасында жұмыстарын істеуде.

Биылғы жылы қаламызда медицина саласы бойынша осындай іс-шаралар атқарылды. Денсаулық сақтау мәселелері әрдайым қала әкімшілігінің басты назарында. Халықтың денсаулығын жақсартып, медицина саласын жетілдіру үшін жұмыстар әрі қарай да жалғасын таба береді.

Марал Мәдиева.

Комментарии закрыты.