«Шет тілін үйрену барысында адам басқа бір ұлттың сөзін, сөйлем құрау тәсілдерін меңгеру арқылы оның ойлау жүйесіне еніп, рухани әлеміне қадам басады; жаңа бір халықтың ұлттық болмысын ашады. Шет тілінде сөйлеу арқылы сол ұлтша ойлайды; мұның өзі сол ұлтпен іштей жақындастыра түсетін болады. Ең бастысы, басқа тілдерді білу адам мен адамды, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты жақындастыра түседі». Бұл тілді меңгеруге қатысты тіл ғалымдары айтқан пікірлердің бірсыпырасы ғана. Ал, біздің кейіпкер тіл білудің, әсіресе ағылшын тілін меңгерудің артықшылықтары дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің өркендеуіне үлесін тигізбей қоймайды дейді. Таныс болыңыз, жас полиглот, Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның 11 сынып оқушысы Фатима Мұзараф!
– Фатима, көп тілді жетік меңгеру оңайға соқпайтыны анық. Бұған көп күш жұмсау керек шығар?
– Әрине, жан-жақтылық, табандылық қажет-ақ, біріншіден. Бірақ, бүгінгі күні елімізде кез келген адам билингв, яғни екі тілде емін-еркін сөйлейді. Туған тілінде – қазақша, ресми тіл болып бекіген орыс тілін де меңгерген. Оған ешкімнің де таңданысы жоқ. Алайда, ағылшын тілін терең білуге біршама уақыт кетеді. Оның тереңіне бойлау үшін көп уақытыңды сарп етуге дайын болу керек. Сонда ғана жетік меңгеруге мүмкіндік туады. Тіл білуі барысында адамның қарым-қатынас жасау, әлеуметтену, білімін арттыру мүмкіндіктері екі-үш есеге дейін артады. Өйткені, әр тіл – өзінше бір тұтас әлем. Тіл үйрену арқылы адам жаңа бір әлемнің, әлемдік өркениеттің тағы бір ғимаратының есігін ашып, ішіне кіріп, таныса бастайды. Бірінші кезекте адамның ақпараттық, мәдени және экономикалық кеңістігі кеңейіп, таным-түйсігі арта түседі.
– Заманның талабы бірқатар тілді меңгеруді меңзейді. Ол үшін полиглот болу міндет емес шығар?
– Әрине, адам тілді түсініп, дағды қалыптастырғанда полиглот болайын деп мақсат қоймайды. Өзіне қажетті тілді меңгеріп қана шығады. Бұл тілдің болашақтағы орнын бүгіннен бағамдасақ, көп нәрсені ұғына алар едік. Қазірдің өзінде компьютерлендіру бағыты қарқын ала бастады. Оның программалау тілін өзіңіз де біліп отырсыз. Байқап отырсақ, үлкен қалаларда жасына қарамастан адамдардың тілді білуге деген құштарлығы орасан. Бұл құштарлық емес, бұл талап болып қалыптасты. Жұмысқа орналасарда да тілді білу ерекшеліктеріне баса мән беріледі. Әрине, біздің моноқалада тілдің өрістеуі, оның қолданыс аясы тар болуы мүмкін. Алайда, ертеңгі болашағын мегаполистермен байланыстыратын азамат ағылшын тілін қайткен күнде де меңгеруі тиіс болады. (далее…)