Рубрика: Разное

Наше богатство – в нашей многонациональности

Пятница, 26 Фев 2021

Первый день весны казахстанцы встретят со словом «спасибо». День благодарности – это молодой, но с очень глубоким смыслом праздник. Не стоит его путать с американским Днём благодарения, который открывает сезон перед Рождеством и Новым годом.

Эта дата выбрана неслучайно. 1 марта 1995 года была создана Ассамблея народа Казахстана. В рамках празднования её 20-летия (апрель 2015 года) Нурсултан Назарбаев предложил отмечать День благодарности в день создания АНК – 1 марта, когда «народы страны могут поблагодарить друг друга и казахов за терпимость и гостеприимство в те годы, когда многие народы были депортированы в страну».

Главная идея праздника – это укрепление общественного согласия и гражданской идентичности, общенационального единства на основе общей исторической памяти. (далее…)

Гүлсім ЕСМҰРЗАЕВА, Қалалық қоғамдық келісім Кеңесінің төрайымы: «Бұл уақыттың өзі тудырған мереке»

Пятница, 26 Фев 2021

Қазақстан РеспубликасыныңТұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 нау­рызды «Алғыс айту» күні деп жариялаған болатын. Содан бері міне, бес жыл бойы осы мереке үздіксіз аталып өтілуде. Десек те, кейбір оқырмандарымызды «Алғыс айту» күнінің маңызы неде, ол Қазақстан халқын ұйыстыруда қандай рөл атқарады, жұртшылық бұл атаулы күннің мәнін түсінді ме, деген сұрақтардың ойландыратыны да жасырын емес. Осы орайда біз Қалалық қоғамдық келісім Кеңесінің төрайымы Гүлсім Есмұрзаеваға жолығып, жоғарыдағы сауалдар төңірегінде әңгімелескен едік.

– Елімізде 1 наурыз — «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, №173 Жарлыққа қол қойған болатын.

Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасымыздың бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Осы орайда мына бір әңгімені айта кеткім келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен Шешенстан астанасы – Грозный қаласында және Аргун атты қалада іс-сапарда болғаным бар. Сол жолы қала тұрғындары Қазақстан делегац­иясына жақындап, өздерінің бір кездерде туғандарымен біздің елімізді паналағанын, қазақтардың қонажайлығын, мейірбандығын айтып, бізбен суретке түсіп, қазақ тілінде сөйлеп, мәре-сәре болды. Сондай шет жерде жүргенде өз халқымыздың биіктігін, ұлылығын, даналығын сезіндік. Өзге ұлттың қазақтарға деген ерекше құрметін сезіндік. Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Елбасымыз «Алғыс айту күні» туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн  – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын. Шынында да, бұл күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күніне айналды. (далее…)

Бала болашағына балта шаппайық

Пятница, 26 Фев 2021

Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде кезекші сыныптар арасында «Кәмелетке толма­ғандардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу» тақырыбында мектеп инспекторы С.Б.Тастағановтың қатысуымен тәрбие сағаты өтті.

14 пен 18 жас аралығындағы адамдар өте тұрақсыз, еліктегіш, сенгіш, бір сөзбен айтқанда психикасы жағынан толық жетілмеген болып келеді. Осындай өтпелі кезеңде қоғамға қарсы, моральға жат әрекеттерге, құқықбұзушылықтарға, қылмыстық әрекеттерге барып жатады. Баланың кедей отбасында туылуы, алкогольді ішімдікке салынған әкенің қолында тәрбиеленуі, санитарлық-гигиеналық талаптары мүлдем сақталмаған тұрғын-жайда, жағдайы жасалмаған жалғыз басты ананың тәрбиесінде өсуі, жағымсыз ортаның болуы, қоғамға жат бірлестіктердің құрылуы оның болашағына үлкен әсер етеді. Демек, болашағына балта шабылады. Осындай жағдайларды баса айтқан мектеп инспекторы оқушылардың мектеп жарғысына сәйкес сабақтан себепсіз қалмауы, кешікпеуі, мектеп формасын сақтауы жайына да тоқталды. Тәртіп бұзған жағдайда қандай шаралар қолданатынын атап көрсетті. Сонымен қатар, ҚР қылмыстық Кодексінің 442,435,440 баптарының 2 бөлімі бойынша кеңінен мағлұмат берді. 293 бапта көрсетілгендей кәмелетке толмаған адам жасаған ұсақ бұзақылық ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатынын жеткізді. Кездесу барысында мектеп инспекторы жалпы құқықбұзушылықтың соңы неге жеткізетіндігін, жастар болашағына елеулі зиян келтіретінін атап айтты. Ақпараттық-түсіндірме жұмысынан кейін оқушылар өз сауалдарына жауап алды.

Т.Примова,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Өмірі – өлең, өлеңі – өмір

Пятница, 26 Фев 2021

Апта басында қаламыздағы Кеншілер сарайында өткен «Поэзия менімен егіз бе едің?» аймақтық байқауы осыны тағы да дәлелдей түсті.

Өткен ғасырдың асыл мұралары қатарына жататын ақын жырларында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай болады. Әр шығармасынан қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені, өлеңнен сыр ірікпеді. Жан дүниесін ашты, құпияларын жария етті. Кіршіксіз сезімдерін өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауыша отырып жеткізді. Ақынның өзі «Егер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін» деген екен. Осыны есте ұстағанын байқаудың «Мәнерлеп оқу» кезеңінде айқын танытты қатысушылар. Туған жерге, Отанына арналған жыр маржандары төгілгенде бойымызды патриоттық сезім билеп алды. Поэзияға жан бітті. Міне, ақиық ақын мұрасының құдіреті осында шығар.

Күйзеліс пен қуаныштан, шын сағыныштан, шалқыған шабыттан туған махаббат тақырыбындағы жырлар ұлы сезімге бас идіргендей. Мән-мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен баурап, талай әнге арқау болды. «Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма, Өзегіңді дерт басып, жаншымай ма…» деген ғасыр ақынының поэзиясына жазылған әндер бүгінде қазақ музыкасының алтын қорына енді. «Сарыжайлау», «Дариға, домбырамды берші маған», «Сөнбейді, әже, шырағың», «Фариза қыз», «Сәби болғым келеді», «Есіңе мені алғайсың», «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда», «Қариялар азайып бара жатыр», «Ақ қайың», «Мен деп ойла» сияқты мәтіні мен музыкасы сәтті үйлескен тамаша әндер «Вокал» кезеңінде жас әншілердің кәдесіне жарады. Сарқылмайтын шабыт пен сағынышқа толы әндер шарықтата шырқалды. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген ақын мұрасының мәңгілік екендігі айқындала түсті. Сүйіспеншілігін осылайша танытқан ақынжанды жастар «Ақындық өнер» кезеңінде арнау өлеңдерін де оқыды. Ой мен сезім астасып, жүрек түбін жарып шыққан асыл жырлар поэзия жайлауына атбасын бұрғызды. Қазақ поэзиясының марқасқасы, өмірі өлең, өлеңі өмірге айналған таутұлғалы талант иесіне арналған байқау ерекше сезім мен сырға толы болды. Ақын өлеңдері насихатталды, сөз киесі құрметтелді. (далее…)

Заман талабы

Пятница, 26 Фев 2021

Қазіргі таңда бүкіл әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаны, отбасын қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Осы мақсатта Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің психологы Дана Ерманқызының жетекшілік етуімен арнайы тренинг-сабақ өткізілді. Онда балалармен бірлесе жұмыс жасаудың түрлі тәсілдері көрсетіліп, ортада ойларын еркін жеткізу бағытында тәжірибе алмасты. Бұдан бөлек түрлі ойын ойнатылып, бірнеше кедергілерден тең құқылы өтудің жолдары көрсетілді.

Инклюзивті оқыту. Бұл – барлық балалардың мүмкіндіктерін ескере отырып, олардың білім алуын қамтамасыз ететін үрдіс. Жаңа бағыт – оқушылардың адам құқығы туралы танымын арттырып, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, жете танып білуге үйретеді. Санаға салып сараласақ бей-жай қалдырмайтын үлкен мәселе. Инклюзивті білім беру ерекше мұқтаждықтары бар балалар мен қалыпты балаларды тең оқыту болып табылады. Демек, балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету оның негізі болып табылады. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады. Қазіргі уақытта ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс жасаудағы өзекті мәселе-инклюзивтік білім беру болып табылады.

Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады. Ал, 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді. Ерекше білімді қажет ететін оқушыларға инклюзивті білім беру үшін мектептерде психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жұмыстарын кешенді және жүйелі қалыптастыру мақсатында, ҚР-да білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мектептерде жұмыстар жүргізуде. Мемлекеттік бағдарлама негізінде мектептерді ерекше қажеттілігі бар балалар үшін көтергіш жабдықтар, пандустар, арнайы құралдар, тұтқалар, парта-үстелдермен және басқа да арнайы компенсаторлық құралдармен жабдықтау арқылы «кедергісіз аймақтар» құру жоспарланған.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Ел тәуелсіздігіне арналды

Пятница, 26 Фев 2021

Жастардың рухани, мәдени тұрғыда азамат болып қалыптасуына, кәсіби шеберліктерін шындауға, мәселені бірлесе шешуге мол мүмкіндік беретін Қарағанды облыстық «Жігер» жастар қозғалысының құрылғанына биыл 5 жыл. Осыған орай, қозғалыс өкілдері қаламызға арнайы келіп, түрлі шаралар өткізді.

Алғашқы кездесу индустриалдық колледжінің қабырғасында ұйымдастырылды. Басқосу барысында қонақтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастар қозғалысын құру алгоритмі, құжаттама жүргізу, волонтерлік бағыттары бойынша шеберлік сыныптарын өткізді. Өңірдің орта білім беретін әр колледжінен қатысқан ұстаздар шеберлік сыныбының жоғары дәрежеде өткенін айтып, ұйымдастырушыларға алғас білдірді.

– Шеберлік сыныбына қатысқаныма қуаныштымын. Мұнда ойымызды ортаға салдық, жастармен жұмыс жасаудың бірнеше қыры айтылды. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда қоғамда резенанс тудырып отырған балалардың тәрбиелік деңгейіндегі оң және теріс нәтижеге байланысты жан-жақты ақпаратқа ие болдық, – дейді Жезқазған гуманитарлық колледжіндегі жастар қозғалысының үйлестірушісі Азиза Бекмағанбетова.

Айта кетейік, шара Қарағанды облысы білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Шеберлік сыныбынан кейін шараны қамқоршылық кеңес өкілдері және ювеналды полиция қызметкерлері, дін өкілдері жалғастырды. Жастар арасында құқықбұзушылық, әлімжеттікті болдырмау, кәмелет жасына толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбы қамтылды. Бұдан бөлек, жастар тәрбиесі және олардың теріс ағымның жетегінде кетуінің салдары сөз болды. Кездесу соңында «Жігер» облыстық жастар қозғалысының басшысы Айдос Қуанышбаев жиналғандарға алғысын білдіріп, шеберлік сыныбына қатысқан мамандарға сертификат табыстады.

Алқалы басқосу одан әрі қайырымдылық іске ұласты. Қонақтар индустриялдық колледждің ұжымымен бірлесіп ел тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай «30 игі іс» акциясына белсене қатысып, жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созды. Сергей Смирновқа үйінің өртенуіне байланысты құрылыс материалдарын, Дмитрий Рудыхқа азық-түлік жиынтығын табыстады.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Біздің мектеп – Тәуелсіздік перзенті

Пятница, 26 Фев 2021

Тәуелсіздікті алғаннан кейін Қазақстанда спорт саласы бірден қызу қарқынмен дами бастады. Жекелеген спортшылар мен командалар федерацияларға, ассоциациялар мен одақтарға бірігіп, ұлттық біріншіліктерде және спорттың әртүрлі түрінен өткен жарыстарға қатысты. Осындай жаңа үрдістер Сәтбаев қаласында да сезіле бастады. Бүгін әңгімеге арқау болып отырған біздің киокушинкай каратэ мектебі де сол тәуелсіздікпен бірге түлеген спорт түрі…

Спортсүйер қауым ұмыта қоймаған шығар, 1992 жылғы Барселонадағы жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар ТМД-ның біріккен құрамасы құрамында өнер көрсетті. Ирина Герлиц әйелдер баскетбол құрамасымен Олимпиада алтынын, волейболшылар Елена Чебукина мен Татьяна Меньшова күміс медаль, грек-рим күресінен Дәулет Тұрлыханов, мылтық атудан Владимир Вохмянин қола жүлде ұтып алды. 1994 жылғы Норвегияның Лиллехаммер қаласындағы Қысқы олимпиада ойындарында қазақстандықтар тұңғыш рет өз мемлекеттік туы астында өнер көрсетті. Сол жолы тұңғыш рет Владимир Смирновтың жеңісі құрметіне олимпиада тарихында Қазақстанның мемлекеттік әнұраны орындалды. Ал, 1994 жылдың қазан айында Жапонияның Хиросима қаласында өткізілген Азия ойындары қазақстандық спортшылар үшін жеңіспен аяқталды. Ресми емес командалық есепте біздің құрама 25 алтын, 26 күміс және 26 қола медаль жеңіп алып, төртінші орыннан көрінді. Халықаралық жарыстарға қатысып, жеке және командалық табыстарға кенелген Қазақстанның үздік спортшылары өз елінің мәртебесін абыроймен қорғады. Олардың жеңістері бүкіл әлемнің назарын саясатта ғана емес, сондай-ақ әлемнің спорттық картасында да елеулі орынға көтерілген жаңа тәуелсіз елге аударды. (далее…)

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ЖЕКПЕ-ЖЕК

Пятница, 26 Фев 2021

Абай атындағы №4 мектеп-лицейде 5-8, 9-11 сынып оқушылары арасында шахматтан интеллектуалдық жекпе-жек өтті. Мектепішілік ашық біріншілік Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген додада шахмат ойынымен бастауыш сыныптардан таныс болып, жүйелі түрде ойнап келе жатқан оқушылар Сұлтан Бейсембеков, Алема Джункураева, Ерасыл Джункураев тамаша ойын өрнегін көрсетті. Тақтада қатар ойнау арқылы да ерекше әсер сыйлады. Нәтижесінде жоғарғы сыныптар арасында С.Бейсембеков – бірінші, Е.Ранов – екінші, Е.Рақымжан үшінші орынды иеленді. 5-8 сыныптар арасындағы тартыста Е.Джункураев бірінші, Р.Бурыкин екінші, Н.Апекова үшінші орынға лайық деп табылды. Білім ордасының «Абсолюттік чемпионы» атағын Алема Джункураева оқушысы сақтап қалды. (далее…)

Білікті бапкер

Пятница, 26 Фев 2021

Спортшымен тілдесе қалсақ, бапкеріне деген алғысы мен құрметін жаудыратын сәттер аз емес. Әлбетте, жеңіс тұғырынан көрінген азаматтың маңдай терімен жеткен биігі бірінші кезекте бапкер еңбегінің жемісі екені даусыз. Әр шәкіртінің жеңісі мен жеңілісінде жанынан табылатын адам да сол – бапкер. Қаламыздағы бокс мектебінің негізін қалаушы, бапкер-жаттықтырушы Есіркеп Түсіповтің есімі сол құрметке ие жандардың көш басында тұр.

Ұранды елдің ұрпағы қайсар болатыны бесенеден белгілі. Бірбеткей мінезі, қайраттылығымен талай жерде қарсыласының сағын сындырған азаматтар Сәтбаев қаласында жетерлік. Белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктірген қазақ ұлдарына тәлімін беріп жүрген Есіркеп Түсіпов көпке үлгі.

Жасы жетпіске тақап қалса да спорттан қол үзбей, жанына бала кезінен серік етіп, байрақты бәсекелерде қазақтың туын желбіретуге үлес қосқан ардагер спортшы Есіркеп Түсіпов 1954 жылы Жезқазған кентінің 18-ші ауылында туып-өсті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ жора-жолдастарымен спортқа деген қызығушылығын таныта бастады. Ол үшін бокстың орны бөлек-тін. Ауыл балаларымен жекпе-жекте ешбірін шақ келтірмей, үнемі алдыңғы орынға шығып отырды. «Шынықсаң шымыр боларсың» деген ұранмен күндіз-түні тынбай жаттығып, қатарының алды болуды мақсат етті. Алға қойған арманының орындалуына Сәтбаев қаласында «Жастар» спорт сарайының ашылуы септігін тигізді. 14 жастағы жасөспірім күнделікті жаттығудан қалмай бара бастады. Он жыл бокспен шұғылданғандығы өз нәтижесін бермей қоймады. 1973 жылы Петропавл қаласында өткен ҚР чемпионатында алпыс келі салмақта екінші орынды еншілесе, 1978 жылы Алматыда өткен ҚР чемпионатында үшінші жүлделі орынды қанжығасына бөктерді.

Мектепті тәмамдаған бозбаланың құрылыс комбинатына жұмысқа орналасып, тұрмыстың тапшылығынан еңбекке ерте араласуына тура келді. Осылайша жас баланың таудай талабына заманының заңы кедергі болып тұрып алды. Кейін уақыт өте келе алға қойған мақсатына айқын жол ашылды. Алматы қаласындағы денешынықтыру және спорт академиясында білім алды. Мұның өзі Е.Түсіповтің бағындырған белестерінің шыңы деуге әбден болады.

Сексенінші жылдан бері жаттықтырушылыққа ден қойып, ашық біріншіліктер, додалы кездесулер ұйымдастырды. Айта кетейік, оның ұстаздық мектебінде шыңдалып, тәлім алған жастардың көбі республикамыздың түкпір-түкпірінде, шет елдердегі айтулы додаларда ел намысын қорғады. Олардың қатарында Әділхан Аманкелді, Нұржан Қасқабаев, Дамир Нұрманов, Нұрлан Жақыпов, Асылбек Ахметов, Шамиль Вахитов бар.

– Спортқа баулығын алғашқы ұстаздарым – Роберт Шерезянов пен Борис Ульянов еді. Солардан үйренгенімді жалғастырып келемін. Аймағымызда бокс спортының дамуы жаман емес. Өз ісінің шеберлерін дайындау үстіндеміз. Биік шыңдарды бағындыру үшін оларға дем беріп, қолдау қажет, – дейді ардагер спортшы.

Мұнысы орынды. Қазақтың қанына сіңген қасиетін жоғалтпай, жастарды ел намысын қорғауға жетелеген Е.Түсіпов өңіріміздегі спортшылар көшінің басында тұр.

Әли МҰҢАЙТПАС.
Сурет автордікі.

Досбол МЕЙІРБЕК, қалалық мәслихаттың депутаты: «Ең бастысы ел сенімін ақтау»

Пятница, 26 Фев 2021

Жетінші шақырылған жергілікті мәслихаттар да биыл көп партиялы болды. 10 қаңтарда өткен сайлауда еліміздегі беделді деген саяси партиялар бақтарын сынады. Солардың бірі – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы. Саяси додада сақалары алшысынан түспесе де, ұпайлары өзге әріптестерінен басымдау болған ауылдықтарға Мәжіліс төрінен орын бұйырмаса да жергілікті мәслихаттарға депутат болып сайланды. Солардың бірі – Досбол Мейірбек.

– Досбол Өтешұлы, Сізді және сіз арқылы партияластарыңызды сайлаудағы жеңістеріңізбен құттықтап қойсақ.

– Рахмет. Иә, бұл «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы үшін үлкен жетістік. Бұдан да биік межелерді жобалаған едік. Доданың аты дода. Халық бізге де зор сенім артты. Біздің ендігі мақсатымыз сол артылған сенімді ақтау.

– Біз білетін Досбол Мейірбек мемлекеттік қызметте жүретін. Қала әкімдігінде әртүрлі қызметтер атқардыңыз. Бөлім басшысы болдыңыз. «Ауыл» партиясына қалай, қашан келдіңіз?

– Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат өз елінің келешегіне алаңдап, оны қалай жақсартсам, соған титтей де болса үлесімді қоссам деп ойлауы тиіс. Ойлап қана қоймай, іске де араласқаны жөн. Мен осы ұстаныммен мемкызметтен кәсіпкерлікке келдім. Шаруа қожалығын құрып, соны өрістетуге бағыт ұстандым. Қаланың, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына осылай үлес қоссам дедім.

Осы салада жүріп те мен елде болып жатқан саяси оқиғаларды назардан тыс қалдырған жоқпын. Мемлекет басшысының Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізу жөніндегі үндеуінен кейін елде саяси партиялардың қозғалысы басталды. Сайлауалды бағдарламаларын ұсынды. Солардың ішінде маған жақыны «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы болды. Партияның сайлауалды бағдарламасында ауылға бетбұрыс шынайы сезіліп тұрды. Ауылдың жағдайы, жастар мәселесі аса маңызды жүйе ретінде қаралған бағдарлама мені қызықтырды. Өзімнің кәсібім де осы ауыл шарушылығымен сабақтас болғандықтан, бағдарламаны жүзеге асыруға өз үлесімді қосуым керек деп шештім. Оның үстіне жас кәсіпкермін. «Ауыл» партиясының маған тағы бір ұнағаны – олардың өз алдарына қойған нақты мақсаттары мен міндеттерін орындауға тырысатыны, халықты тыңдай білуі және олардың түйткілді мәселелерін шешуге әрекет етуі.
Осы мақсатпен мен 2020 жылдың қазан айында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына мүше болып кірдім. (далее…)