Архив за 24 Янв 2020

Выступление Президента Касым-Жомарта Токаева на расширенном заседании Правительства Республики Казахстан

Пятница, 24 Янв 2020

Құрметті Үкімет мүшелері және жиынға қатысушылар! 

Бүгін Үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысына жиналып отырмыз.

Күні тәртібінде бірқатар өзекті мәселе бар. Алдымен өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін қарастырамыз.

Жалпы, былтыр жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік.

Атап айтсақ, экономикалық өсім 4,5 пайыз болды.

Экономиканың негізгі салаларында  өсу қарқыны байқалды.

Бұл көрсеткіштердің барлығы халықтың тұрмыс сапасына оң ықпал етеді.

Сайлау алдындағы тұғырнамада айтылған негізгі міндеттерді орындауымыз керек. Бұл еліміздің орнықты дамуына, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға зор серпін береді.

Қазір осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарды талқылаймыз.

Басты мақсат – қолда бар мүмкіндіктерді, әлеуетімізді толық пайдалану. (далее…)

Ойын алаңдары ойландыруы тиіс

Пятница, 24 Янв 2020

Соңғы уақытта қаладағы көпшілік жиналатын қоғамдық орындардың қатарын ойын алаңдары толықтырғаны мәлім. Әсіресе, қыс мезгілінде мұндай алаңдарды балалар ғана емес, ересектер де ермек қылады. Жазда футбол ойнауға, қыста коньки тебуге арналған корттар әлі күнге дейін толыққанды пайдалануға берілмеген. Алаңдардың сұрықсыз күйге түсуіне тұрғындардың салғырт қарауы, қоғамдағы кейбір дөрекі, коғамдық мүлікке зиян келтіретіндердің әрекеті себеп болып отыр. Мұндай аулалардың жай-күйі қалалық әкімшілік назарына ілікті. Өткен аптада Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина бір топ жауапты мамандар және қоғам белсенділерімен бірқатар алаңды аралап, негізгі проблемаларына көз жеткізді.

Қаладағы негізгі мектеп аумағындағы корттардың басым көпшілігі иеліксіз мүлік ретінде қарастырылып келеді. Мектеп аулаларындағы көпфункционалды 6 ойын алаңының тек біреуі ғана мектеп балансында тұр. Қазіргі уақытта сол қараусыз корттарды мектептердің иелігіне беру күн тәртібіндегі мәселеге айналып келеді. Рейд барысында аталған алаңдардың жай-күйі тексеріліп, пайдалану тәртібі пысықталды.

Қоғам белсендісі Асқар Қошанов бұл алаңдарды ретке келтіруде мектеп әкімшіліктері бірлесе жұмыс атқару қажеттігін жеткізді. Бұл орайда білім ордаларындағы әкелер кеңесінің жүргізіп отырған жұмысын сынға алды. Яғни, корттарды қалпына келтіруге, қысқы уақытта мұз айдынын дайындауға кеңес тиісінше жұмыс атқармайтынын мәлімдеді.

Рейд барысында анықталған олқылықтар қатарында корттардың жарықтандырылмауы, онда жиналатын қардың тазаланбауы болды. Айгүл Қосманқызы бұл жағдайды қалалық білім бөлімінің мамандарына қадағалауды тапсырып, сәйкесінше жұмыс атқарылуы тиіс деді. Қала әкімінің орынбасары бұл корттарды мектеп иелігіне беру құжаттамасын даярлауды жедел атқару қажеттігін мәлімдеді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Қазақтың ұлттық қазынасы

Пятница, 24 Янв 2020

2019 жылдың 30 мамырында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы жарлық шығарған болатын. Ел президентінің бастамасынан кейін ұлы ақынның мерейтойын ауқымды түрде атап өтуге жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кетті. «Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасын 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақ Ерланқызы бастап, Президентке жолдады.

Мемлекет басшысы бұл эстафетаны қуанышпен қабыл алып, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқыды. Эстафетаны одан әрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайберген жалғастырды. Мектеп оқушыларынан бастап ел азаматтарына дейін, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғалар да зор қызығушылық танытты. (далее…)

2020: бала туу көрсеткіші қандай?

Пятница, 24 Янв 2020

Кеншілер қаласында бала туу көрсеткіші жыл сайын арта түсуде. 2019 жылдың 4 маусымында шаһар тұрғындарының саны 70 мыңыншы тұрғынымен толыққан болатын. Бала туу көрсеткіші мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Өткен жылы 710 сәби дүниеге келсе, оның екеуі егіздер. Ал, 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында 3 сәби өмір есігін ашқан. Оның біреуі ұл, екеуі қыз. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді атам қазақ бекер айтпаған. Сәтбаев қаласының перзентханасына бас сұққанда көпбалалы аналармен сұхбаттасудың реті келді. Үстіміздегі жылдың 15 күнінде 27 нәресте туылған. Жас босанған ана Сандуғаш Досанова алтыншы қызын өмірге әкеліпті.

– Қыздардың артынан ұл күткен болатынмыз. Дегенмен, аяқ-қолы сау сәби бергеніне Аллаға мың шүкір дейміз. 3,780 салмақпен туылған сәбиіміздің есімін Аяла деп қойдық. Бүгінгі таңда көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан қолдау көптеп көрсетілуде. Мұнымен шектелмей одан әрі ұлғая берсе, біз де халық санын көбейтуге үлесімізді қоса береміз. Балалардың несібесі болар, өткен жылдың соңында 4 бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Жас аналарға көп балалы болудан қорықпаңыздар дегім келеді, – деген оның сөзін шекесі торсықтай ұл тапқан Гүлнара Есқалиева жалғастырды. Бесінші сәбиін құшағына басқан Гүлнара 13 қаңтар күні сағат 11-30-да босаныпты.

– Отбасымыздың атұстарын дүниеге әкелдім. Баламның да, өзімнің де денсаулығымыз жақсы. Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, жәрдемақы алып отырмыз. Әлі де бала санын арттыруға өз септігімді тигіземін. Бастысы дені сау ұрпақтың өмірге келгендігі, – дейді ол. (далее…)

Волонтерлік – жанның қалауы

Пятница, 24 Янв 2020

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылды Волонтерлар жылы деп жариялағаны мәлім. Волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстан еріктілер қозғалысына қаншалықты үн қоса алады? Жалпы ерікті болу дегенді қалай түсінеміз? Еріктілік тек жастардың еншісіндегі іс пе? Осы сұрақтарды бұған дейін жастар ресурстық орталығы болып аталып, биылдан бастап Сәтбаев қаласының қоғамдық даму және жастар орталығы ретінде қайта құрылған ұйымның жаңа басшысы Амангелді Құрақбайға қойған болатынбыз.

– Амангелді Қайратұлы, сізді алдымен орталықтың басшылығына келуіңізбен құттықтаймыз. Бұған дейін тек жастармен, олардың мәселелерімен айналысқан орталықтың ендігі бағыты қандай болмақ?

– Рақмет! Алдымен айтарым, орталықтың атауы ресми өзгергенімен негізгі бағыты жастармен жұмыс істейтін орталық болып қала береді. Тек ауқымы кеңейеді. Бұрын діни кеңес беру орталығы жеке дербес орталық болатын, қазір бұл сала да орталық жанынан бөлім негізінде жұмыс жүргізетін болады.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы жылды арнайы Волонтерлар жылы деп жарлықпен бекітті. Жалпы ерікті болу дегенді қалай түсінеміз?

– Волонтерлік қозғалыс әлемнің дамыған елдерінде үлкен маңызға ие азаматтық институт ретінде қалыптасып үлгерген. Яғни, қандай да бір материалдық құндылық игеруге бағытталмаған, тек жанашырлықпен жаныңдағы мұқтаж адамға жақсылық жасау, қолұшын беру деген сөз.

Волонтер болу дегеніміз риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау, төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да әсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, қолынан келгенше сүйеу бола білу деген сөз. Ол екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ерікті волонтерлер болу үшін адамдарға ниет білдіру, жаны ашып, есіркей білу, ашуды ақылға жеңдіре білу, командада жұмыс жасай білу ғана емес, адалдық, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттерді қажет етеді. (далее…)

Дарынды Диас

Пятница, 24 Янв 2020

Таяуда қаламыздың жас өнерпазы Диас Хамит Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Майра Ілиясова ұйымдастырған «Жұлдыз болғың келсе» атты республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер байқауында топ жарып, жарыстың Бас жүлдесін қанжығасына бөктеріп келді. Дүйім жұртты өнерімен тамсантып келген талантты өренмен өзі тәрбиеленетін Оқушылар сарайында жүздесудің сәті түсті.

– Арман-мақсаттарым айқындалып келе жатыр. Шынайы өнердің құдіретті екендігін, Абай атамыз айтпақшы «құлақтан кіріп, бойды алатын» есті әннің киелігін санамызға сіңіріп келеміз. Кішкентай кезімнен-ақ әнге деген ықыласымды ата-анам байқап, мектепішілік жарыстарға қатыстырды. Төртінші сыныпта іргелі өнер ордасы Оқушылар сарайының «табалдырығын» аттадым. Міне осында төрт жылдай вокал үйірмесінде, Мадияр ұстазымның арқасында талабымды шыңдап келе жатырмын, – дейді өнерлі бала.

Диас қазір 13 жаста. Жас та болса, жеке дара еңбегі мен таланты арқасында тау қопарарлықтай талабымен өнерсүйер жұртты тәнті етіп жүр. Қаламыздағы №19 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы шаһарда ұйымдастырылып жатқан концерттік шаралардан қалыс қалмайды. Жеткіншек мұның өзін қабілетті шыңдауға көмек беретін мүмкіндік деп біледі. Диас қазір елдікті насихаттайтын, елдің рухын тіктейтін әндерге басымдық беруде. Республикалық байқауларда үлкен жетістікке жетуіне де осы сипаттағы әндердің ықпалы зор дейді өзі. Таяуда ғана ел астанасында өткен өнер додасында «Туған жер» әнін орындап, көрерменнің де, қазылар алқасының да көңілінен шыға білді.

– «Жұлдыз болғың келсе» байқауы қаңтар айының 7-8 аралығында өтті. Диас жарысқа жолдама алған соң, қызу дайындықты бастап кеттік. Еліміздің әр өңірінен шын мықтылар жиналғанын жарыс алдында байқадық. Алайда, еңбегіміз еш кетпеді. Диас сахнада мүдірмей әнін орындап шықты. Қазылар да тәнті боп отырғанын аңғардық. Конкурстың қорытынды гала-концертінде қатысушылар танымал әншілермен бірге ән шырқады. Жарыс соңында Майра Ілиясованың өзі Диасқа «Жұлдыз бол! Бағың жансын!» деп ақ батасын беріп, маған да шынайы ризашылығын білдірді. Бұл кезде етіп жатқан еңбектің еш кетпегеніне, шәкірттеріңнің сеніміңді ақтауына іштей қуанасың. Болашақта Диас музыка саласында ойып тұрып орын алатын үлкен әнші болатынына сенемін. Бастысы, еліміздің абыройлы азаматына айналғай, – дейді ұстазы, «Жаңа жұлдыз» вокал үйірмесінің жетекшісі Мадияр Құлашев. (далее…)

Парасат партадан басталады

Пятница, 24 Янв 2020

Өткен аптада қаламыздағы білім ордаларында облыстық білім басқармасының тапсырмасына сәйкес парасаттылық сабақтары өткізілді. Оқушыларды жемқорлық атаулыдан жирендіру, әділдік, адалдық, адамшылық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған тәрбие сағаттары түрлі шаралар негізінде өрбіп, адамгершілікке жат әрекеттер туралы түсінік қалыптастырды. Сондай ілкімді істер №1 мектеп-гимназиясында да көрініс тапты. (далее…)

«Мен таңдаған өмір»

Пятница, 24 Янв 2020

Осындай атаумен Сәтбаев қаласының орталықтандырылған кітапхана жанынан ашылған коворкинг орталығында жас мамандардың қатысуымен психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Жиын тыңдаушылардың психикалық көңіл-күйін көтеру, шығармашылық қабілеттерін бағалауға ұмтылдыру, психологиялық темпераментін анықтау мақсатын меже тұтты. Тренингте жаттығулар мен ойындар өткізіліп, психологиялық портреттер түзілді.

Психология адамның мінез-құлқын зерттейтін ғылым ретінде белгілі. Яғни, жеке адамның психикасы мен сан алуан сезімін сыртқы ортамен өзара әрекетін саралайды. Бүгінгі заманда қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар, адамдардың басқа түскен қиыншылыққа төзбей, өмірден баз кешіп өз-өзіне қол жұмсауы жиілеп кеткенін жиі естиміз. Әлбетте, бұл орайда психология ішкі түйсікті тануға көмекке келетіні мәлім. Қазіргі уақытта адамдардың психологиялық кітаптарға жиі үңілуі, мамандардың қабылдауына жазылуы бұл ғылымның үлкен маңызға ие екендігін көрсетіп отыр. (далее…)

Абайды ұлықтау – елдігімізді ұлықтау

Пятница, 24 Янв 2020

Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы тойланбақ. Осынау торқалы тойға күллі Қазақстан қызу әзірлік үстінде. Әсіресе білім беру мекемелерінде түрлі іс-шаралар жоспарланып, тіпті, басталып та кетті. Жуырда біз қалалық білім бөлімінің әдіскері Құралай Жарылғаповаға жолығып, қала мектептерінде Ұлы Абайдың 175 жылдық торқалы тойына орай өткізілетін, өткізіліп жатқан шаралар туралы әңгімелескен едік.

– Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақаласында Мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәселені қозғады. Ең негізгісі – ХХІ ғасырдағы Қазақстан Абай тағылымынан қандай өнеге, ақын мұрасынан қандай ғибрат алу керектігіне назар аудартты. Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы екенін ескерсек, осы мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы датаны атап өтудің жалпыұлттық бағдарын да айқындап берді.

Жалпы, ақын Абайдың, хакім Абайдың 175 жылдығы елімізде өткен жылы-ақ басталды деуге болады. Барлық аймақтарда Абайдың өлеңдерін жатқа айту эстафетасы белең алды. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі бастады. Бұл үрдіс әлі жалғасып жатыр. Біздің қаламыз да бұдан қалыс қалған жоқ. Оқушыларды айтпағанда білім беру мекемелерінің басшыларының өзі осы эстафетаның бел ортасында жүр. Ал, биыл Жезқазған қалалық білім бөлімінің басшысы Жеңіс Әлмағамбетов эстафетаны біздің басшымыз Берік Базылұлына табыстады.

Ал, енді қала мектептеріне келер болсақ, ақын тойына дайындық жаңа оқу жылының басында-ақ қолға алынды. Мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің басын қосып үлкен жиналыс жасадық. Жиында әр мектептің мұғалімдері өздерінің ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтып, әр мектепке лайықты жоспар жасалды. Жоспар ауқымды. Күнделікті сабақ тақырыбынан тыс та іс-шаралар бар. Олардың тақырыптары да әр алуан. Қойылымдар, ашық сабақтар, поэзия кештері, тағы басқалары. Ең бастысы – Абайдың шығармаларын тереңдете үйрену. Биылғы жылғы тағы бір ерекшелік – Абайды оқытуды Абайды танытуды бастауыш сыныптардан бастау. Бұл бұрын болмаған. Қараша айында 3-4 сыныптар арасында Абай оқуларының бірінші кезеңі өтті. Оның шарты мен талаптары бастауыш сыныптарға лайықталып жасалды. Сонда байқағанымыз бұл істі ерте қолға алу керек екендігі болды. Бастауыш сынып оқушыларының өзі Абайдың өлеңдерін мүдірмей жатқа айтып жатқанда, шын сүйсіндік. Байқауда 34-35 өлең жаттаған оқушылар болды. Ең төмен дегені 18 өлең жаттапты. Бұл – үлкен жетістік. Абайдың өлеңдерін оқушылар 3-4 сыныптан осылай жатқа айтып жатса Абай мұралары ешуақытта өлмек емес. (далее…)

Шәкіртақы 25 пайызға өсті

Пятница, 24 Янв 2020

Студенттер осы айдан бастап ұлғайтылған көлемде стипендия алады. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке бакалавриат, магистратура, докторантура мен колледжде оқитындардың шәкірт-ақысын 25 пайызға өсіруді тапсырған болатын. Бұл жалпы 130 мыңға жуық адамды қамтып отыр.

Сонымен, кім, қанша алады? Бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы осы айдан бастап 20 949-дан 26 186 теңгеге өссе, магистранттардікі 53 530-дан 66 913 теңгеге жетті. Ал, докторантурадағылардікі 81 998-ден 102 498 теңгеге көтерілді. ЖОО-да оқитындардың ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы жастардікі де 25 пайызға еселенді. 2016 жылдан бері студенттердің шәкіртақысы өспегендігін ескерсек, жағымды жаңалықтың барлық студентті қуантқаны жасырын емес. Тек кәсіби білім алып жүргендердікі ғана былтырғы жылдың қыркүйек айында 30 пайызға үстемеленді. Сәтбаев Индустриалдық колледжінің екінші курс студенті Нұрдәулет Хамит те биылғы жылғы жақсылықтан құр қалмағандардың қатарында.

– Бұл менің отбасым үшін үлкен көмек болды. Осындай әлеуметтік қолдау білімге ынталандырады, – дейді ол.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.