Архив за 05 мая 2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады

Вторник, 05 мая 2020

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы, Сіздің Президент ретіндегі алғаш­қы сұхбатыңыз былтыр «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған еді. Ең алды­мен, қазіргідей күрделі кезеңде ой-тол­ғамдарыңызды тағы да біздің га­­зе­тіміз арқылы оқырманға жеткі­зуге келісім бергеніңіз үшін алғыс білді­реміз.

– «Егемен» – елдің үні, ұлттың мінбері. Қазақ тарихының жүз жылдық жылнамасы. Сондықтан бас басылым арқылы ел-жұртпен тілдесудің маңызы зор.

– Ендеше, сұхбатты бастайық. Өткен аптада коронавирус індетіне қатысты мәлімдеме жариялап, жұрт­шылықты толғандырған көптеген мәселені ашық айттыңыз. Осыған дейін де телевизия арқылы үндеу және мәлімдеме жасаған болатынсыз. Жалпы, еліміздің қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз? Бұдан кейінгі бағыт-бағдарымыз қандай болмақ?

– Пандемия бүкіл әлемнің қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етті. Індеттің салдарынан дүние жүзінде экономикалық белсенділік күрт төмендегенін көріп отырсыздар. Шикізат бағасының құлдырауы экономикалық жағдайды қиындататыны анық. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім едәуір төмендейді. Әрине, мұндай дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтіру оңайға түспейді. Шұғыл әрекет етпесе, әлемдік рецессия күрделене бермек. Сондықтан шамасы жететін елдер өз азаматтарына қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар жүргізуде.

Біз Қазақстанда төтенше жағдайды дер кезінде жарияладық. Осындай шаралардың арқасында вирустың жаппай таралуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырмыз. Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан  азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды. (далее…)