Қадірменді мұсылман бауырлар, құрметті жерлестер!
Пятница, 31 Июл 2020Сіздерді әлемдегі барша мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Бүгінгі Құрбан айт мерекесі – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын ұлық мереке.
Құрбан айт мерекесі – қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен мейрамдардың бірі. Себебі, дана халқымыз отбасы мен ағайын-туысты, жақындарды құрметтеп, бауырмашылдықты ту еткен. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет таныта білген. Яғни, ізгілік нұрын себу, мұқтажға көмектесу ежелден-ақ қанымызға сіңген абзал қасиеттер. Сондықтан исі мұсылманның Құрбан айт мерекесі мемлекетімізде үлкен құрметке ие, әрі ұлттың ынтымағын арттыруға үлес қосып келеді. Бұл мерекенің басты мәні – сыйластықты арттыру, жақсылық жасау, сыйлық сыйлау, мұқтаждарға көмектесу. Осы мерекеде ізгі амалдар жасап, құрбандық шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесу, науқас жандардың көңілін сұрау сауапты іс екенін баршамыз білеміз. Құрбан шалу кісіні шүкіршілік пен тәубаға, аманатқа, адалдық пен сертке беріктікке шақырады.
Биылғы Құрбан айт елдегі пандемияға байланысты біраз өзгешеліктермен аталып өтпек. Қазақстан Мұсылмандары діни Басқармасы биыл алғаш рет қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осыған байланысты арақашықтықты сақтап, карантин режимін бұзбауларыңызды сұраймыз.
Қымбатты жерлестер!
Ұлық мереке құтты болсын! Әрбір шаңыраққа шалқыған шаттық, баянды бақыт, отбасыларыңызға береке тілейміз. Құрбан айт мерекесінде жасаған барлық ықылас-ниеттеріңіз қабыл болсын!
А.Ыдырысов, Сәтбаев қаласының әкімі.
Т.Хмилярчук, қалалық мәслихат хатшысы.