Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуіне орай, алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін болды. Бұл сайлаудың бұрнағы сайлауларға қарағанда ерекшелігі аз емес. Сәтбаев қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Гүлсім Есмурзаевамен әңгімеміз осы ерекшеліктер төңірегінде өрбіді.
– Гүлсім Пазылқызы, Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбеге сәйкес саяси науқан басталды деп айта аламыз ба?
– Иә, солай десек болады. Биылғы жылдың қараша айының 10-нан бастап сайлау процесінің жаңа кезеңі басталды. Ол – барлық деңгейдегі депутаттыққа кандидаттарды ұсыну және тіркеу. Бұл өз кезегінде демократиялық принциптердің бірден бір бастысы болып табылатын баламалы сайлау өткізуді қамтамасыз етеді.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.
Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі әр саяси партияның жоғары органының шешімімен бекітіледі және Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
– Сонымен, үміткерлерді ұсыну және тіркеу басталды. Ал ол қай уақытта аяқталады?
Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну 30 қарашада аяқталады. Жасы 25 ке толған, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан адам Мәжіліс депутаты бола алады.
Облыстық және жергілікті деңгейдегі депутаттыққа кандидаттарды партиялық тізімге орналастыру тәртібі саяси партияның тиісті филиалының жоғары басшы органының шешімімен айқындалады және тиісті аумақтық сайлау комиссиясына жіберіледі. Партиялық тізім бойынша сайланатын мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі 4 желтоқсанда аяқталады. Қазақстан Республикасының 20 жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады.
Партиялық тізімдерді тіркеу биылғы жылдың 10 желтоқсанында аяқталады. Тіркеуден кейін депутаттыққа кандидаттардың партиялық тізімдері БАҚ құралдарында жарияланады. Партиялық тізімдерді ұсыну мен тіркеу тәртібі осындай. (далее…)