Nur Otan партиясының сайлауалды штабы құрылды
Пятница, 11 Дек 20202021 жылдың 10 қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттығына үміткерлерді сайлау өтетіні белгілі. Еліміздегі ауқымды саяси науқанға қатысушы партиялар бүгіннен бастап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді бастады. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясының Сәтбаев қалалық филиалында сайлауалды штабтың алғашқы отырысы өтіп, жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру толыққанды түсіндірілді.
Еліміздегі мүшесі жағынан саны басым саяси күшке ие «Nur Otan» партиясы осыдан бірер ай бұрын алғаш рет праймериз, яғни партияішілік сайлау өткізгені мәлім. Осы арқылы көпшіліктің сеніміне ие болып, бұл партия жұмысына жаңа жігер берген еді. Праймериз сайлауынан соң жаңа есімдер анықталып, саяси ұйымның серпіні артты деуге толық негіз бар. Еліміз үшін маңызы зор сайлауда «Nur Otan» Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып, партия мен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтуға ынталы. Күні кеше ғана өткен партияның республикалық сайлауалды штаб отырысында штаб басшысы Бауыржан Байбек бұқаралық іс-шаралардан нақты бағдарланған жиындарға көшу қажеттігін айтып, үгіт-насихат науқанының басты қағидасы тұрғындармен тікелей және шынайы диалог орнатуға негізделуі тиіс деп мәлімдеді.
«NurOtan» партиясының Сәтбаев қалалық филиалында өткен сайлауалды штаб отырысында үгіт-насихат кезеңіне сай сайлаушылармен кездесу кестесі нақтыланды. Қоғамдық пікір көшбасшылары, партия белсенділері мен филиал аппаратының қызметкерлерінен құралған штабқа 13 адам кірді. Жиын кезінде штаб басшысы Қайрат Балмағамбетов штаб мүшелеріне негізгі міндеттерді атап, сайлаушыларды толғандырған мәселелерін нақты талқылап, оларға партияның сайлауалды бағдарламасын қарапайым әрі түсінікті жеткізу қажет екенін ескертті.
– Бүгіннен бастап сайлаудың үгіт-насихат кезеңі басталды. Алдағы атқаратын жұмыстар ауқымды. Қазір үгіт-насихат жоспары және сайлаушылармен кездесу кестесі әзірленді. Науқанға партия жақтастары белсенді атсалысуы керек. Бұл орайда «JasOtan» еріктілері көмекке келеді. Үгіт-насихат барысында нақты әлеуметтік топтар – кәсіпкерлер, жұмысшылар, мұғалімдер және дәрігерлермен кездесу көзделген. Пандемияны ескере отырып, қарқынды әрі нақтылы жұмыс жүргізу қажет, – деді штаб басшысы.
Бүгінгі күні партияның қаламыздағы филиалында үш мыңға жуық мүшесі бар. 13 бастауыш партия ұйымы тіркелген. Праймериз сайлауынан соң жергілікті мәслихат депутаттығына үміткер 24 азаматтың тізімі бекітілді. Ал екі азамат Қарағанды облыстық мәслихат депутаты болуға үміткер ретінде тіркелді.