Берік Уәли: Ауыр жыл болғанымен, ауқымды іс атқарылды
Понедельник, 28 Дек 2020Бүкіл әлемнің тынысын тарылтып, өкпесін қабындырған биылғы жылдың да жал-құйрығы күзелетін кезге келдік. Ел де, елге тұтқа азаматтар да үлкен сынақтан өтті. Жаһанды жүрісінен жаңылдырған індет кезінде мемлекет нақты қандай әрекет жасады? Президент қандай шешімдер қабылдады? Осындай күрделі, қиын-қыстау кезеңде атқарылған жұмыстардың жай-жапсары, ауқымы жайында Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәлимен сұхбаттасқан едік.
– Берік Уәлиұлы, биыл адамзат баласы ең қатерлі індетпен күрескен қауіпті жыл ретінде тарихта қалайын деп тұр. Коронавирус жекелеген адамдардың тұрмыс-тіршілігі түгілі, тұтас мемлекеттердің дамуына кері әсер етіп, әлемді саяси және экономикалық дағдарысқа әкеп тіреді. Президент пандемияға қарсы күресте қандай бағыттарға басымдық берді?
– Расында, бұл жыл тұтас адамзатты тығырыққа тіреген, жер-жаһанды бір тарының қауызына сыйдырып жібергендей әбігерге түсірген, өте бір ауыр жыл болды. Адамзат көзге көрінбейтін «жаумен» алысып, майдан даласында онымен қалай күресерін білмей, біраз абдырады. Сондықтан 2020 жыл әлемнің бір бөлшегі Қазақстан үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен дертпен күресте біздің мемлекет те ұтымды шешім қабылдай алды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы коронавирус індетінің өршіп, тез таралуына байланысты халыққа Үндеу жариялап, елімізде 30 күндік төтенше жағдай енгізіп, алғашқы толқынның алдын алғаны сөзімізге дәлел бола алады. Мемлекет басшысы індеттің салдары ауыр болатынын, онымен қатаң тәртіп арқылы күреспесе болмайтынын алғашқылардың бірі болып айтып, соған сәйкес тиісті шаралар қабылдады. Солайша, дер кезінде қатаң карантин жарияланып, сақтық шараларын сақтаудың арқасында эпидемияның белең алуына жол берілмеді. (далее…)