Есеп тікелей эфирде беріліп, сауалдар онлайн қойылды
Пятница, 12 Фев 2021Сәрсенбінің сәтінде Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов «Ақшам» телеарнасының тікелей эфирінде тұрғындарға есеп берді. Тікелей эфир әлеуметтік желі арқылы көрсетіліп, сәтбаевтықтар онлайн түрде сауалдарын қойды.
Қала әкімі өткен жылдың кеншілер қаласы үшін күрделі жыл болғанын атап өтті.
– 2020 жыл күллі әлем үшін күрделі сынақ жылы болды. Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Сын сағатта тұрғындар бір-біріне қолдау көрсетіп, береке, бірлікті сақтады. Қиын күндері індетпен күрескен еріктілердің, медицина мамандарының, полиция мен әскери қызметшілердің, кәсіпкерлердің, қарапайым қала тұрғындарының еңбегін ерекше атап өту керек. Олар ешқандай мақтау, марапат күтпестен, адам өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерін салды. Еріктілер күндіз-түні дамыл таппай, ауруханаларға оттегі баллондарын, дәрі-дәрмек тасыды. Біз мейірімді, қарапайым, адамгершілігі мол сәтбаевтықтардың арқасында қиындықты бірге еңсердік.
Бұл сынақ бізге үлкен сабақ болғанын да айта кету ләзім. Індеттің ықтимал екінші толқыны кезінде қала жұртшылығы тағы да қиын жағдайда қалмас үшін қаламыздағы бірқатар емдеу мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылды. Ауруханаларға компьютерлік томограф, цифрлық флюорография аппараттары орнатылды. Перзентхана мен инфекциялық ауруханаға өкпеге жасанды жел беру үшін арнайы оттегі орталығы жасақталып, оттегі палаталарға құбыр арқылы жеткізілді.
Ел игілігі, тұрғындар денсаулығы үшін жасалатын мұндай жұмыстар қаламызда жалғасын тауып жатыр. Соның бірі де бірегейі үстіміздегі жылы құрылысы басталатын 50 орындық модульдік орталық. Бұл заманауи аурухана «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп жасалған жобаның нәтижесі.
Жалпы, пандемия мен шектеу шаралары туындатқан қиын жағдайға қарамастан, қалада жағымды жаңалықтар көп болды. Облыстан, республикадан болған қолдаудың нәтижесінде кеншілер қаласын көркейтуде үлкен жұмыстар жүргізілді, жолдар жөнделіп, аулалар абаттандырылды. Өңір басшысының қолдауымен бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады, – деді Асқар Ыдырысов өзінің есебінде .
Қала басшысының айтуынша, былтыр 69 аз қамтылған отбасыға тұрғын үй көмегі көрсетілсе, аз қамтылған санаттағы 39 азамат жұмысқа орналастырылған, 4 көп балалы отбасыға 140 мың теңге көлемінде біржолғы қаржылық көмек көрсетілген.
2020 жылы 270 көпбалалы ана қалаішілік маршруттарда қоғамдық көлікті тегін пайдалану құқығымен жол жүру билеттерін алды. Айта кету керек, көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетілуде. Жыл басынан бері әкімдіктің, «Қазақмыс» корпорациясының, түрлі қайырымдылық қорларының күшімен көп балалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында 50-ден астам пәтер берілді. «Нығмет» қоғамдық бірлестігі шағын орталығында мүмкіндігі шектеулі 70 балаға психологиялық, педагогикалық, медициналық, әлеуметтік даму сипатындағы түрлі қызмет түрлері ұсынылуда. (далее…)