Шеткі аймақтардың шырайы кіреді
Пятница, 19 Фев 2021Ел ауызекі «низ» атап кеткен шаһардың шеткі аймағын абаттандыру биыл қолға алынатын болды. Бұл жайлы қала әкімі Асқар Ыдырысов жуырда ел алдындағы есебі кезінде айтты.
Жалпы, қаланың шеткі аймақтарын дамыту жайы күн тәртібінен түскен емес. Көрпесіне қарай көсілетін әдетпен қаржының көлеміне қарай азды-көпті жұмыстар бұл аймақтарда жылда жасалып жатыр. Әрине, тұрғындардың талабын бұл істер толық қанағаттандыра алмай отырғаны жасырын емес. Осы күндерге дейін шеткі аймақтардың инфрақұрылымына байланысты көптеген сын да айтылып келеді. Әкімдіктің өзінде бұл мәселе бірнеше мәрте қызу талқыланды. Оған «төменгі» аймақ тұрғындарының «әлеуметтік маңызы бар нысандар, балалар ойын алаңдары мен скверлер тек орталықта шоғырланған, мұндай жаңашылдықтардан шеткі аймақтар үнемі шет қалып жатады» деген өкпе-назы негіз болуда. Жуырда өткен қала әкімінің ел алдындағы есебі кезінде осы сауал қайыра бас көтерген еді. Осы орайда шаһар басшысы қаланың шеткері аймақтарының да шырайланатынын айтты.
Жолдар жөнделіп, алаңдар салынады
Өткен жылы қала жолдарын жаңғырту кезінде қаланың шеткері аймақтарына қарасты бірқатар көшелердің жолдары жобаға келіп қалды. Біраз жерге асфальт төселді. Спортпен айналысуға арналған арнайы алаңдар салынды. Десек те, бүкіл мәселе шешімін тапты деп айтуға әлі ерте. Абаттандыру, көгалдандырумен байланысты проблемалар бар. Сол проблемаларды шешу биылғы жылдың еншісіне тиіп отыр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, жер аяғы кеңіген соң қаланың Ұлытау, Қалмағамбетов көшелеріндегі жолдар жөнделмек. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілетін бұл жұмыстар шеңберінде бұрынғы 4 сквер жаңғыртылып, жаңадан заманауи үлгідегі скверлер ашылмақ. Көшелерге шамдар орнатылып, аяқжолдар салынатын болады. Көгалдандыру жұмыстары, балалар алаңдарын орнату, демалыс орындарын жабдықтау, урналар қою сияқты жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады дейді бөлім мамандары. (далее…)