Архив за 23 Июл 2021

«Алтын белгі» иегері атанды

Пятница, 23 Июл 2021

С.Сейфуллин атындағы гимназия түлегі қаламыз бойынша ҰБТ-дан жоғары балл жинады. Биылғы жылы жаңа форматта өткен ұлттық бірыңғай тестілеуде оза шапқан жас дарынның алға қойған мақсаты айқын.

Мәди Рахым бірінші сыныптан бастап үздік оқушылардың қатарында болды. Сапалы білім алу жолында қажырлы еңбектенген түлектің бүгінде бала күнгі арманы орындалып, «Алтын белгі» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 129 балл жинаған Мәдидің өзі ата-анасының ұдайы қолдауының арқасында бүгінгідей оң нәтиже көрсеткеніне қуанышты. Жас талапкер үлкен өмірге қанат қағу жолында әкесінің қолдауы басымырақ болғанын және қандай таңдау жасаса да үнемі жанынан табыла білгенін айтады.

Бүгінде Мәди тәмәмдаған оқу ордасы С.Сейфуллин атындағы гимназияның мұғалімдері, сынып жетекшісі оның барлық сабаққа бейім болғанын және мектептің қоғамдық жұмысына да белсенді араласқанын жеткізді. Бала күнінен алғыр болған шәкірттерінің қай салада жүрсе де, сапалы мамандық иесі болатынына сенеді.

– Сондай-ақ, Мәди мектеп бағдарламасынан тыс әдебиеттерге де құштарлығымен таңғалдыратын және ағылшын тілінде де еркін сөйлеп, ойын жақсы жеткізеді. Оның үстіне байсалды мінезімен ерекше. Сондықтан мықты дипломат шығар еді, – дейді сынып жетекшісі Меруерт Байкісі.

Жарқын болашаққа нық қадам басуға талпынған білімге құштар жас Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенті атануға ниетті. Аталмыш университеттің мұнай-газ саласы бойынша факультетінде оқуды ойға алған. Сәтбаев қаласының мақтанышы атанып, ата-анасының үмітін арқалаған азаматқа біз де мол табыс, жарқын болашақ тілейміз.

Еркеназ ШОҚАН.
Суреттер автордікі.

Ауырғандардың бәрі екпе салдырмаған

Пятница, 23 Июл 2021

Қаламызда коронавирус инфекциясы оң нәтиже берген сырқаттардың бәрі вакцина салдырмаған. Сәтбаев қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзина осылай деп мәлімдеп отыр.

Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша соңғы күндері шаһарда індетке шалдыққандар саны күрт өсіп отыр. Өткен бір тәуліктің өзінде 32 адамнан ПЦР оң нәтиже берген. Олардың қатарында жұмысшылар мен зейнет жасындағы кісілер, қызметкерлер мен отбасы-ошақ қасындағылар және балалар бар. Тіпті бір жүкті әйел Жезқазған қаласындағы перзентхананың арнаулы орталығында жатыр.

– Сырқаттармен тығыз байланыста болған адамдардың қатары да тым көп. Бүгінгі күні 719 адам оқшауландырылып отыр. Мұның сыртында ауырып емделіп шыққан 462 адам үй жағдайындағы крантинге алынған. Олардың 221-і симптомсыз, – дейді Гаухар Шәріпқызы.

Басқарма басшысы індетке шалдығу өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда да көбейіп тұрғанын айтады. Мәселен, былтыр осы уақытта 846 адам індеттің ілмегіне ілінсе, биыл бұл көрсеткіш 1271 адамға жеткен.

– Мұның бәрі қала тұрғындарының сырқатқа салғырт қарауынан болып отыр. Сақтық шараларын сақтау деген мүлдем ұмыт қалды. Көпшілік жиналатын орындарда бетпердесіз жүре беретін болды, – дейді ол қынжыла отырып.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы берген ақпаратқа қарағанда бүгінгі күні 176 адам стационарлық емдеу орындарына орналастырылған. Оның 65-і туберкуллезге қарсы диспансердегі емханада жатса, 5 адам медициналық клиникадағы ауруханаға, 105 сырқат Жезқазған қаласындағы модульдік орталыққа жатқызылған. (далее…)

Жарқын әсер алуда

Пятница, 23 Июл 2021

Биыл Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы. «Кітаппен өткен жаз қызық» акциясы аясында Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханасында оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Өзің оқы,өзгеге ұсын» тақырыбында буккроссинг сөресі, «Ашық аспан астындағы оқу залы», «Өзіңді тексер» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды.

«Қазақстан» спорттық сауықтыру кешені алаңқайында, «Абай» аллеясында, Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайы алдында жастардың жазғы демалысын тиімді өткізу және кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатындағы шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Жазғы демалыс – балалардың адамгершілік қасиеттерін, олардың рухани баюын дамытатын уақыт. Жарқын әсер алатын, шығармашылық жаңалықты белсенді танитын кез.Сонымен бірге жаз қызықты ойындардың, жарыстардың, мерекелердің уақыты. Осы кезде біздің оқырмандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру кітапхана жұмысының ажырамас бөлігіне айналады.

Кітапханаға мектептердің жазғы лагерьінде демалушы балалар саяхатқа келді. Балаларға кітапхана ережелері туралы жалпы мағұлматтар берілді. Кітап көрмесіне қойылған жаңа әдебиеттер таныстырылып, білім әлеміне саяхат жасадық. Балаларға қордан жинақталған топтамаларды да ұсындық. Ең қызықты ертегілер, сансыз сұраққа жауап беретін энциклопедиялар мен көркем суретті балалар кітаптары ұсынылды. Буккроссинг сөресіне әр жанрда оның ішінде көркем әдебиеттен көптеген кітаптар қойылды. Серуендеп жүрген тұрғындар өздеріне ұнаған кітаптарын тауып алып жатты. Оқып болған кітаптарын кітапхана қорына тапсыратындарын айтты. Жалпы буккроссинг сөресіне 40 кітап қойылып,таратылды. Кубик лақтыру арқылы қорапта жасырылған кітап авторын тауып, шығармадан шағын үзінді оқу ойыны қызықты өтті.Кітапхана жазғы демалыс уақытында кітап оқитын орталық қана емес, шығармашыл топтардың демалыс орны болып отыр.

А.Сарина,
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

Игі бастама қуантты

Пятница, 23 Июл 2021

Абай көшесінің бойында орналасқан «Нұртай» дүкенінің иелері игі бастама өткізді. Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған науқан қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

«Нұртай» азық-түлік дүкені ұдайы қайырымдылық іс-шаралардың ортасынан табылады. Дүкен иелері жұма күнінің құрметіне орай, Түркістан облысынан жеткізілген отандық қарбыздарды тегін таратып, елдің сауабын алуға тырысты. Таңғы сағат 9:00-ден бастап іске кіріскен кәсіпкерлер қарбыздың 250 данасын тегін үлестірді.

«Нұртай» азық-түлік дүкенінің қызметкері Талғат Батырәли игі бастама алдағы уақыттарда да жалғасын табатынын, әр апта сайын «Жұма» намазына дейінгі уақытта елдің ризашылығын алуға тырысатынын айтты.
Өткізіліп жатқан сауапты бастамаға отбасымен келген Ақмарал Оспанова мұндай игі жұмыстар халықты бірлікке шақырып, елдің мейірімін оятатынын айтты. Сондай-ақ, «Нұртай» дүкенінің кәсіпкерлеріне алғыс білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Қайырымдылық – игі іс. «Нұртай» дүкеніндегі кәсіпкерлер бұдан былай қарбыздан бөлек, өзге де көкөніс түрлерін тегін үлестіру көзделіп отырғанын жеткізді.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Шаршы алаңның шаңын шығарды

Пятница, 23 Июл 2021

Дені сау ұрпақ – ұлттың баға жетпес байлығы. Сондықтан әрбір жас спортты жанына серік етіп, сергек те саналы болу ләзім. Жақында «Tranco Jezz» ЖШС-ның «КәсіпҚорған» кәсіподағы мен «JastarBolashaq» ҚБ ұйымдастыруымен өндірісшілер арасында футболдан шағын турнир өтті.

«Namys» спорттық-сауықтыру кешеніндегі тартысты додаға белсене қатысқан жұмысшылар шаршы алаңның шаңын шығарды. Футбол аренасын шуға бөлеген турнирді жыл сайын өткізу дәстүрге айналуда. Осымен бірнеше мәрте жанкүйерлер назарына жол тартқан жарыс көрігін спортқұмар еңбеккерлер қыздырды.

– Айтулы шараны өткізудегі басты мақсат – жастарды спортқа тарту, осы саланың дамуына атсалыса отырып, бос уақытын тиімді өткізу. Мұндай турнирлердің талай жастардың шыңдалып шығуына септігін тигізері сөзсіз.

Барлықтарыңызды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз, – деді ұйымдастырушылар. «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылдаушы», «Үздік қақпашы, «Үздік қорғаушы» номинациясына лайықтылар марапатқа ие болды. Кубок жолындағы күрес тартысты өтіп, жеңімпаздар ұлықталды.

Мира ШАХАТ.

Вакцина ауыр ағымнан һәм өлімнен қорғайды

Пятница, 23 Июл 2021

Елде ковидке қарсы екпе салдыру төңірегінде дау өршіп, қоғамда қызу талқыланатын тақырыпқа айналды. Дәрігерлер ектірудің пайдасын дәлелдеумен әлек болса, көпшілік оның қауіпсіздігі мен сапасына күмәнмен қарайды. Енді біреулер «табиғи иммунитетті жояды» деген желеумен екпе салдырудан үзілді-кесілді бас тартып жатыр… (далее…)

Дәстүрлі оқу кестесіне оралмақ

Пятница, 23 Июл 2021

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиын барысында дәстүрлі оқыту форматына көшу талқыланды. Онлайн-іс-шара жаңа оқу жылына дайындық және педагогтарды жаппай вакциналауға бағытталды.

Өңір басшысы мектеп оқушылары мен студенттердің дәстүрлі оқу кестесіне оралу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы керек екендігін ескертті. «Ел Президенті 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқыту жүйесіне оралуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Пандемия кезінде олар қашықтан білім алуға мәжбүр болды. Біз өткен оқу жылында жіберілген олқылықтардың орнын толтырып, оларды болашақта қайталамауға тиіспіз», – деді Жеңіс Қасымбек.

Мұғалімдер мен қызметкерлерді жаппай вакциналау білім беру мекемелерінің штаттық форматтағы жұмысының басты талабы. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, бүгінгі күні оқу орындары қызметкерлерінің 84%-ы коронавирусқа қарсы екпе қабылдаған. «Кабинеттік жүйені жою және әр түрлі сыныптар үшін үзілісті бөлу арқылы, 25 оқушыдан аспайтын сыныптарға бірнеше ауысымда сабақтар өткізу жоспарлануда. Сабақ кестесі бастауыш, орта және жоғары буынды ескере отырып жасалады. Бұл жағдайда, егер оқушылардың біреуінде коронавирус анықталса, барлық мекеме емес, жеке блок карантинге жабылады», – деді.

Сонымен қатар, аппараттық кеңес отырысында 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысы бойынша 209 067 оқушы жаңа оқу жылын бастайтынын, оның ішінде 21 803 бала мектеп табалдырығын енді ғана аттағалы отырғаны айтылды. Биылғы оқу жылына дайындық ретінде біздің облыста 146 білім беру нысанын жөндеу жоспарланған: оның 11-і мектеп, 26-сы балабақша болса, 8і колледж және біреуі балалар үйі. Тоғыз нысанның, оның ішінде төрт мектеп пен екі балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Барлық білім беру ұйымдары санитарлық құралдармен қамтамасыз етілген.

Еркеназ ШОҚАН.

Айыппұл арқалайды

Пятница, 23 Июл 2021

Енді қараусыз мал иесі айыппұл арқалайды. Иесі бола тұра жануарлардың қараусыз жүруі бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты қала әкімдігі мен Полиция бөлімі рейд ұйымдастырды. Рейд барысында орталық алаңда, аулаларда жүрген үй жануарлары анықталып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі уақытта тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жануарларының иелерімен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен қалада жануарларды еркін жаю тоқтар емес. Аталған жайт тазалық, санитарлық талаптарды бұзып қана қоймай, нысандардың қирауына әкеліп соғатыны жасырын емес. Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындардан үй жануарларын бағуды ұйымдастыру және бақылауды азайтпауды сұрайды.

Өткізілген рейд барысында полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Қалдыбек Мұханбедин малдардың көшеде еркін жайылуы жол-көлік оқиғалары мен қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екендігін айтады. Егер қойылған талаптар сақталмаған жағдайда малдың иесіне үш айлық есептік көрсеткіштен бастап, айыппұл салынатынын ескертті.

Еркеназ ШОҚАН.
Суреттер автордікі.

Зайырлы мемлекет – тұрақтылық тірегі

Пятница, 23 Июл 2021

Қазақстан Республикасы Ата заңының абсолютті нормаларының бірі – зайырлылық. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден діни еркіндікті паш етіп, тәу етіп, қабылдаған алғашқы заңдарымыздың бірі – ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы болатын. Аталмыш заңнамаға замана ағысына қарай бірнеше рет толықтырулар жасалған-ды, ал 2011 жылы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңы қабылданды. Яғни, қазақ елі – зайырлы мемлекетті орнықтыру үстінде. Оның ішінде зайырлылықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалауға талпынуда. «Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне үңілсек, «зайыр» сөзі «анық», «айқын», «ашық» деген сын есімдердің мағыналарын береді. Осы «зайыр» деген сын есімнен түрленген «зайырлы» сөзі «білгір», «білімдар» деген мағыналарға саяды. Демек, «зайырлылық» деп «білгірлікті», «білімдарлықты» атасақ болады. (далее…)

Ішкі туризмді дамытушылар

Пятница, 23 Июл 2021

Ақтоғай ауданында орналасқан Бектау Ата шатқалында туристік-өлкетану экспедициялық жасақтарының II облыстық слеті өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қызықты іс-шараға Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің құрамасы да қатысты.

Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушылары туған өлкенің тарихи, мәдени және рухани мұраларына қызығушылықпен қарайды. Осы орайда Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында 2021 жылдың 18-22 маусым күндері «Факел» балалар сауықтыру лагерінде «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициялық отрядтарының слеті өтті. Слеттің мақсаты балалар мен жастарда азаматтылық пен отаншылдық сезімдерін тәрбиелеу, экспедициялық жасақтардың туристік қызметін жандандыру жолымен салауатты өмір салтын насихаттау. Слетте қаламыздағы мектеп-лицейінің оқушылары да бой көрсетті. Облыс бойынша 16 құрама қатысқан іс-шарада Сәтбаев қаласының құрамасы жүлделі үшінші орынды қанжығаға байлады. Жас өлкетанушы, зерттеушілерге диплом мен сыйлық сертификаты табысталды. (далее…)