Архив за 03 Сен 2021

Дәстүрлі форматта басталды

Пятница, 03 Сен 2021

Қаламыздағы білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылы қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта басталды. Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің табалдырығын алғаш рет аттаған 175 бүлдіршін үшін алғашқы қоңырау соғылып, олар «Әліппе» мен «Букварь» оқулығын қолына алды.

Әлемдік пандемия білім беру үрдісіндегі мұғалімнің баға жетпес рөлін айқындай түсті. Гаджет экрандары арқылы емес, балалармен тікелей байланыста бола отырып берілетін білімнің артықшылығы білінді. Аталмыш білім ордасының ауласында басталған салтанатты шарада лицей директоры Гүлмира Жаппасова ізгі тілегін білдіріп, балаларды білімқұмар болуға шақырды.

– Жаңа оқу жылының ұстаздар қауымы мен оқушылар үшін қызықты әрі пайдалы болары сөзсіз. Көптен күткен дәстүрлі форматқа оралып, мектеп қабырғасында балалардың жарқын күлкісін есту бізді қуанышқа бөлеуде. Қымбатты оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар! Сіздерді Білім күнімен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық тілеймін, – деді.

Салтанатта алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, бірінші сынып оқушыларын алғашқы сабаққа шақырды.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Қоc қуанышпен соғылды

Пятница, 03 Сен 2021

Алғашқы қоңырау салтанаты қаламыздағы №1 мектеп-гимназиясында қос қуанышпен басталды. Бірінші қуаныш – білім нәрінің бастауы болған «Әліппе» қайта оралды. Екінші қуаныш – биылғы оқу жылынан бастап білім ұясы Бауыржан Момышұлының есімімен аталатын болды.

Екі жыл еңсені басқан коронавирус инфекциясының кесірі білім беру саласына да аз салмағын салған жоқ. Оқу форматы сан мәрте өзгерді. Тек биыл ғана шәкірттер мектепке оралып, оқу офлайн түрде басталды. Барлық мектептерде 1 сынып оқушылары үшін «Кел, балалар, оқылық!» деген тақырыпта Білім күні өтті.

Осындай іс-шара Бауыржан Момышұлы атындағы №1 мектеп-гимназияда да ұйымдастырылды. Мектеп басшысы Ғалия Қазыбекова-Иманбаева 1-сыныптарды аралап, Білім күнімен құттықтады. (далее…)

Қайта қауышты

Пятница, 03 Сен 2021

Биылғы Білім күні жылдағыдан өзгерек. Қашықтықтан оқып, көрісуге зар болған мұғалімдер мен оқушылар араасындағы ерекше сезімді сөзбен сипаттау мүмкін емес. Себебі, олар қайта қауышты.

Ата-аналар да мәз-мейрам. Биылғы бір ерекшелік – Әліппенің қайта оралуы. Әлемдік пандемияға байланысты салтанатты жиындар шегерілсе де мерекенің лебі мектептердің айқара есік ашқанынан-ақ жақсы сезілді.
Оқу жылына деген ерекше дайындық қаламыздағы №9 мектеп ұжымынан да байқалды. Мектеп­алды даярлық сыныбынан бастап барлық оқушыларын құшақ жая қарсы алған мұғалімдер сүйсіндіреді. 1 қыркүйек күні мектеп басшысы Р.Бапанова, оқу ісінің меңгерушісі А.Баймағамбетова жүрекжарды лебізін білдірді. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге арнап сынып жетекшілері ашық сабақ өткізді.
Жаңа оқу жылында ұстаздар қауымы мен оқушыларға толағай табыс, сәттілік тілейміз.

Ақнұр Қанат,
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері.

Арнайы тапсырмалар берді

Пятница, 03 Сен 2021

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек арнайы іссапармен Жезқазған, Сәтбаев қалаларына келді. Жұмыс барысында облыс басшысы бірқатар нысандарды аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты.

Есқұла су қоймасын салу бойынша көптен күткен ауқымды жұмыстар межесіне жетіп келеді. Ондағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар назардан тыс қалған жоқ. Облыс басшысы қаламыздағы жаңадан салынған сот ғимаратында да болды. Осы уақытқа дейін сот қызметкерлері тұрғын үйдің арнайы бейімделген орнында жұмыс істеген болатын. Мұнан соң «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне атбасын бұрып, аяқталуға жақын қалған құрылыс жұмысымен танысты. Кешеннің аумағындағы құрылыс алаңы екі жарым мың шаршы метрді құрайды. Ішінде көрме залы, намазхана, шайхана, қонақүй де бар. Бүгінде ол жерде өткенімізге үңіліп, ақпараттарға қаныға алатын арнайы 3D-бөлмесі жабдықталған. Кешеннің ауласына бес метрлік ескерткіш тұрғызылып, киіз үй қойылған. Іссапар соңында облыс әкімі аймақ басшыларына қалаларды дамыта түсу үшін арнайы тапсырмалар берді.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Ата заң күнінде ардақталды

Пятница, 03 Сен 2021

Қала әкімдігінің мәжіліс залында Конституция күніне орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараға қала басшысы Асқар Ыдырысов қатысып, айтулы күнмен құттықтады.

Жиын шымылдығы мемлекеттік әнұранмен түрілгеннен кейін Асқар Абылайұлы бұл күн Қазақстанды еркін, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде көрсететін мереке екенін атап өтті.

– Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тап­қан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады. Осы 26 жыл ішінде еліміздің басты заңы жасампаздық пен ілгерілеудің кепіліне айналды. Қазақстан тұтас құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жүйені қалыптастырып, жан-жақты жаңғыру жолына түсті. Біздің мақсатымыз – экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру. Ата заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді. Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін! – деді әкім өз сөзінде.

Салтанатты шарада қоғамдық шараларға белсене қатысқан бір топ азамат қала және облыс басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, көп балалы аналар ардақталып, оларға Алтын алқа, Күміс алқа тапсырылды.

Еркеназ ШОҚАН.
Суреттер автордікі.

АЛТЫНСАРИН МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ

Пятница, 03 Сен 2021

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсаринның туғанына 180 жыл толуына орай №19 мектеп-лицейінде музей ашылды.

Балалар әдебиетінің атасы саналатын Ы.Алтынсаринның педагогикалық әдеби мұрасы ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Музейде ағартушы-педагогтың кітаптары, отбасылық фотосуреттері, құжаттар қойылды. Ашылу салтанатына арнайы қатысқан қала әкімінің міндетін атқарушы Дәуір Жүнісбеков ерекше күнмен ұстаздар мен оқушыларды құттықтай отырып, музейдің патриоттық тәрбиенің бастауы, оның барлық мектептерде болуы қажет екендігін жеткізді. Сондай-ақ, мұражайға арнайы келген қонақтар үшін қойылған естелік кітапшасына ақжарма тілегін жазды. Білім ордасына ағартушы-ғұламаның есімі берілуінің тәрбиелік мәні зор. (далее…)

Жеңіс туын желбіретті

Пятница, 03 Сен 2021

Білім бөлімінің ұйымдас­тыруымен №14 мектепте ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шахматтан онлайн турнир өткізілді.

Абай атындағы № 4 лицей-мектебінің оқушылары бірінші орынға ие болып, жеңіс туын желбіретті. Ерасыл Джункураев, Богдан, Ақниет Жолдасбек тамаша ойын өрнегін көрсетті. Жеңімпаздар алдағы уақытта өтетін жарысқа дайындыққа кірісіп кетті. Оқушылар ғаламтор арқылы шахмат ойыны сайттарына тіркеліп, біліктілігін шыңдауда.

М.Туенбаев,
жаттықтырушы.

Кемел келешегіміздің кепілі

Пятница, 03 Сен 2021

Қазақстан Республикасының Конституциясы күнінде Сәтбаев қаласының мемлекеттік архиві дөңгелек үстел өткізді.

Конституциямыздың қоғамдағы рөлін нығайтып, демократиялық, құқықтық мемлекет қалыптастыру мәселелері дөңгелек үстелдің басты тақырыбы болды. Іс-шара барысында қала прокуратурасының өкілдері Конституцияның құқық қорғау жүйесі үшін айрықша маңызға ие екендігін, негізгі заңда және республикамыздың өзге де заңдарында көрсетілген құндылықтарды қорғау осы саланың күнделікті жұмысының мәні болып табылатындығын атап өтті. Келелі жиында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары да өз пікірін айтты. Мекеменің мемлекеттік тіл бойынша әдіскері Арайлым Божақанова ҚР Конституциясында көрсетілгендей, ана тілімізге құрметтің артып келе жатқандығын, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде мардымды жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Мәселен, осы жылдың сәуір айынан бастап Сәтбаев қаласында шағын және орта кәсіп иелерімен бірқатар тіл үйрету курстары өткізілген. Нәтижесінде тұтынушыларға қызмет көрсетуші шаштараз, дәріхана, дүкен қызметкерлері ана тілімізде ауызекі сөйлеу мәнерін меңгерген. Жиналғандар Ата заңымыздың ғасырлар бойы кемел келешегіміздің кепілі болатынына сенім білдіріп тарқасты.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Тіл білімінің атасы

Пятница, 03 Сен 2021

2017 жылдың 31 қазаны күні «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 ҚР Үкіметінің қаулысына қол қойылды. Айтулы мерекелердің арасында Қазақстан Халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болды.

Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті», – деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақты қуанышқа бөледі.

Ол – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. Халықтың рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. Ол – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демократиялық құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеуметтік жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Ахмет Байтұрсыновтың публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. Әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. (далее…)

«ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ»

Пятница, 03 Сен 2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Қымбатты отандастар! Құрметті Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері!

Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз.
Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды.

Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік.

Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік.

Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз.

Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес.

Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы.

Барлық бастамамыз осыған бағытталуда.

Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік.

Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан, кез-келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет.

Менің Қазақстан халқына биылғы Жолдауым мынадай мәселелерге арналады. (далее…)