Архив за 08 Окт 2021

Ілкімді жұмыстармен танысты

Пятница, 08 Окт 2021

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға, тұрмыстық жемқорлықты жоюға, азаматтар мен бизнес үшін бөгетсіз және жайлы жағдайлар жасау­ға, мемлекеттік органдардың іс-әрекетінде ашықтық пен жариялықты қамтамасыз етуге, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізуге бағытталған. Жемқорлықтың жолын кесу жолында атқарылған ілкімді жұмыстармен танысу мақсатында аталмыш жобаның өкілі Әділ Мұхамеджанов қаламызға атбасын тіреді.

Жемқорлықты жоюда мемлекеттік қызметті цифрландыру, автоматтандыру жүйесінің тиімділігін атап өткен Әділ Шоқанұлы жұмыс сапарын «Опен спэйс» кеңсесінен бастады.

– Сандық технология тұрмыстық жемқорлықты ауыздықтауға ықпал етеді. Жоба осы бағыттағы шараларды жетілдіре түсуде. Алдағы уақытта да электрондық форматта көрсетілетін қызметтер түрлерін көбейту қажет. Қазір Қарағанды облысында бұл деңгей ұлғая түсуде. Осы бағытта қоғамда азаматтардың белсенділін, қоғамдық бақылауды дамыту өте маңызды, – деді ол. (далее…)

Ұлық та ұлағатты мереке иелері

Пятница, 08 Окт 2021

3 қазан – Ұстаздар күніне орай «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Шыңғысов білім беруді дамытуға қосқан үлесі мен жоғары жетістіктері үшін бір топ мұғалімді Құрмет грамотасы, сыйақымен марапаттады.

– Шәкірттерге білім беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын және тәлім мен тәрбие беретін – мұғалім. Ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан ұстаздардың ата-анадан кейінгі атқарар рөлі де ерекше.

Әрқайсымыздың өмірімізде ұстазымыз даналығымен, жан жомарттығымен, терең білімімен қоршаған әлемді тануға көмектескен, қабілетімізді ашқан, белгіленген мақсатқа қалай жетуге болатынын үйреткен адам болып қалады. Мұғалімдер шын мәнінде көшбасшы. Қазіргі пандемия жағдайында сіздер тұрақтылық пен сенімділіктің кепілі болдыңыздар. Жаңа жағдайға тез бейімделіп, білім беру жүйесіне алаңдағандарыңыз атап айтуға тұрарлық. Ұстаздар күні – орны бөлек, дәрежесі биік, ұлық та ұлағатты мереке. Ұлт болашағын қалыптастыруда уақытпен санаспай атқарған қажыр­лы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін! – деді.

Мұндай құрметке «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы технология колледжінің мұғалімдері мен балабақшалардағы бастауыш партия ұйы­мының мүшелері ие болды. Олардың қатарында технологиялық колледж директоры Елена Букашкина бастаған Әдемі Жадкеева, Гүлнар Кәкімжанова, Ксения Кузьмина, Алма Мұқанбедина, Маржан Оңдыбаева, Айхан Үсенова секілді тәжірибелі мамандар бар.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Үзеңгілестер үн қосқан күн

Пятница, 08 Окт 2021

Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада Қарттар күніне орай дөңгелек үстел өтті. Ұжым қызметкерлері мен оқырмандар ардагер кітапханашыларды бір шаңырақ астына жинап, мағыналы естеліктерін тыңдады.

Шара қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен өткізілді. «Қарттарым – асыл қазынам» шарасында кітапханада ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнетке шыққан ардагер-кітапханашылар, тұрақты оқырмандар арнайы шақырылды. Заманауи үлгіде жабдықталып, білім бұлағының мол қорымен толыққан қара шаңырақты аралаған меймандар есті күндерді еске салатын естеліктер айтты. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлбану Шахманова құттықтап, Зоя Құндаққызы, Аманкүл Әмзеқызы, Әтіркүл Ілесқызы, Гүлсара Қоңырбайқызын Алғыс хатпен марапаттады. Ардагерлер қадірінің салмағын одан әрі арттыра түсуге, оқырмандармен тағылымы мол, есте қалар кездесу ұйымдастыру үшін өткізілген іс-шарада қадірлі қонақ болған жезтаңдай әнші Зоя Құндаққызы композитор Есқожа Сатовтың «Шырын қыз» әнін шырқап, жиналғандардың көңілін көтерді.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Қордағы қос қуаныш

Пятница, 08 Окт 2021

«Харекет» қайырымдылық қоры көпбалалы отбасына кезекті баспананы тарту етті. Бұл біздің өңірде орын алған 17-ші сауапты іс.

«Харекет» қайырымдылық қорында қос қуаныш. Биылғы жылдың қазан айында жақсылықтың жаршысы болып жүрген ұжымның құрылғанына төрт жыл толады. Сондай-ақ, еліміз бойынша 501-ші мұқтаж отбасыға баспана кілті табыс етілді. Ал, осы уақытқа дейін Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау өңірі бойынша 16 жанұя шаттыққа бөленсе, 17-шісі өткен аптада баспаналы болды. Кілт табыстау рәсімі «Харекеттің» былтырғы жылы Жезқазған қаласында ашылған кеңсесінде өтті.

Дана Мықтыбаева үш баланы өзі ғана тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. 35 жастағы келіншектің осыдан 5 жыл бұрын жолдасы қайтыс болған. 10 жылға жуық пәтер жалдап жүрген ол баспананың қадірін әбден ұққанын айтады. Ал, кілт табыс­тау рәсімі оған тосынсый болды. Қайырымды жандардан құралған «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілеріне Дана Мықтыбаева алғысын жаудырып, мектеп жасындағы балаларымен пәтер жалдап жүрген күндерін есіне түсіріп, көзіне жас алды. Күтпеген жерден баспаналы болған ол ендігі жерде тек жақсылықтан үмітті.

«Харекет» қайырымдылық қоры алғаш рет 2017 жылы 7 қазанда Алматы қаласында құрылып, бүгінде халықтың алғысына бөленген ордалы шаңыраққа айналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жақсылық жасаудан қалыс қалмайтын жандар жиналып, мұқтаж жерлестеріне баспана сыйлау жолында еңбек етіп келеді. Еліміздегі ең ірі қайырымдылық қордың Жезқазған қаласындағы мекен-жайы Анарқұлов көшесі 12В үйінде орналасқан. Еріктілер аталмыш кеңседе таңертеңнен кешкі уақытқа дейін қызмет көрсетеді.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Сый-құрмет көрсетті

Пятница, 08 Окт 2021

Халықаралық қарттар күніне орай қалалық Полиция бөлімі ардагерлерге сый-құрмет көрсетті.

Қарттарды құрметтеу – кейінгі ұрпақтың парызы. Кезінде олар да жас болды, еліне еңбегін сіңірді. Ал, бүгін бойынан күш-қуаты тайған шағында қамкөңіл жандардың көңілін аулай білу де – кісілік. Осы ретте Полиция бөлімі үнсіз қалуды жөн санамапты. Заң саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, құрмет демалысында жүрген зейнеткерлерді атаулы мерекемен құттықтады. Игі лебіздерін арнады. Ұжымдастарымен шүйіркелесуге мүмкіндік туғанына ардагерлер Біркен Оразбеков, Зоя Рузматова да дән риза болды. Ақыл-кеңесімен бөлісіп, өнеге көрсетуден жалықпады.

– Президентіміз жылдағы Жолдауында егде адамдарға, зейнет­керлерге жан-жақты жәрдемдесу шараларына жіті көңіл бөлуді міндеттеп, зейнетақы мөлшерін көтеру бойынша нақты тапсыр­малар жүктейді. Осы бағытта түрлі акциялар ұйымдастырып, қарттарға жіті көңіл бөлудеміз. Жастармен түрлі тақырыпта кездесулер өткізу сияқты игі іс-шар­алар атқарудамыз. Қазақта «Төріңнен қарт кетпесін» деген аталы сөз бар. Расында, адам баласы өткенімен де өмір сүреді. Осы орайда тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Жас ұрпаққа тәлім беру, қоғамдық келісімді нығайту сынды маңызды бағыттарда атқарған ерен еңбектеріңізге ризашылығымызды білдіреміз, – деген полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алдияр Әбішев қариялар мен жастар арасындағы тығыз қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Барлық мемлекеттік органдарға, кәсіпорындар мен мекемелерге, бизнес қауымдастығы өкілдеріне және жастарға!

Пятница, 08 Окт 2021

Құрметті достар!

1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазан «Халықаралық қарттар күні» деп жариялады. Содан бері жылдар бойы елімізде қазан айы «Қарияларға қамқорлық, жақсылық пен мейірім» айлығы акциясына ұласып келеді. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе көлденең өтпеген. Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын артуда. Мемлекет оларға көрсетілетін көмек көлемін тіпті экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес.

Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерін көбейтуге байланысты қабылданған шаралар Қазақстанды ТМД елдерінің арасындағы жоғарғы зейнетақы төлеу деңгейіне көтерді. Дегенмен, елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар бар. Әлемді жайлаған пандемия біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Бүкіл әлем күрделі әрі маңызды кезеңді бастан өткізуде. (далее…)

Індетті тоқтатуға атсалысайық

Пятница, 08 Окт 2021

Бүгінгі таңда еліміз қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп отыр. Әлемнің 180-нен астам мемлекетіне қатар жайылып, 1,4 миллионнан астам адам жұқтырған індет салдарынан жаһандық экономика адамзат тарихы көрмеген күйзеліске душар болды. Коронавирус пандемиясы 2019 жылы желтоқсан айының ортасында орталық Қытайда орналасқан Хубэй провинциясына кіретін Ухань қаласының Хуанань жануар мен теңіз өнімдері базарында болған тұрғындары түсініксіз пневмонияға шалдыққаны анықталған кезден басталғаны баршамызға аян. (далее…)

Оңалту жұмыстары жалғасуда

Пятница, 08 Окт 2021

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Сәтбаев қаласының 48 жылдығына орай «Аяулым» қоғамдық бірлестігі мен қалалық пробация қызметі бірлесіп өткен бейсенбіде «Кенші қалам, кең сарай, туған жерім» атты велошеру ұйымдастырды.

Велошеруге 8 ерікті қатысты. Оның ішінде 6 азамат тұрғылықты жері бойынша қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған жастар болды.

Жалпы Сәтбаев қаласының пробация қызметінде әр түрлі қылмыспен 138 азамат есепте тұр. Пробация қызметінің мақсаты қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен босатылған адамдардың мінез-құлқын түзеу, оларды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. (далее…)

Соңына дейін іске асса

Пятница, 08 Окт 2021

ҚР Президентінің Жолдауында ең басты міндет – халықтың әл-ауқатын көтеру екені айрықша айтылып, осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндеттер белгіленді. Әлемде орын алған пандемия көптеген түйткілді мәселелердің бетін ашып, сондай-ақ жаңа үрдістердің қалыптасуына ықпал етті. Әсіресе білім беру ісіндегі қашықтықтан оқыту мәселелері сала мамандарына жаңа талаптар ғана емес, сонымен қатар мүмкіндіктер де туғызуда. Мемлекет басшысы жаңа уақыт талаптарына сәйкес еліміздің экономикалық дамуына, өнеркәсіпті күшейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылығы саласына аса көңіл бөлуге, білім және ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, бизнес және әлеуметтік мәселелер секілді елдегі барлық саланың жұмыстарына қатысты міндеттерді бекітіп берді. (далее…)

Қазақстанда әркім маңызды!

Пятница, 08 Окт 2021

Осындай ұранмен биыл елімізде Ұлттық халық санағы басталғаны мәлім. Оның алғашқы кезеңі аяқталды да. Қыркүйек айының басынан елімізде санақтың екінші кезеңі старт алды. Мұнда халық әуелі онлайн режимде арнайы парақшаларды толтыру арқылы санақтан өтеді. Ол үрдіс қазан айының 15-не дейін жүреді. Одан әрі арнайы сұхбат алушылар планшетті пайдалану арқылы үй-үйді аралап, санақтан өтіп үлгермей қалған азаматтарды санаққа алатын болады. (далее…)