Бір салада 40 жыл

20140801-02-3Шаһарымызда Құлыбек Смаилов ақсақалды біле қоймайтын кісі кемде кем шығар. Өйткені оның өмір жолы осы кенді қаланың тарихымен қатар өріліп жатыр. Озат жүргізуші атанған Құлыбек ақсақалмен көлік қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында жолығып, әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі қайта құру кезеңінде өтті. Ұлы Отан соғысы аяқталғанда жеті жастамын. Менің туған күніммен қатар ауыл Жеңістің де тойын тойлағаны есімде. Ұлытау ауданының Сарыкеңгір ауылында жастық шағымыз өтті. Кейін Рудникке көшіп келіп, сондағы №9 мектепте білім алдым. Әкей Жездімен екі ортада теміржолда еңбек етті. Тұрмыстың жағдайы нашарлау болды да, әкей «Балам, оқуды қоя тұр. Күн көріс керек, еңбек ет» – деген соң, мектептен кейін жоғарғы оқу орындарына түсе алмадым. 1956 жылы мектепті бітірісімен шоферлық курсқа бардым. Бір жылдан соң оны тәмамдап, бұрынғы №8-ші шахтаның жанындағы автобазаға жұмысқа орналастым. Бір ұжымда 1995 жылға дейін, яғни зейнеткерлік жасқа жеткенше еңбек еттім.

Никольский жұмысшылар қалашығының осындай қалаға айналуы жолында көп еңбектер атқарылды. Осы шаһарда бой көтерген көп қабатты үйлерге құрылыс жабдықтарын тасымалдадық. Үй құрылысы комбинатынан сол үйлерге бетон блоктар жеткізіп беріп тұрдық. Біздің жұмысымыз тек осы қаланың көлемінде ғана шектелген жоқ. Жәйрем кентін салғанда оған да құрылыс материалдарын тасыдық. Көкшетауда егін тасымалдау жұмысына да белсене қатыстық. Өндіріске қажетті дегеннің барлығын колоннамен жеткізіп отыратынбыз. Біздің автобаза әуеліде «Карагандастрой» тресінің, кейін Жезқазғанда құрылған «Қазмысқұрылыс» тресінің қарамағында болды. Тресттің құрылуына шахталардың бой көтеруі тұспа-тұс келді. №55 шахтаның коперіне бетон тасымалдадық. №57, 65, Анненскі шахталары мен Ақши-Спасскі кен орнының, Жезқазғандағы мыс зауыты мен ТЭЦ-тің екінші тұрбасының құрылыс жұмыстарына қатыстым. Ол кезде жүктелген машинаның барлық жағдайына жауапты болатынбыз, – дейді ақсақал.

Тұтас бір қаланың дамып, өркендеп, өсуінде қолтаңбасы қалған Құлекеңнің еңбек жолында жеткен жетістіктерінің ең қымбаты – «Құрмет белгісі» Ордені. Оның сыртында трест басшылығы Қ.Смаиловтың адал еңбегін бағалап, сол дәуірдің аса қымбат көлігі – «Москвич» автокөлігін сыйға тартты.

Бүгінде жетпіс дейтін жайма-шуақ жастың алтауына келген Құлыбек ақсақал бәйбішесі Рақила екеуі тәрбилеп өсірген балалардың, олардан тараған немере-шөберелердің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Өсіріп, баққан ұл-қыздары мен немерелері еліміздің түпкір-түпкірінде әр салада еңбек етуде.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.