«Егілген» тағамдар: жейміз бе, жемейміз бе?

Ғылым дамыған ХХІ ғасырда адамзат баласының игілігі үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Алайда, сол ғылымның нәтижесінде соңғы кезде генетикалық модификацияланған өнімдер қолданысқа ене бастады. Гендік өзгеріске ұшырап жатқан бұл өнімдерді халық біліп те, білмей де тұтынуға мәжбүр.

Генетикалық модификацияланған ағзалар(ГМА) дегеніміз – бұл гендік кодына бөтен гендер «жабыстырылған» ағзалар болып табылады. Интернет көздерінің ақпаратына сүйенсек, картоп генінің қатарына сарышаян генін қосу нәтижесінде біз ешқандай жәндік жемейтін картоп түрін аламыз. Немесе, күнделікті пайдаланып жүрген қызанақты алсақ, оған солтүстік камбаласының генін пайдаланған. Сондықтан ол аязға төзімді, үсімейді.

Бұл бізге не үшін қажет? Әлде ғалымдар аштықтың алдын алудың жолы осы деп шешті ме? Айтып өткен картоп өнімі колорад қоңызынан зардап шекпейді, қызанақты солтүстіктің аязында да өсіруге болады. Сонымен бірге, бір пішінді, бірақ дәмсіз алмалар әбден шіріп біткенше керемет иіс береді. Қазір байқап қарасақ, сатылатын жемістер сондай әдемі, біркелкі және ұзақ сақталатын болып келеді. Ыңғайлы! Күріш геніне астық тұқымдастарында ешқашан болмаған А витаминін өндіретін генді қосуға болады. Сонымен, ғалымдар дақылдардың өнімділігін арттыру үшін олар зиянкестерге төзімді болу үшін аз уақыттың ішінде жаңа сорттар шығаруда. Ең кең таралған гендік модификацияланған дақылдарға — соя, жүгері, бидай, қызылша, мақта, рапс, картоп жатады.

Соңғы кездері осы бір өзгерістің ұшы кәдімгі мал еттеріне де тиіп жүр ме деген ой келеді. Олай дейтін себебіміз, қазіргі күні малдың еті сойған кез-де тез қатқыш әрі үлбіреген шүберек тәрізді. Дәмі жоқ, шамадан тыс майлы. Малдың пісіп, семіретін мезгілі бар десек, сөредегі еттердің көбісі өздеріңіз көріп жүргендей, қысы-жазы семіз. Оны көргенде бір жағынан қуанамыз, бір жағынан көңілімізге күдік те ұялайды. Себебі шамадан тыс семіздіктің арғы жағында ГМА-ның жоқтығына кім кепіл?

Үлкендердің айтуынша, кейбір еттердің асқан кезде сорпасы қап-қара болып шыға келеді. Бәлкім, шөптің құнарсыздана бастағаны болар, әлде, сол малды семірту үшін қандай да бір дәрілер қолданылады ма екен?

Бұл мәселемен ауыл-шаруашылығына жауапты мамандармен хабарласқанда, тұшымды жауап ала алмадық. Қала тұрғындары қолдан жем, шөп беру арқылы бордақыланатын малдың өнімдерін ғана тұтынып отырған сыңайлы.

Біздің бұл мәселені қозғаудағы мақсатымыз – мал етінің сапалылығы жөнінде тұрғындардың да ойын білу. Құрметті оқырман сіздерді осы көтерілген мәселеге ой қосып, пікір білдіруге шақырамыз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.