Ветеринариялық қауіпсіздік – денсаулық кепілі

Қала аумағында ішкі сауда орындарына сатуға жіберілетін мал өнімдері – ет, сүт т.б. тағамдардың ветеринариялық-санитарлық ілеспе құжаттарының болуы, күнделікті бақылауда.

Ол үшін мемлекеттік ішкі сауда орындарына ветеринариялық-санитарлық инспектор тұрақты бекітілген. 2014 жылдың 6 айлық қорытындысында қала аумағында жануарлардың аса қауіпті аурулары тіркелген жоқ. Ауыл шаруашылығы малдарын алдын-ала егу мен диагностикалық зерттеу жоспары толығымен орындалды. Осы қауіпті ауруларға жататын бруцеллез (сарып), туберкулез аурулары диагностикалық зерттеу нәтижесінде анықталған жоқ.

Дегенмен, облыс көлемінде бруцеллез, туберкулез ауруларының ірі қара мен ұсақ малдан анықталу көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда көбейіп отыр. Бұл өз кезегінде адамдар арасында осы аурулардың таралуына бірден-бір себеп болады.

Сондықтан, әрбір мал өсіруші, жеке және заңды тұлғалар ветеринариялық- санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жыл сайын жануарларына уақытылы вакцина еккізуге және жұқпалы ауруға зерттеуге міндетті. Ал, әрбір тұтынушы ішкі сауда орындарынан сатып алынатын мал өнімдерінің қауіпсіздігін білу мақсатында ветеринариялық сараптама құжаттарын көрсетуді талап етуге құқылы. Аулалардан немесе арнайы сату орыны белгіленбеген жерлерден ет , сүт, балық өнімдерін сатып алуға болмайды.

Осындай жерлерге ветеринариялық құжатсыз әкелінген жануарлардан алынатын өнімдерді пайдалану арқылы тұтынушылар түрлі жұқпалы ауруларды (бруцеллез, туберкулез, трихинеллез, опистархоз жене т.б.) жұқтырып алуы мүмкін.

Шілде айында көршілес Жезқазған қаласында ірі қара малдар арасынан тейлериоз ауруы анықталып, тұрғындарды мал шығынына ұшыратты.

Тейлериоз – пигментсіз қан паразиттерімен қозатын ірі қара мал ауруы. Бұл ауру малдың қатты жүдеуімен сипатталады. Тейлериоз қоздырушысының тасымалдаушысы жайылымдарда, мал қораларында жүретін кенелер болып табылады.

Осы аурудың шығуына Қызылорда облысынан тиісті ветеринариялық құжатсыз, рұқсатсыз әкелінген малдар себепші болып отыр.

Осыған байланысты мал өсірушілер мен тасымалдаушыларға ескертеміз:

Жергілікті мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар мен мал дәрігерлеріне хабарламай және малдың сау екендігін растайтын құжатсыз (ветеринариялық сертификат, ветеринариялық анықтама) малды тасымалдауға және сатып алуға болмайды.

Басқа елді-мекеннен тиісті құжатсыз мал тасымалданған жағдайда, ауылдағы малға, сырттан әкелген мал арқылы жұқпалы аурулардың таралуы мүмкін. Мұндай заң бұзушылық анықталған жағдайда мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспектор тарапынан әкімшілік шара қолданылады. Әкелінген мал жұқпалы ауруға зерттеліп, аса қауіпті ауруларға егу үшін 30 күн карантинге қойылады.

Әрбір жеке, заңды тұлға Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңында көрсетілген талаптарды орындауға міндетті.

Ү.Айтпаев, «ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетнің Сәтбаев қалалақ аумақтық инспекциясы» ММ басшысы.

Комментарии закрыты.