Алтын той иелеріне құрмет

20140808-06-1Отбасы құндылықтарын насихаттау, жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие беру, олардың бойында адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында өткен сенбіде Сәтбаев қаласының әділет басқармасында ұрпақтар сабақтастығын ұлықтаған тағылымды іс-шара өтті. Басқарма ұжымы отасқандарына 50 жыл толған, елге сыйлы отбасылардың бірі Әсембек Саргулжин мен Раушан Қожахметованы алтын той мерекелерімен салтанатты түрде құттықтады.

Жарты ғасыр бойы жұптары жарасып, шаңырақтары шаттыққа кенелген бұл отбасы мүшелерінің өмірбаяны сонау ХХ ғасырдың 40 жылдарынан бастау алады. Әсембек ағай Ұлытау ауданы, Амангелді совхозының тумасы. Қалаға 17 жасында келіп, кешкі мектепті оқып бітіреді. Одан әрі шахтаға жұмысқа орналасады. Күндіз-түні еліне адал қызмет еткені, мемлекеттік жоспарды уақытылы орындағаны үшін бірнеше рет Құрмет грамоталармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Қазіргі уақытта Әсембек ағай шахтаға арнаған 40 жыл еңбегінің жемісін көріп отырған ардақты зейнеткер.

Раушан апай 1944 жылы Ұлытау совхозында туып, өскен. 1962 жылы Жезқазған медициналық училищесін бітіріп, таңдаған мамандығы бойынша 1965 жылдан бастап қызмет жасай бастайды. 38 жыл бойы еңбек етіп, құрметті зейнеткерлікке шыққан.

Әсембек аға мен Раушан апа Жезқазған қаласында танысады. Әдемі әрі инабатты қыздан айырылып қалмау үшін ағай 1964 жылдың шілде айында апайға сөз айтып, «Газ 63» автокөлігімен алып қашады. Сөйтіп 1965 жылдың 24 қаңтарында Никольск поселкесінің ЗАГС бюросында олардың некесі тіркеледі.

Елу жыл отасып, жарасымды жанұялық ғұмыр кешкен жұп бүгінде 7 баланы тәрбиелеп өсіріп, олардан 16 немере сүйіп отыр. Ел қатарлы еңбек ете жүріп, жеті баланы өсіріп-өндірген олар өмір жолында кездескен бар қиындықтарды жеңе білді. Тырмысып тіршілік жасағанның арқасында барлық балалары тиісті білім алып, өмірде өз орындарын тапты.

Осылайша өмір айдынында бірге келе жатқан бұл үлгілі отбасының шаңырағы қашанда қуанышқа, балалары мен немерелерінің сыңғырлаған күлкісіне толы. Ерлі-зайыптылар өздерінің берекелі де базарлы тіршіліктерінің құпиясы адал еңбек, өзара сыйластық пен түсіністікте екендігін айтады.

Салтанатты шара барысында мерейтой иелері алтын жүзіктерімен алмасып, АХАЖ бөлімінің «Құрмет» кітабына қолдарын қойды. Отбасылық өмірдің бес онжылдығын артқа тастаған Әсембек ағай мен Раушан апайдың сол күнгі қуанышты сәтіне ұл-қыздары, немерелері, ағайын-туыс, достары мен құдалары куә болды.

Сіздердің бақытты отбасылық өміріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай. Бүгінгі алтын тойларыңызбен құттықтай отырып, әрдайым заңғар биіктерден көрініп, ұрпақтарыңыз өмірлеріңіздің жалғасы бола берсін дегіміз келеді. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз, – деп жылы лебізін білдірген Сәтбаев қаласы Әділет басқармасының бас маманы Алмаш Әлімбаева той иелеріне Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті.

Сондай-ақ, Әсембек ағай мен Раушан апайға өздерінің ізгі тілегін мерекеге қатысқан балалары мен дос-жарандары да арнады. Өз тарапынан ордалы шаңырақтың отағасы Әсембек ағай қуанышын бөлісіп келген барлық қонақтарға алғысын білдіріп, батасын берді.

Отбасының береке-бірлігін, тату-тәтті өмірін, қалыптасқан дәстүрлерін сезінуге мүмкіндік берген бұл мереке алтын той иелерінің орындауындағы махаббат вальсіне ұласты.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.