Болашақтың даму құжаты

20140808-06-2Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан- 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында құрылған ақпараттық-насихат тобының мүшелері қаладағы психоневрологиялық диспансердің ұжымымен жүздесті.

Ұзақ мерзімді Стратегиялық құжатта Президент айқындап берген жеті бағыттан туындаған ел дамуына қатысты мәселелер жөнінде диспансер ұжымына топ мүшесі, Жезқазған аймақтық кәсіподақтар ұйымының төрағасы, тарихшы Хансейіт Бөлен мен ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сұлтанбек Ешмаханов баяндап берді.

– Ұлт көшбасшысының Жолдауы Қазақстанның болашақта дамуында маңызды рөл атқарады және ел осы Жолдауды басшылыққа ала отырып, үлкен жетістіктерге жетеді. Жолдауда көрсетілген басты мақсат – 2050 жылға дейін әлемнің ең дамыған 30 елінің құрамына кіру.

Жолдауда қойылған міндеттерге жету үшін қозғалыстың негізгі салалары сипаттала отырып, 7 басым бағыт және Стратегияның басты мақсаттарына жету үшін 5 негізгі принцип нақты белгіленген.

Біз осы бағыттардың жүзеге асуына атсалыссақ, жетер жетістігіміз мол болмақ, – деді Хансейіт Ыбырахымұлы.

Кездесу барысында ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сұлтанбек Ешмаханов еліміздегі діннің де ахуалын тілге тиек ете келе, бұл жөнінде мәселе туындаған жағдайда жақында ашылған діни сенім мәселелері жөніндегі ресурстық орталыққа хабарласуға болатындығын сонымен қатар, 114 арнайы желісі жұмыс істейтіндігін жеткізді.

Диспансердің бас дәрігері Те Сергей кездесу соңында маңызды ақпараттарға толы баяндама жасаған топ мүшелеріне алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.

Бағдат айтөреұлы. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.