Жиын қала тынысына арналды

Сейсенбі күні қала әкімдігінде кезекті аппараттық жиын өтіп, қаламыздың тыныс-тіршілігіне қатысты бірқатар мәселелер қарастырылды.

Жиынды бастамас бұрын қала басшысы Әнуар Омар тұрғын үй-комммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінде бірнеше жылдар жұмыс істеп келген сектор меңгерушісі Валерий Федоровтың Ресей Федерациясына көшуіне байланысты, оған әріптестері мен қала активі атынан ел игілігі үшін атқарған еңбегіне алғыс айтып, құрмет грамотасы мен ескерткіш сыйлық тапсырды.

Кеншілер қаласының әлеуметтік-зкономикалық жағдайы қарастырылған жиын барысында қала басшысы үстіміздегі жылдың 7 ай ішінде игерілмеген 17 млн. 428 мың теңгенің себебін сұрады. Қаржының жартысы құрылыс бөліміне қарасты 2-ші кезектегі батыс тұрғын ауданының су және кәріз құбырларының құрылысы бойынша жұмыстардың кестеге сәйкес толық орындалмауынан игерілмеген. Қала басшысы жылу беру маусымына дайындық барысын да пысықтап, қаламызда ешқандай мекеменің балансында жоқ иесіз үйлер болмауы шарт деген талабын қойды. Салқын және ыстық суға есептегіш құралдарын орнату жұмыстарын ширату қажеттілігіне тоқталып, кеншілер қаласында мал азығын дайындаумен айналысатын цех жұмысын қолға алатын мерзімнің жеткенін атап өтті. Әнуар Серікбайұлы арнайы мемлекеттік бағдарламалардың көмегі арқылы қажетті қаражатқа қол жеткізіп, қаламыздағы мал жем-шөбіне деген қажеттілікті өтеудің жолдарын қарастыруды тапсырды. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де жиында көтерілген келелі тақырып болды. Бүгінде базар-дүкендердегі қауын-қарбыз сынды өзге де жеміс-жидек өнімін саудагерлер сапасын дәлелдейтін қажетті құжаттарсыз-ақ сатып жатқанын сөз еткен қала басшысы жергілікті стационарлық лаборатория ашудың маңызы зор екенін атап өтті.

Қала тұрғындарының жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында биыл криминогендік санатқа жатқызылған 7 аулаға 22 бейнебақылау камералары орнатылды. Жақын арада іске қосылатын осындай бейнекамераларды енді көлік жүретін жолдарға орнату мәселесі де қарастырылмақ.

Аппараттық жиында сондай-ақ, Жезқазған қалалық телекоммуникация дирекциясы Сәтбаев қаласы бойынша желілік техникалық цехының 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысы жөнінде ақпарат тыңдалды. Цех басшысы Ақтоты Дүйсен қала басшысы алдында Сәтбаев қаласы және оған жақын жатқан елді-мекен тұрғындарын байланыспен, интернет желісімен қамту мәселелері жөнінде есеп беріп, биылғы жылы жөндеуден өткен желілер мен кабельдік жұмыстар жайын баян етті. Ақтоты Дүйсенқызы бүгінгі таңда кабельдік желілерді ұрлау мәселесі өткір тұрғанын айтып, жыл басынан бері желілерді ұрлау фактісі бойынша 8 жағдай тіркелгенін атап өтті.

Үй жануарларын егу, мемлекеттік тұрғын–үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру, халық көп шоғырланатын мекемелерді интернет желісімен қамту мәселелері сынды тақырыптар да аппараттық жиында қамтылып, тиісті бөлім басшылары мен әкім орынбасарларына тапсырмалар берілді.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.