Шеберлер сынға түсті

20140808-08-1-120140808-08-1-2Өткен аптада еліміздің көлік саласы қызметкерлері өздерінің төл мерекесін атап өтті. Сол кәсіби мереке қарсаңында кеншілер қаласындағы жолаушылар тасымалдау автокөлігі кәсіпорнында айшықты шаралар өткізілді. Оған «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағының Жезқазған филиалы ұйытқы болды.

«Қазақмыс» корпорациясына қарасты көлік құрылымы саналатын аталмыш кәсіпорын негізінен корпорацияның кеніштері мен өзге де құрылымдарына жұмысшылар тасымалдаумен айналысады. Мұның сыртанда қанаттас жатқан екі қалаға да жолаушылар тасымалдайтын арнайы маршруттары бар.

– Бүгінгі таңда біздің Сәтбаев қалалық жолаушылар тасымалдау автокөлік кәсіпорнында 3 коллона, 450 жұмыскер тұрақты жұмыс істейді. Өзімізге берілген жоспарды ай сайын толығымен орындауға қол жеткізіп келеміз. Осылайша, өзіміздің төл мерекеміз – көлік қызметкерлері күнін де лайықты тартулармен қарсы алдық.

Біздің кәсіпорынның техникалық базасы да жаңғырып, жаңарып келеді. 2012 жылы кәсіпорынға 42 жаңа «НефАЗ» автобустарын алдық. Алдағы уақытта да көліктерімізді жаңарту жоспарда тұр, – дейді кәсіпорын директоры Асылхан Қадыров.

Көлік қызметкерлері күніне орай кәсіпорында түрлі мамандық иелері арасында шеберлік сайысы өтті. Кәсіпорын алаңында мұндағы үш колоннадан 25 жүргізуші «Кароса» және «ПАЗ» автобустарымен арнайы боялған доңғалақтар арасынан жүр өтіп, өздерінің ептіліктерін көрсетті. Ал, сайыстың екінші бөлімінде олар жол ережелері бойынша тест тапсырды.

Айтуға оңай болғанымен, бұл сайыстың өзіндік қиындықтары аз болған жоқ. Қозғалыс кезінде көліктері боялған доңғалақтардың бірін жанап кетсе болды жеңілгені. Жеңіл көлік емес, «Кароса» сияқты ұзын автобуспен мұндай сынақтан сүрінбей өту үшін бір ғана шеберліктің аздық етері анық. Әрине, бұл жерде «ПАЗик» жүргізетіндерге біршама жеңіл болды.

Намысқа тырысқан жігіттер өз колонналарының алдыңғы лектен көрінулеріне күш салып бақты. Әйтсе де, жарыстың аты жарыс. Ең мықты деген үш жүргізуші жеңімпаз деп табылды. Олардың бірі №4 колоннаның жүргізушісі Азамат Ахмедия бірінші орынды жеңіп алса, қалған екі жүлделі орынды №2 колоннаның жүргізушілері Бекзат Ибраев пен Абзал Төлегенов өзара бөлісті.

Жүргізушілер аулада бақ сынасып жатқанда жөндеу шеберханасында токарьлар мен автоэлектриктер де өз кәсіптері бойынша сынға түсті. Токарьлар автобусқа қажетті бөлшек жонса, электриктер көліктерге техника қауіпсіздігі үшін бейне қондырғылар орнатты. Мұнда олар уақыт және сапа үшін тер төкті. Нәтижесінде электриктер Витали Шишов бірінші, Руслан Шераков екінші, Василий Порожний үшінші орынды иемденді. Ал, токарьлар арасында Анатоли Шпрингер топ жарса, Михайл Дюшко екінші, Александр Жданов үшінші орынды жеңіп алды.

Айтпақшы, кедергілерден жүріп өткен соң жүргізушілер теориялық білімдерін сарапқа салды. Мұнда жол ережелерінен мүлт жібермеген №1 колоннаның жүргізушісі Олег Чикмарев бірінші орынды жеңіп алса, №2 колоннаның жүргізушілері Нұрбол Жұмақаев екінші, Ермек Өтегенов үшінші орында иеленді.

Жолаушылар тасымалдау автокөлік кәсіпонында бұл күні өзге де мәдени және спорттық шаралар өткізілді. Соның бірі балалар арасында техника қауіпсіздігі бойынша сурет салудан өткен байқау. Байқауға осы кәсіпорында еңбек ететін жүргізушілер мен қызметкерлердің балалары қатыстырылды. Солардың арасында жас қылқалам шеберлері Алексей Литвиненко, Дінмұхамед Нарбаев, Марлен Нұрлан топ жарса, Айбек Қажымұқан жеңіске деген ынтасы үшін ерекшеленді.

Жеңімпаздарды «Лоджистик» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Әсел Жанжігітова құттықтап, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Дайындаған Ізтай Белгібайұлы. Суреттер автордікі

Комментарии закрыты.