ҚҰРЫЛЫСШЫ – мәртебелі мамандық

Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыз айының екінші жексенбісін «Қазақстан құрылысшылары күні» деп жариялағанына 16 жыл толды.

Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Мемлекет басшысының қолдауымен Тәуелсіздік жылдары елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді.

Құрылыс — экономиканың негізгі діңгегі болып келеді. Кейінгі жылдары бүкіл рес-публика бойынша, оның ішінде біздің қаламызда да құрылыс саласы қарқынды дамуда. Осы ауқымды саланы алға жыл-жытуда құрылысшылар қазіргі заманға сай білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына айтарлықтай еңбек сіңіруде. Құрылысшылар өмірге деген белсенді қөзқарастағы жандар болғандықтан, олардың кәсіпқойлықтары мен шеберліктерінің арқасында жаңа үйлер, мектептер, аурухана, жолдар салынып жатыр. Соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы қарқын алып келеді. Оның ішінде біздің аймақта тұрғын үй құрылысы және «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламалары аясында ауқымды тірліктер атқарылды. Тұрғын үй құрылысын дамытудың аймақтық бағдарламаларына сәйкес Сәтбаев қаласы бойынша соңғы бес жылда жалпы ауданы 65231 шаршы метр тұрғын үй салынып пайдалануға берілді, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 5768 шаршы метр болатын төрт 3-қабатты 18-пәтерлі тұрғын үй, жалпы ауданы 4146 шаршы метр 48-пәтерлі тұрғын үй салынды, жалпы ауданы 5920 шаршы метр Наурыз 3В мекенжайындағы екі 35-пәтерлі тұрғын үй, жалпы ауданы 2900 шаршы метр болатын Комаров 9А мекен жайдағы көппәтерлі тұрғын үй сатып алынды. Ағымдағы жылы бағдарлама аясында 4-қабатты 56-пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, жалпы ауданы 2150 шаршы метр болатын тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін Сәтбаев қаласының Шығыс тұрғын үй ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың құрылысы жүргізілуде. Жалпы 2014 жылы қаламызда барлық қаржыландыру көздерінен 10010 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде қаладағы бой түзеген тұрғын үйлерде, еңсе тіктеген емхана-ауруханалар мен білім нысандарында, пайдалануға берілген барлық нысандарда – бәрі-бәрінде құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Сондықтан құрылысшы еңбегі қашан да құрметке лайық!

Осы мереке күні, құрметті құрылысшылар, бар өнерлеріңізді, жандарыңызды салып жасаған ерен еңбектеріңіз үшін шынайы алғыс айтуға рұқсат етіңіздер! Сіздерге мықты денсаулық, сәттілік және еңбектеріңізде жаңа табыстар тілеймін!

Г.Бакирова, «Сәтбаев қаласының құрылыс бөлімі» ММ-нің басшысы.

Комментарии закрыты.