Тұрғын үйді жаңғырту ортақ іс

20140808-12-1Бүгінгі күні ел аумағында салынғанына біраз жыл өткен көпқабатты үйлерге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Бұл игі бастаманы облыс көлемінде алғашқы қолға алған біздің Сәтбаев қаласы болатын.

Үш жылға таяу уақытта осы жобаның нәтижесінде қаладағы бірнеше тұрғын үй жаңа келбетке ие болды. Алайда, жобаның пайдасын түсінбей жүрген тұрғындар әлі көп кездеседі. Көптің санасында Үкімет пен жергілікті билік жөндеп береді деген ескі сенім әлі күнге дейін бар. Үкіметтің ескі үйлерді жаңартудағы көмегі осы жоба екендігіне иланғысы келмейді. Бір қуантарлығы, тұрғындар тым болмаса подъездерінің іші жарқырап тұруын қалап, өздері ортақ ақша шығарып жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандар баршылық.

Бұл бастаманың негізінде қаладағы Гурба 11, Гурба 51, Ерден 207, Абай 74 және Ұлытау көшесі, 94 үйлердің кіреберістері мұнтаздай таза. Тіпті көбісінің подъездерін үй ме деп те қаласыз.

Тұрғын үй инспекциясының басшысы Назгүл Сүттібаеваның айтуынша, 2012-2013 жылдар аралығында 530 подъезд жаңғыртылса, биылға жоспарланған 56 подъезд қалыпқа келтірілген.

– Бастаманы көбіне көп жасы егде тартқан қарттар қолдайды. Оған дәлел ретінде Гурба 51 үйде тұратын 92 жастағы әжей өздері тұратын үйдің подъезін әктеп, сырлап жатыр. Қарт әженің осы бір ісін жастар да қолдап жатса жақсылық қой, – дейді тұрғын үй инспекциясының мамандары.

Биылғы жылы атқарылған жұмыстардың бірі ретінде – Наурыз 3 в-ның А блогында тұратын тұрғындардың игілікті ісін айтуға болады. Тұрғындар бір апта бұрын подъездің жөндеу жұмыстарын аяқтаған. (суретте) Атқарылған іске жаныңыз сүйсінеді. Қабырғаларын, баспалдақтарын сырлап қойған тұрғындар өздеріне жайлылық сыйлап отыр.

– Осы үйдің тұрғындары тазалық пен әсемдік үшін ортақ іске ұйытқы болдық. Өйткені бұл подъезде өзге емес өзіміз тұратындықтан балаларымыздың денсаулығын ойладық. Әр тұрғын подъезді жуып, тазалап тұрады. Кіреберістің ішін сырлап, әктеуден бөлек есігін де жаңарттық. Алдағы уақытта подъездің ішін одан әрі әрлендіре түсу ойда бар, – дейді игі іске ұйытқы болған жас ана Жанайым Искакова.

Міне, ерінбегеннің еңбегі жарқырап тұр. Оны жарқыратып көрсететін тұрғындардың өздері. Осындай жақсы іске өзге тұрғындар да жұмылып, үйлерінің шағын бөлшегіне айналған подъездерді таңдай қақтырарлық сұлулықпен безендіріп жатса ешкім кедергі емес. Қайта мақтаныш емес пе?

Өзіңіздің тұрып жатқан үйіңіздің подъезді тап-таза болуып тұруы Сіздің денсаулығыңыздың кепілі. Себебі, қазір әртүрлі аурулардың өршіп тұрғаны жасырын емес. Осы аурулардың микробтары көп жағдайда аяқкимі мен ілесе келеді.

Егер подъезд тазаланып, оның ішінде арнайы аяқкиім сүртетін шүберек болса, микроб үйге еріп кірмейді. Денсаулықты сақтау осындай ұсақ-түйектен басталатынын да ұмытпаған абзал болар.

Оның үстіне көпқабатты үйлердің кіреберістеріндегі жылуды ұстап тұру күнтәртібінде тұрған мәселелердің бірі. «Қыс қамын жаз ойла» демекші, осы бастан әр тұрғын пәтер иелері коперативімен бірлесе отырып, подъездеріндегі сынған терезелерді ауыстырып, есіктерін жаңаласа энергия үнемдеуге де көп септігі тиер еді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.