Есімдері көшелерге берілсе

Құрметті редакция!

Сіздерге хабарласа отырып, мен көтерген мәселе шешімін табады деп сенемін.

Мен кенді өңірдің дамуына үлес қосқан, білім саласына еңбек сіңірген азамат Жүсіп Асановтың ұрпағымын. Әкем осы өлкедегі алғашқы ұстаздардың бірі болған еді. Ол кісі сонау 1927 жылы Қарсақбайда тұңғыш ұстаздардың қатарында еңбек жолын бастаған болатын. Одан кейін де Атбасарда, Жезқазғанда білім саласында табан аудармай тер төкті. Ерен еңбегі еленіп, 2001 жылы Жезқазған кентіндегі көшеге Жүсіп Асановтың есімі берілді. 1994 жылдан бері көшеге әкемнің есімін беру үшін 7 жыл бойы тиісті құжаттар дайындап, оларды тіркетіп, рәсімдеген едім. Нәтижесінде қолға алған ісім жүзеге асып, кентте Асанов көшесі пайда болды. Ал енді екі-үш жыл көлемінде кент тұрғындарын көшіреді дегенді естіп, көңілім қобалжып қалды. Әрине, тұрғындарды қауіпті аймақтан көшіріп, жайлы үй берген өте орынды. Мені болса енді кент жермен-жексен болғанда әкемнің есімі ескерусіз қала ма деген ой толғандырады. Осы орайда өтінішімді білдіріп, ойымды ортаға салмақпын. Мен енді кент тұрғындарын көшіретін жаңа ықшам аудандағы көшелерге кезінде кенттегі көшелерге аттары берілген азаматтардың есімдері берілсе деймін. Сонда өлкенің гүлденіп, дамуына атсалысқан азаматтардың алдындағы борышымыз орындалып, абзал жандардың есімдері қала тарихында қалар еді. Осы тілегім қала басшылығына жетіп, тиісті шаралар қарастырады деп сенемін. Бүгінде жасым 80-ге келді, Алланың берген жасын жасармын. Алайда әкемнің есімі ұмытылмағанының куәгері болғым келеді.

Мәкен Асанова.

Аталмыш мәселе көтерілген соң біз Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, қаланың Құрметті азаматы, облыстық ардагерлер Кеңесінің мүшесі Шермұхамбет Байбосыновтың пікірін білген едік. Ол кісінің ойы да Мәкен апаның ойымен бір жерден шықты.

Менің ойымша, Мәкен Асанова өте орынды мәселе көтеріп отыр. Әрине, кезінде есімдері көшелерге берілген еңбек ерлерінің, әсіресе, шахтерлердің есімдері халық жадында сақталуы тиіс. Ал біз кентті көшірген соң ол кісілердің есімдерін ескерусіз қалдырсақ, ол – аталмыш азаматтардың еңбегіне, рухына, тіпті тарихқа қиянат. Мәселен кезінде күллі Кеңес үкіметіне есімі мәлім болған, кеніште бұрғылаудың жаңа әдістерін енгізген, социалистік жарыстардың жеңімпазы болған Анарқұлов сынды кеншінің, ерен еңбегімен ел есінде қалған Әбиевтің есімін қалайша ұмытамыз? Осы ұрпаққа үлгі істері тарихта қалған жандардың есімдерін басқа көшелерге беру керек дегенмен толық келісемін. Ол біздің азаматтық парызымыз – дейді ақсақал.

Сөз жоқ, ортаға тасталған ой салиқалы. Ол бір адамның мүддесіне ғана қатысты емес, елім, туған жерім деп аянбай еңбек еткен азаматтардың ұрпақтарын толғандырып отырған мәселе. Олай болса, біз сіздің де қадірлі оқырман, пікірлеріңізді, ойларыңызды, ұсыныстарыңызды білгіміз келеді.

Дайындаған А.Құлашова.

Комментарии закрыты.