Бейбіт өміріміздің кепілі – ядролық қарусыз әлем

Ақырса дауысы аспанға жеткен Кеңес заманында еліміздің аумағында дүмпуі күшті ядролық қарулардың қоры болған. Семей сынақ алаңында 450-ден аса ядролық жарылыс жасалған. Оның 120-дан астамы ашық аспан астында жарылып, қазақ жерінің 3000 мыңнан аса шақырымына улы радиация таралды.

Қырық жыл қазақ жерін улап келген Семей полигонының жабылуы – қазақ елінің ядролық қарудан бас тартуының бастамасы еді. Тәуелсіздігін енді ғана алып, еңсесін тіктеп жатқан тұста Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы сынақ алаңының отын1991 жылы 29 тамызда бір жолата өшірді. Ұлт көшбасшысының осы бір ісін БҰҰ-ның басшылары бірден қолдап, осы күнді «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық» күні деп белгіледі.

Бейбіт өмірдің кепілі және жолы деп ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан қазақ елі жалпы Орта Азия аумағында ядролық қарусыз кеңістік құру бастамасын да көтерген жалғыз мемлекет.

Ядролық қарудан бас тартудың жаңа үлгісін көрсеткен еліміздің басты ордасы – Астанада 2012 жылдан бері «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» халықаралық конференциясы өтіп келеді.

Бұл конференцияның негізгі мақсаты – әлемде ядролық қаруды бейбіт өмірден шеттету. Осы халықаралық конференцияда Президент Н.Ә.Назарбаев «Әзірге ядролық қаруды таратпау режимі әмбебаптыққа қол жеткізген жоқ. Шартқа сәйкес келмейтін «жаңа» ядролық және кейбір «шектік» топтағы елдер де бар. Бұдан екі жыл бұрын АҚШ пен Ресей арасында Прага келісіміне қол қойылды. Бұл келісім стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту процесін жаңартуды көздейді. Алайда, бұл «ядролық клуб» саналатын өзге елдер үшін үлгіге айналмады. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт күшіне енген жоқ. Бұған «шектік» топтағы тек бірнеше елдің ғана қолы жетіспейді. Ядролық энергетика жөніндегі ұлттық бағдарламаны дамытуға жаһандық бақылау жасау туралы мәселе реттелмей отыр. Өткен жылы орын алған Фукусима АЭС апаты күллі әлемге бейбіт атом нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиясының артта қалу проблемасын айқын көрсетіп берді», деген болатын.

Жалпы алғанда, ядролық қарусыз қоғам құру ісінде қазақ елінің қолға алған әрбір ісі халықаралық деңгейде өзінің бағасын алып келеді.

Дайындаған Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.