Ізі мен ісі қалды артында

20140815-07-2Өмір дейтін өтпелі бекетте адам ұрпаққа өнеге боларлық ісімен есте қалса, өзінің пенделік парызының бірін орындағаны. Мен сөз еткелі отырған Құланбаева Тойкен Жаппасқызы бес күндік жалған ғұмырда осы парызын өтей білген жаны жайсаң жан еді.

Тойкен Жаппасқызын №3 орта мектептің табалдырығын оқушы болып аттаған күннен бастап білемін. Оның оқушыларға білім берудегі өзіндік әдістері болатын. Қатаң мінезді көрінгенмен, шәкірттеріне жылы қабақ танытып, анасындай қарайтын ұстаздың да арамыздан бақи дүниеге көшкеніне қырық күн толды.

Құланбаева Тойкен Жаппасқызы 1946 жылы 28 қыркүйекте Ұлытау ауданына қарасты Жетіқоңыр кеңшарында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтағаннан кейін, 1960 жылы Саран мемлекеттік училищесіне түседі. Оны 1964 жылы мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Сарыкеңгір ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. Алғыр да зерек Тойкен жастайынан білімге құмартып өскені болса керек, еңбек ете жүріп, ізденіп, Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік институтының тарих факультетіне 1966 жылы түсіп, 1971 жылы аяқтап шығады.

Сол кездегі кенді өлкедегі Весовая елді мекеніндегі №10 қазақ орта мектебіне орналасып, онда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Білім берудің жаңа үлгілерін өзінің әдіс-тәсілдерімен ұштастырып әкететін білікті маманның еңбегі осы сала басшыларының көңілінен шығады. Сөйтіп, Т.Құланбаева 1978 жылы Жезқазған кентіндегі № 7 мектепке директор болып тағайындалады. Үлкен жауапкершілікті талап ететін қызметті ол 1992 жылға дейін мінсіз атқарды. Одан кейін Жезқазған қаласындағы мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында, №6 мектепте жауапты қызметтерде еңбек етті.

1997 жылдан 2010 жылға дейін №3 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жас буынды тәрбиелеу ісіне өз үлесін қосады.

Қырық жыл педагогика саласындағы Тойкен Құланбаеваның еңбегі бағалаусыз қалмады. Еліміздегі білім саласында өзіндік ісі бар ұстаздарға берілетін жоғарғы атақтардың бірі – білім беру ісінің үздігі, әдіскер ұстаз атақтары – еңбегінің бағаланғандығының дәлелі.

Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.

Ұрпақ тәрбиелеуде – ісі, өмірде өшпес ізі қалған Тойкен Жаппасқызының жарқын бейнесі өшпек емес.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.