Акцияға атсалысайық!

20140815-08-1Тамыз айының 1 күні еліміздің барлық өңірлерінде республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталған болатын. Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік бағыттағы бұл бастамасы биылғы жылы «Балаға мейірім сыйла» ұранымен өткізілуде. Осыған орай, аталмыш акция жөнінде халықты ақпараттандыру, алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстардың жоспарымен таныстыру мақсатында қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жиын өтті.

Жалпы «Мектепке жол» акциясының мақсаты жаңа оқу жылына дайындық уақытында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету, сондай-ақ, олардың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу болып табылады.

Іс-шараға білім бөлімінің бас мамандары, әдіскерлері мен мектептердің әлеуметтік педагогтары қатысты. Жиын барысында жалпыреспубликалық акцияның қаламызда өткізілу барысы, «жедел желі», «сенім телефоны» қызметтері және демеушілерді тарту бойынша жүргізілген жұмыстар жайлы сөз қозғалды.

Білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің берген мәліметіне сәйкес, акция басталған күннен бері білім мекемелерінің мұғалімдері, ювеналды полиция тобының инспекторларының қатысуымен әр аптаның сенбі күндері кестеге сай саяжайларда, жайсыз отбасыларда рейдтер жүргізіліп, анықталған балаларға көмек көрсетілуде. Қала тұрғындарын акцияға қатысуға шақыру мақсатында ірі сауда орталықтарында мектеп құралдары мен киімдерді салу үшін «Мейірімді жан» контейнерлерін орналастыру жоспарланған. Бүгінгі күні сенбілік жәрмеңкеде мектепке қажетті оқу құралдары мен киім-кешектер қолжетімді бағамен сатылуда. Барлық білім ұйымдарында, сауда нүктелерінде, банктер мен денсаулық сақтау мекемелерінде ақпараттық стендтер, баннерлер дайындалып, қала көшелерінде хабарландырулар мен 800 үндеу қағаздары ілінген.

Тұрмыс жағдайлары төмен отбасы балаларына көмек көрсету үшін жергілікті бюджеттен 4 136 250 теңге қаражат бөлініп, 50 оқушыны мектеп формасымен, 300 оқушыны аяқ киім, сөмкелермен қамтамасыз ету, ал, жалпы оқыту қорынан 300 оқушыны спорттық киімдермен, 500 оқушыны кеңсе тауарларымен қамту жоспарда бар. Биылғы оқу жылында көмек көрсетілетін 1330 баланың тізімі жасалды. Акцияның басталғанына аз уақыт болғанына қарамастан, қалалық ішкі істер бөлімі бірінші болып 70 мың теңге көлемінде табысы төмен отбасынан шыққан балаларға көмек көрсетті. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Галина Шевченко 20 мың теңгеге 2 оқушыға кеңсе тауарларын және 34 мың теңгеге бірінші сынып оқушыларына арналған оқыту кестесін сыйлады, – дейді білім бөлімінің әдіскері Дүйсенкүл Түкенова.

«Балаға мейірім сыйла» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Сондықтан, материалдық қиындық салдарынан мектепке бара алмай жүрген балаларға жәрдемдесем, олардың мектепке әзірлігіне көмек қолын созам деген азаматтардың барлығы әлі де өз үлестерін қоса алады.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.