Мағзұмбек Машайықұлы 75 жаста

20140815-06-1«Ардақтыларын мезгілінде қадірлей білу де ұлылықтың белгісі» деген сөз бар дана халқымызда. Сол үшін де еңбек ардагерлері, қарттарымызды көзі тірісінде, ортамыз-да жүргенде құрметтеп, олардың елімізге, Отанға сіңірген ерен еңбектерін, адамгершілік қасиеттерін кейінгі жастарға үлгі етіп, айтқан өнегелі сөздерінен тәлім-тәрбие алуға үйретіп отырсақ қандай ғанибет. «Өнегелі қарты жоқ жерде өрелі жас болмайды» дегенді де бұрынғылар тегін айтпаған.

Міне, сондай қазына қарттарымыздың бірі аймағымызға белгілі журналист, аудандық «Ұлытау өңірі» газетін ұзақ жылдар бойы басқарған, саналы ғұмырының көбін баспасөзге арнаған ардагер қаламгер, ақын ағамыз Мағзұмбек Машайықұлы 75 жасқа толып отыр.

Уақыт неткен жүйрік еді?! Мақаңның жетпіс жылдығын атап өткеніміз күні кеше ғана сияқты болатын. Содан бері де бес жыл сынаптай сырғып өте шығыпты. Сол мерейтойда Қарағандыдан Кәмел Жүністегі, бұл жақта мен, біріміз «қасиетті өңірдің шырақшысындай» деп, біріміз «қасиет қонған қара шал» деп қаспеттеп жазып едік. Енді, міне, жетпіс бес жылдық тойында да Мақаң жайлы мақала жазып, ой толғау тағы менің еншіме тиіп отыр.

Осы мақаланы жазу жайлы редактордан тапсырма алғанымда, «Қарашал жайлы біраз жайтты өткен жолы жазып, қапшығымның түбін қашығандай болып едім, әңгімеге өзек етер өркенді дүниелер таппай қиналып қалмасам игі» деп ойлағанмын. Сөйтсем, ол ойым бекер екен. Мақаң жайлы жазылмаған, жазатын жайттар әлі көп болып шықты. Соны қал-қадірімше оқырмандар назарына ұсынып отырмын.

Мақаңды бірінші рет көрген адам оның қандай кісі екенін ұғына алмай дал болуы анық. Өйткені, ол жаспен де, жасамышпен де, әйелмен де, ермен де ә дегеннен қалжыңдаса жөнеледі. Сондайда бейтаныс адамның «Мына кісінің мұнысы несі? деп оқшырая қарағанын талай көргенбіз. Егер, Мақаңмен он жыл бірге қызметтес болмағанымда менің де сондай ойда қаларым анық еді.

1984 жылы отбасы жағдайымен Жездіден Ұлытауға қоныс аудардық. Мен ол кезде Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде қызмет етіп жүргенмін. Үй көшкен соң мен де Ұлытау ауданының «Ұлытау өңірі» газетіне тілші болып ауыстым. Ол кезде жұмыс таңертеңгі тоғызда болатын «пятиминуткадан» басталатын. Жұмысқа шыққан күні мен де сол жиынға қатыстым. Бөлім басшыларына тапсырма беріп отырған Мағзұмбек Машайықұлы газеттің фототілшісіне «Клишелерді (фото суреттердің мырышқа түсірілген көшірмесі, газетке сурет сол клише арқылы басылады) екі күнде дайындап әкелесің. Әкелмесең «өз обалың өзіңе екі … көзіңе» дейтін бір ыңғайсыздау мақалды қойып қалды. Қойын дәптеріме берілген тапсырмаларды жазып отырған мен әлгі сөзді естігенде басымды әнтек көтеріп алдым. Менің бұл шалт қимылымды байқап қалған әріптестерім ду күлді. Сөйтсем, олар Мақаңның мұндай «коренной» сөздеріне әбден құлақтары үйреніп алған екен.

Мақаң кек сақтау дегенді білмейтін кісі. Жұмыс бабында «шәй» дескенімізбен Мақаңның «қаһары» шәйі орамал кепкенше дейтіндей тез қайтатын. Бір айналып келіп өзімізбен қалжыңдасып жүре береді. Соған қарап біз оның айтқанын жерге тастап көргеніміз жоқ. Сондықтан да болар, Мақаң жоғары жақтан бізге төнген қылышқа қалқан болып, өзінің қылша мойнын тосады. Оттан да судан да аман алып шығады. Бірақ, кейін сазайымызды беруді де ұмытпайды. Басшы болып жүргенінде «сенің қызметкерің жаман» деген адаммен жағаласуға баратын.

«Октябрь туында» еркіндеу жүріп қалған маған «Ұлытау өңіріндегі» алғашқы айлар ауырлау соқты. Мақаңның талабы қатты екен. Бір адамға бірнеше бет мақала жазуды тапсырады. Онысы және шұғыл дайын болуы керек. Мағзұмбек Машайықұлының түсінігінде, «дайын болу» деген сөз, материал жазылып қана қоймай, оны өзі һәм корректор оқып, бет болып шығып тұруы керек. Оның үстіне жеке авторлардың мақалалары мен оқырман хаттары бар. Бірдеңе айтайын десең Мақаңның өзі одан да көп жұмыс істейді. Ол кісінің бір қасиеті «мен редактормын, мақала жазу менің міндетім емес» деп отырмайды.

Бірге жұмыс істегендер біледі, Мақаң – қатты мазасыз адам. Газет жұмысын «ішек-қырындысына» дейін білетін ол барлық жұмысқа өзі араласты. Көп материалдар Мақаңның қолы тигесін құлпырып шыға келетін. Тіпті біз жарамсыз деп тапқан хаттың өзінен кішкентай «дән» көрсе ол соны, өзі айтпақшы, «конфетке» айналдыратын.

Кеңес өкіметі құлап, тәуелсіз ел атандық. Бірақ, мұның да шытырманы көп екен. Көзге көрінбейтін мылтықсыз майдан басталды. Әсіресе, есіктен кіріп, төрден бір-ақ шыққан талайлар тайраңдай бастады. Ұлттық мүддеңіз ойыншыққа айналды. Қақпайлауды көп көрген қазақ газеттері көбіне қорғанып әлек. Соған қарамай Мақаң ұлттық міддедегі, тарихы терең дүниелер жазып, елге үлгі көрсетті. Жұртшылықты бірлікке, ынтымаққа шақыратын өлеңдері жарық көрді. Хан талапай уақытты пайдаланып уысын толтырып қалғысы келгендерді аяусыз сынады, мінеді.

Әрине, «мылтықсыз майданның» да жазылмаған заңдары бар. Қисыны мықты, жазылуы тастай мақалаға «өзің – дорақ» сипатындағы хаттар да келіп жататын редакцияға. Ондайда, қарсыласыңның тізесін дірілдету үшін мықты интеллект, мол тәжірибе һәм мұқалмас қайрат керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ұлт мүддесін осылай жанын сала қорғаған шоғырдың алдыңғы шебінде біздің Мақаң да жүрді.

Жалпы, пенде болғасын жұрттың бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Ал біраз адамның «аяғын басып кеткен» Мақаңды жаратпайтындар тіпті көп. Бірақ, ол көпке ұнауға тырысып жатпайды. Ал, ұнатпаудың да түр-түрі бар. Ертеректе Мәкеңді аса жақсы көрмейтін бір жігіттің оның өлеңін іздеп жүріп тауып, жатқа оқып жүргенін көріп, таңғалғаным бар. Қорғасындай ауыр ойлары бар, жусандай кермек поэзиясын оқып отырып тамсанған әлгі жігітің қасындағы серіктеріне: «Өлеңдерінің бәрі жақсы! Тек өзі жаман…» деп бас шайқағанын да көрдім. Ал, өзін осылай жек көретін «дұшпандары» бар ақын бақытты болса керек!

Заман ағымы «Ұлытау өңірі» дейтін қарашаңырақта дән теріп жүрген бізді тоз-тоз етті. Қарымы мықты қаламгер ағалардың бірері о дүниелік болды. Тірілеріміз тірнек үшін жан-жаққа кеттік. Бізден кейін де Мақаң он жылдан астам сол қарашаңырақтың түтінін түзу шығарып, шаңырағын шайқалтпай ұстап отырды.

Қатарластары кейде қалжыңдап, «Әй, Мағзұмбек, осы жазғаннан мүйіз шықса қырық жылдан бері шығатын еді ғой. Қойсаңшы енді. Орныңды жастарға беріп демалмаймысың. Мақала жазып отырып жазатайым болсаң біреулер «байғұс зорыққан екен» деп күлмей ме», десе, оларға Мақаң «жетпіс беске келіп алайын, сосын демаламын ғой» дейді екен. Бұл жетпістегі «жігіттің» әңгімесі болатын. Сірә, жетпіс бес деген жеткізбейтін асу деп ойласа керек. Міне, сол жетпіс бесі де желкесіне мінді. Бірақ, біздің Мақаң әлі тың. Алла оған қуат берсін.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.