Оян, қазақ, құрметте өз тіліңді!

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тілдің көсегесін көгертіп, мәртебесін арттыру мәселесі күн тәртібінен түсе алмай келеді. «Әліпті әріп деп танымағандардың» санасыздығы ана тілін ақсатып келеді. Егемендігіміздің мерейлі 24 жылында таза қазақша сөйлей алмай жүрген қаракөз бауырларымыздың көбісі өз ана тілін меңгеру үшін арнайы маман жалдап, курстарға жазылып оқып жүргенін көріп қынжыламыз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзі кейбіреудің санасына сіңгенімен, кейбіреу өз ана тілінде сөйлеуге неге соншалықты арланады екен? Қайта өзге тілден рухани бай мұрасы бар тілін құрмет тұтса өзге ұлттың өкілінің алдында мәртебесі асқақ емес пе?

Жұмыс бабымен кейде ақпарат алу мақсатында мемлекеттік мекемелерге қоңырау шалғанда не қазақ емес, не орыс емес, қазіргі күннің тілімен айтқанда «шалақазақ» қыздары тұтқаны көтеріп, екі ауыз сөзді әрең айтып береді. Мемлекеттік мекемеде мемлекеттік тілді шорқақ меңгергендерге орын жоқ деген талап та қойылған болатын. Оның да ескерусіз қалғаны ма сонда!

Ұлт ұлт болып қалу үшін оның тілі мәңгі болуы керек. Ал, оны мәңгілік ететін сол ұлттың азаматы, кейінгі ұрпағы. Бүгінгі буын ана тілін шұбарландырып, екі сөздің басын құрай алмай мазақ болып жүрсек, болашағымыздан не күтеміз?

Қазір кейбір қазақтардың шала сөйлеп жүргендігі көп жағдайда ана тілінің мәртебесінің әлі күнге дейін өзге тілдермен иық тіресе алмауында болып тұр. «Тіл – құдіретті қару» деген екен бұрынғылар. Пәрмені мен құдіреті қазақ жерінде сан ғасыр бойы салтанат құрған ана тіліміздің өзегінде әлі талай мәселе бар. Ана тілін оқытып жатырмыз деген курстардың өзінде сапаға емес, санға ғана мән берілетін сыңайлы. Әйтпесе, ата тіліміздегі не бары 42 әріпті, соның ішінде қазақ әліпбиіне тиесілі 9 әріпті бірінші сыныптың баласы қазір 5 айда меңгеріп жүрген жоқ па?

Бізде ынта, жігер, тілге деген құрмет әлі күнге дейін шетте қалып келеді. «Оян, қазақ» деген Міржақып бабамыздың сөзі осыдан бір ғасыр бұрын айтылса да басты шұлғып әлі жүрміз. «Көш жүре түзеледі» деп, бастапқыда әліптің артын баққан едік. Енді бұл бейқамдық жарамас, ағайын.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.