Женис пе әлде Жеңіс пе?

20140815-12-2-120140815-12-2-2Талай тағдырдың сынынан өтіп, қанша қағажу көрген қазақ тілін біз егеменді елімізде құрметтей алмай отырмыз. Ол жасырын емес. «Ауруын жасырған өледі» демекші, ана тілдің кем-кетігін жазып жатсақ, біреуді сөккеніміз емес, өзімізді-өзіміз қамшылағанымыз болар.

Тәуелсіздікке қол жеткенде барлық қалалардағы көшелердің атауы ұлы тұлғаларымыздың есімімен атала бастады. Әрине, бұл өте қуантарлық жағдай. Алайда, сол көшелердің атауын дұрыс жазып жүрміз бе деген мәселеге келер болсақ, сауатсыз көше аттары шаһарымызда әлі күнге дейін бар.

Ұлы Жеңісті жас ұрпақ ұмытпай жүрсін деген ниетпен қаланың бұрынғы Юных ленинцев көшесі Жеңіс деп өзгертілген болатын. Ал, сол көше атауы бір жерде Женіс, енді бір жерде Женис деп жазулы тұр. Тақтайшаны мейлі, өзге ұлттың өкілі жазды делік, алайда, оған тапсырыс берген қазақ бауырларымыз ғой. Арғы тарихты алмағанның өзінде, 70 жыл бойы Жеңіс деп ұрандатып келген сөзді неге бұрмалаймыз?

Келер жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын тойлағалы отырмыз. Ұлы тойға деген құрметімізді осындай істерден бастау қажет екендігі өзінен-өзі түсінікті болып тұр.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қала көшелерінің атаулары құжатта бекітілген атауға сай келетіндігін тексеріп, бақылап отырса құба құп болар еді.

Жақында бір туысқанның 3 сынып оқитын баласы әкесімен кетіп бара жатып, «Әке, мынау көшенің аты қате ғой. Неге атауы Жеңіс емес, Женис, енді бір жерде Женіс болып тұр?» деп сауал қойғанын құлағым шалып қалды.

Өзіміздің тіліміздің қадір-қасиетін кетіріп, қате жазылған сөздері бар тақтайшаны ілгеннен, ілмеген дұрыс еді.

Қазақтың ұлы классик жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Қазақша жазу – қазақ сөздерінің кез-келгенін құрастыра беру емес» деген сөзін есте ұстасақ, бәлкім мұндай атаулар болмас па еді, кім білсін.

Жеңіс деген сөзде не бары бес-ақ әріп. Оның екеуін қате жазса не болғаны?

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.