Шахматтың шебері

20140815-03-1Тұлғаның ой-өрісін кеңейтетін әлемдегі ең танымал әрі тарихы тереңге тартқан ойынның бірі – шахмат. Американдык публицист Ричард Бах «Ең әсерлі білім – сені жеңе алатын бәсекелеспен шахмат ойнау» деген екен. Біз көбіне көп шахматқа тек спорттың бір түрі деп қана қараймыз. Ал, оның ойлау қабілетін қалыптастырудағы рөлі адамға теңдессіз көмек. Соған қарағанда әлемдік саясаттың сахнасына шыққан саясаткерлердің жеңісін осы шахматпен тікелей байланыстырып жататындығы жөнсіз емес.

Әлемдік деңгейде мойындалған спорттың бұл түрін қазақтың қаракөз ұл-қыздарынан да «ұршықша иіріп», талай қарсыластарын шаң қаптырғандар баршылық.

Кенді қаланың мақтанышына айналған КСРО спорт шебері, осы саланың ардагері Әзірбек Молдағалиев жасы жетпістен асса да шахматтағы шаршы алаңда ешкімге дес бермей келеді. Кезінде оның шахматтағы жеңісі көпті тәнті етсе, бүгінде шахматтың шебері атанып отыр.

Оның спорттың бұл түріне деген қызығушылығы тек еңбекке араласқан тұста ғана оянған.

– Қазір көп жастар шахматты бірден түсініп, күтпеген соққылар жасауды меңгерген. Таңданып қараймын әрі қуанамын. Өйткені, олар менің шахматқа бетбұрыс жасаған жасымнан ерте қызықты ойын көрсете біледі. Мен өзім шахмат ойынына еңбек ете жүріп ден қойдым. Біздің балалық шағымыз ауылдың күйбең тірлігімен өтті де, ойынға уақыт болмады. Оның үстіне әкей 1942 жылы соғысқа кетіп, қайта оралмады. Жезді бойында туып, өстік. Қарсақбайдағы интернатта, кейін Рудниктегі №7 мектепте білім алдым. Жоғарғы оқу орындарына түсуге мүмкіндік болмады да, мектепті бітірісімен Батыс Жезқазған кенішіне жұмысқа орналастым. Шахтаға орналасқан сәтте мұндағы жастардың көбісі бос уақыттарын спорт секцияларында өткізетіндіктерін айтты. Оның үстіне кеніште өткізіліп тұратын спорттық сайыстар делебені қоздыратын. Осылардың әсері болса керек, мен де бірден қызығушылық танытып, шахмат үйірмесіне жазылдым. Жұмыстан қолым қалт босаса шахмат ойнауды дағдыға айналдырдым. Жарыстарға қатысып, жеңімпаз атана бастадым. Адам бір нәрседен нәтиже шығарса соның жемісін көру үшін ізденіп, оқи бастайды. Мен де көп іздендім. Соның нәтижесі – 1964 жылы Жезқазған қаласында өткен жарыста чемпион атандым. Осы жарыстан кейін облыс деңгейіне дейін танымал болдым. 1965 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан кәсіподақтарының IV спартакиадасында облыстың намысын қорғап, жүлдемен оралдым. Оның арасында КСРО спорт шеберлігіне кандидат атағы үшін өткен жарыста бағым жанды. Ал, арада 6 жыл өткен соң, яғни 1971 жылы Қарағанды облысының чемпионы атандым. Осы жарыстардағы жеңісім мені қамшылай түсті. Өйткені, чемпион атағын алып жүру де оңай емес-тін.

1973 жылы Жезқазғанға облыс дәрежесі берілгенде спорт саласын жаңғырту бас-ты назарға қойылды. Шахмат та кең етек жая бастады. 1975 жылы өткен облыстық біріншілікте чемпион атағын алдым. Осы дәрежені 10 жыл қатарынан қорғап жүрдім, – дейді Әзекең.

Облыста талайды тізе бүктірген Әзірбек Молдағалиев облыстық шахмат клубына жетекшілік етті. Талай жарыстарда ол дайындап алып барған жас шахматшылар жеңіс тұғырына көтерілді. Әлі есінде, 1984 жылы Ресей, Украина, Орта Азия елдерінен кіл жүйрік жарысқа қатысқан бүкілодақтық І-шахмат фестивалінде Әзекең жеңісті болып, Кеңес Одағының көлемінде елге танылды. Оның жеңісі мұнымен тоқтамады. 1985 жылы Ә.Молдағалиев Украинада өткен «Азовские зори» атты бүкілодақтық фестивальға арнайы шақыртылды. Бұл сайыста Ә.Молдағалиев КСРО спорт шеберлерінің біразының белін бүкті.

Әзекеңнің бұл спорттағы соңғы шешуші жарысы Шымкент қаласында Түркістан қаласының 1500 жылдығына орай өткен халықаралық дәрежедегі турнирден де жоғарғы дәрежедегі шеберлер мен гроссмейстерлерді орта жолда қалдырады. Тағы да жеңіспен Арқа жеріне оралып, шәкірттер тәрбиелейді.

Абыройлы кенші әрі шахматтың шебері атанған Әзірбек ақсақал Сәтбаев қаласында шахматтың дамуына көп еңбек сіңірді. Қазір де спорттық-сауықтыру кешенінің жанындағы шахмат клубында жастарды осы спорт түріне баулып жүр. Аймағымыздағы дәстүрлі Ж.Көпеев жүлдесі үшін өтетін республикалық шахмат ойынының бірденбір ұйымдастырушысы осы Әзекең.

Ақсақал жақында ғана тағы бір жеңісімен қуантты. Алматы қаласында өткен 65 жастан жоғары қариялардың байрақты бәсекесінде алғашқы үштіктен көрініп, Азия чемпионатына жолдама алды.

Балалары да, немерелері де шахматты біркісідей меңгерген.

Ақырын жүріп, анық басқан қаламыздың спорт саңлағының жеткен жетістіктері – кейінгі буынға өнеге.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.