Өңір спорты өрлеп келеді

20140815-03-2Салауатты өмір салтын ұстанудың үздік үлгісін көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында бұқаралық спорт және дене шынықтыруды дамыту мәселесі ұлт саулығын қамтамасыз етудің басты тетігі екенін айтып келеді. Бұл орайда жастардың спортқа деген құлшынысын арттыруда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің рөлі ерекше. Міне, осы сала өңірімізде қалай дамып келеді? Спорт күні қарсаңында біз кеншілер қаласындағы аталмыш мектепте болып оның тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

Бізді қарсы алған спорт мектебі директорының міндетін атқарушы Елдос Әбдіраев мектепте атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктер жайлы кеңінен сөз қозғады. Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің спорт ордасы жылдан жылға дамып келеді. Мұндағы спорт үйірмелеріне қала жастары да көптеп тартылуда. Ал, тәрбиеленушілердің жетістіктері өз алдына бөлек әңгіме.

– Мектептің жұмысы өте жақсы. 2013-2014 оқу жылдарында біздің мектепте 820 бала спорттың 7 түрінен жаттығудан өтті. Жалпы, біздің спорт мектебінде бокс, грек-рим күресі, дзюдо, қазақша күрес, карате-до кекушинкай, жеңіл атлетика, футбол үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Бұл спорт үйірмелерінде 39 бастауыш әзірлік топтары, 15 оқу-жаттығу топтары жұмыс істейді. Мұндағы оқу-жаттығу жұмыстарын 13 штаттағы қызметкерлер мен 3 сырттан шақырылған жаттықтырушылар жүргізеді. Олардың екеуі жоғары санатты, жетеуі екінші санатты жаттықтырушылар. Орайы келгенде айта кетейін, жаттықтырушылардың біреуі халықаралық дәрежедегі, біреуі республикалық дәрежедегі спорт шеберлері болса, бір жаттықтырушымыз спорт шеберлігіне кандидат.

Осындай тәлімгерлерден тәрбие алған жастарымыз да жаман емес. Тамаша көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Соңғы бір жылдың өзінде екі спорт шебері, он бес спорт шеберлігіне кандидаттар, он сегіз бірінші разрядты спортшылар шықты мектебімізден. 13 тәрбиеленушілерімізді Әлия Молдағұлова атындағы спорт интернатына жібердік. Олардың ертең байрақты бәсекелерде еліміздің намыс-ын қорғайтын мықты спортшы болып шығарына сенімім мол.

Байрақты бәсеке дегеннен шығады, өткен жылдың өзінде біздің балғын спортшыларымыз 95 спорттық жарыстарға қатысты. Оның 75-і қаладан тысқары аймақтарда, 20-сы өз қаламызда өткізілді. Осы жарыстарда мектебіміздің тәрбиеленушілері тамаша нәтижелер көрсетті.

Мәселен, 2013 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионаттарда жеңіл атлетикадан – Р.Кашафутдинова, Е.Парамонова, А.Носова сынды қыздарымыз, бокстан – Н.Санарбай, Д.Дүйсенбаев, Р.Батиев сынды ұлдарымыз, карате-до кекушинкайдан – М.Мейірхан, А.Мұратбек, Қ.Сарқыт, А.Талғараева, З.Асадулова, Ж.Нұрмахан, Ж.Шахмұрат сынды ұлдарымыз бен қыздарымыз топ жарды.

Жалпы, біздің қаламызда спорттың осы бір түріне деген қызығушылық балалар мен жасөспірімдер арасында өріс алып тұр. Сондықтан да болар, осы спорт түрінен өткен жарыстарда жеңімпаздар қатары көп. Бір бұл ғана емес, спорттың өзге түрлеріне де балаларымыз үлкен құлшыныспен келіп жатыр. Қазір өңірімізде спорт өркен жайып келеді деп толық айтуға негіз бар, – дейді спорт мектебі директорының міндетін атқарушы.

Бүгінгі күні кеншілер қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшы жеткіншектері 17 тамыз – Спорт күніне дайындалып жатқан жайы бар.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.