Іркіліссіз еңбек ету – негізгі талап

20140815-02-1Сейсенбі күні қала әкімдігінде кезекті кеңейтілген аппараттық жиын өтіп, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің, бөлім басшыларының және өзге де кәсіпорындардың бір апта ішінде атқарған жұмыстары бойынша есептері тыңдалды.

Аппараттық жиынды ашып жүргізген Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар бірінші кезекте республикалық «Мектепке жол» акциясының қала бойынша жүзеге асыру барысын сұрастырды.

Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бойынша қаламызда 1330 бала нақты материалдық көмекке зәру. Әнуар Серікбайұлы әлеуметтік маңызы зор осындай акция аясында мемлекеттік мекемелермен қатар, қаламыздағы өзге де кәсіпорындар атсалысу қажеттілігіне тоқталды. Көмекке мұқтаж балаларға сатып алынатын оқу-құралдардың, киім-кешектердің сапалы болуын да қадағалау жөнінде тапсырма берді.

Бұдан кейін қала басшысы жылу беру маусымына дайындық барысын пысықтап, діни экстремизмнің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды ширатудың маңыздылығына тоқталды. Батыс тұрғын үй ауданының 2-ші кезектегі су құбыры және кәріз желісінің құрылысы белгіленген кестеге сай жүргізілмей отырғанын сынға алды. Әнуар Серікбайұлы қала активіне Кешенді жоспардың аясында қаламыздың Шығыс ауданындағы Жезқазған кенті және ГРП елді-мекендерінің бірінші кезекте көшірілуі тиіс отбасыларына арналған 24 екіпәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы қарқын ала бастағанын жеткізді. Мемлекет тарапынан осы үйлердің құрылысына, инфрақұрылымына қажетті қаражат та бөлінгенін жеткізді.

Бүгінгі таңда осы үйлердің құрылысымен айналысып отырған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Құрылыс-монтаждау тресінің құрылысшылары үйлердің іргетасын қалау жұмыстары бойынша жұмыс атқаруда. Қала басшысы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын халықтың қажеттілігін ескере отыра ашудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта жүйелі, жан-жақты сараптау жұмыстарының жоқтығын да айтып өтті. Жиын барысында «СәтТазалық» ЖШС басшысы Игорь Шишкин өз кәсіпорнының атқарып отырған жұмысы және нысандардың жылу беру маусымына дайындығы жайында есеп берді. Бұл кәсіпорын Сәтбаев қаласы және оған жақын жатқан елді-мекендердегі 497 үйдің, сондай-ақ кәсіпкерлік, мемлекеттік, коммерциялық нысандардағы инженерлік желілердің тұрақты жұмыс істеуін, жылу-сумен қамтамасыз ету бағытында қызмет көрсетеді. Қоқыс контейнерлерінің тазалығы да осы мекеменің құзырында. Әнуар Омар қала тіршілігіндегі маңызы зор кәсіпорынның жұмысына оң баға беріп, атқарылып жатқан жұмыстың талапқа сай деңгейде болуын қатаң ескертті.

Жиын соңында Әнуар Серікбайұлы елімізде соңғы уақытта орын алған үкімет құрылымындағы өзгерістер мемлекетті тиімді басқару бағытындағы басты қадамдардың бірі екеніне тоқталып, қала активіне бұрынғы талаппен жұмыс істей беруді міндеттеді. Әр мекеме қызметкері өз саласы бойынша жұмыс барысында іркіліссіз еңбек етіп, жүктелген міндеттерді орындауды қатаң тапсырды.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.