«Жусан иісі» – рухани мұра

20140822-05-1Баубек Бұлқышев атындағы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Алыста қалған балалық шағым» атты дауыстап оқу іс-шарасы өтті. Биылғы «Бір ел – бір кітап» акциясы көркемсөз шебері, көрнекті жазушы Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның» атты кітаптарына арналып отыр.

Акцияның мақсаты: ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу.

Іс-шарада Сайын Мұратбековтың өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы айтылып, «Жусан иісі» әңгімесі аудио кітаптан тыңдалды.

Сайын Мұратбеков 1936 жылы 15 қазанда Талдықорған өңірінің Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында туған. Балалық шағы соғыспен дәлме-дәл келіп, әкесі майданға аттанып кетеді. Алты жасқа келгенде, 1942-ші жылы анасы Рәзия қайтыс болады. Ал, әкесі қанқұйлы соғыстан аман-есен оралып, балаларға жетімдікті сездірмеуге тырысып, қайтадан Сақыпжамал деген кісіге үйленеді. Ол кісі екінші анасы болды. Осы алты жасынан кейінгі өмірінің біразы жазушының «Жабайы алма» повесінде кеңінен суреттелген.

Сайын Мұратбеков 1963 жылы ҚазМҰУ-нің журналистика факультетін, ал 1971 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. Мұғалім, аудандық, облыстық газеттердің әдеби қызметкері болды.

Алғашқы шығармалары 54-ші жылдары жарық көре бастады. Халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған «Ауыл оты», «Көкорай», «Отау үй», «Өліара», «Басында Үшқараның», «Қалың қар», «Дос іздеп жүрмін», т.б. шығармалары ұлттық бояуының қанықтылығымен танылды. Әсіресе «Жусан иісі», «Жабайы алма» сынды әңгіме, повестері қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін кеңейткен шығармалар.

Биылғы «Бір ел – бір кітап» акциясының арқауы болып отырған «Жусан иісі» шығармасы.

Әңгіменің басты кейіпкері – Аян – жинақталған образ. Жазушы Аянның өмірін бейнелеу арқылы сол кездегі жетім балалардың тағдырын көрсетеді, сонымен бірге, Аянның өмірі – жартылай жазушының да өмірі.

Аян – қиялшыл, арманшыл, ертегіші. Өзге құрбыларынан кішкене болса да, оны өмір есейткен. Ол қайсар.

Әңгіме соңында Аян қаладағы балалар үйіне аттанады. Өзі кетсе де, достарының көп нәрсеге деген түсінігін өзгертіп, өшпес әсер қалдырады.

Жазушы әңгіме соңында «Аян қайда екен, тірі ме екен?! Ондай бала тірі болуы тиіс. Ондай бала алдына нендей мұрат қойса да жетеді. Ал тірі болса жусанды төбеге бір оралмауы қалай, жусанның иісін сағынбауы мүмкін емес қой?» деп түйіндеп, оқырманның өзіне сауал қойып, Аянның қалған өмірінің қалай сабақталатынын қиялдауға, көз алдыңа елестетуге меңзейді. Жусан иісі – баланың майдандағы әкесінің тері күртесінің иісі. Жусан иісі – туған даласының иісі. Автор осы пікірмен Аянның адамгершілік рухының өрлігін, парасатты байсалдылығын, оның қиялы балалық қызығушылықтан туған ұшқыр ой емес, асқаралы мақсатпен астасқан биік арман екендігін анықтайды.

Қаламгер әңгімелерінің басты тақырыбы мен көтерген өзекті мәселесі – ауыл өмірі мен әлеуметтік жағдайдың өзара байланысын суреттеу арқылы кейіпкердің азаматтық табиғи болмысын, адамгершілік позициясын, рухани тазалығын, жан сұлулығын, нәзік құбылыстарын, сан қырлы қайшылықтарын, психологиялық этюдтермен өрнектеу. Осы мақсатта, ауыл адамдарының адалдығын, аңқылдақ, кіршіксіз ақ көңіл мінездерін, бауырмалдығын, ішкі ой-сезім иірімдерін, мұңы мен мұратын көркемдейді, күйкі тірлікті мінеп, оқырмандарына ой салады.

Жас оқырмандар әңгіменің төрт бөліміне тоқталып, өз ой-пікірлерін білдірді. С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Абилькасымова Ақжан, №1 мектеп-гимназия оқушысы Тойлыбаева Ардақ, №7 орта мектеп оқушысы Күзенбай Ақтолқын шығарма жайлы ойларын ортаға салды.

Іс-шара соңында «Жусан иісі» әңгімесі кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ, қаламыздың зиялы қауым өкілдері – Мұса Тілеуов, Жақсылық Омаров, Зағипа Байжанова, Лиза Бөлекбаева кітап жайлы ойларымен бөлісті.

Жазушы Сайын Мұратбековтың шығармалары кейінгі ұрпаққа рухани мол мұра болып қала берері сөзсіз.

Айгерім Қалиева, өлкетану кітапханашысы.

Комментарии закрыты.