Көшедегі жаңа мүсіндер

20140822-12-2Шаһарымызды сәулеттендіру мақсатында халықтың демалыс орнына айналған Кеншілер алаңына соңғы уақытта әртүрлі сәулетті мүсіндер қойылуда. Осы аптаның басында алаңға ұлттық киім киіп, арман-қиял жетегінде отырған қазақтың үш баласы бейнеленген мүсін орын тепті. Қазақ халқының ұлттық киімінде сомдалған үш баланың мүсінін көргенде кеудемізді қуаныш кернеп сала берді.

Жақсы жаңалықтың жай-жапсарын білу үшін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Aйтжановты әңгімеге тартқан едік.

Бұл мүсіндерді қала басшысы Әнуар Омардың тапсырысы бойынша Қарағанды облысы суретшілерінің шығармашылық кеңесімен бірлесе отырып, таңдау жасадық. Бетоннан сомдалған мұндай мүсіндердің алтауы орнатылуда. – Мүсіндердің биіктігі 1,7, 1,50, 1,70 метрді құрайды.

Кеншілер алаңына кеше ғана орнатылған мүсіндердің айналасында балалар асыр салып ойнап жүр. Бұл – қала басшылығының тұрғындарға алдымызда келе жатқан қос мерекеге тартуы. Біз алдағы уақытта Қарағанды облысы суретшілерінің шығармашылық кеңесімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, мүсіндер орнатуды жалғастыра береміз, – дейді қаланың бас сәулетшісі Т.Айтжанов.

Т.Айтжановтың айтуынша, шығармашылық кеңестің бұл жұмыстары облыс көлемінде жоғары бағаланған. Көркемділігімен көз тартқан осындай мүсіндердің бір данасы Қарағанды қаласының 80 жылдығына тарту ретінде сыйға берілген. Сәтбаев қаласының 80 жылдыққа тартуы аймағымыздың орталығындағы басты көшелер – Бұқар жырау мен Ә.Әлиханов көшелерінің қиылысында орнатылған.

Ұлттық тәрбиені ұрпақ санасына сіңіруде атқарылып отырған жақсылықтың қадірін тұрғындар білсе дейміз.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.