Кен қазғандар

20140822-03-1Аймақтық БАҚ өкілдерінің алғашқы атбасын тіреген жері Оңтүстік кенішке қарасты №67 шахтасы болды. Біз мұнда келгенде кеншілер шахтаға түсуге қам жасап жатыр екен.

Әрине, шахтаға түспес бұрын олар ауысымда атқаратын жұмыстарын бірге отырып пысықтап алады. Біз осы сәтке дөп түсіппіз. Аталмыш шахтаның №37-ші учаскесінің жігіттері де дәл солай, жұмыстарын жоспарлап жатыр екен. Учаске бастығы Болат Садықов жігіттеріне бәрін тәптіштеп айтып берген соң олар киінуге кетті.

Біз келген №37 учаске шахтадағы тікелей кен өндірумен айналысатын бірден бір учаске екен. Шахтаның ғана емес, тұтас кеніштің, тіпті «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінде кен өндіру жоспарының орындалуында бұл учаскенің үлесі салмақты. Олар бір айда 2100 тоннаға дейін кен өндіріп, ел ырзығын молайту жолында тер төгіп келеді.

– Біздің учаскеде екі жебелі бір «Мономатик», бір «Роболт» кен бұрғылау станоктары тұрақты жұмыс істеп тұр. Жоспарымызды да осы жарты айда жақсы орындап келеміз. Төл мерекемізде айлық жоспарды толық орындауға мүмкіндігіміз бар.

Бұлардың бәрі, әрине, учаскедегі жігіттердің жемісті еңбегінің нәтижесі. Қазір біздің учаскеде 15 адам еңбек етеді. Олардың бәрі сайдың тасындай дейтіндей іріктелген, мықты, шыңдалған бұрғылаушылар. Мәселен, бұрғылаушылар Ербол Құшалинов, Сергей Зимарин, Ержан Жамангарин, Жанат Оралбек, Қадыр Әбдімұратов, Нұрлан Сатыбалдинов деген жігіттер – біздің мақтанышымыз. Жалпы, учаскедегі кез-келген бұрғылаушыны өз ісінің майталманы деп атауға болады, – дейді Болат Садықов.

Ол әңгіме барысында осы учаскеде тер төгіп жүрген кен қопарушылар мен тиеушілердің, тасушылардың да атына ризашылық сезімін білдірді.

– Қай істе болмасын, бірлік болмаса тірлік болмайды. Біздің жұмысымыздың алға басуына кен қопарушылар мен тасушылар да өздерінің оң ықпалдарын тигізуде. Айталық, қопарушылар Думан Әбдіқошқаров, Кәкімжан Әлмағамбетов сынды жігіттер өз істерін жауапкершілікпен атқарса, тиеушілер Дархан Жалмурзин, Асыл Сейітов сияқты жігіттер қопарылған кенді түйір қалдырмай тиеп береді. Ал сол тиелген кенді Бағылан Рақымбаев, Шах Есенбаев сынды ТОРО жүргізушілері шашау шығармай кен түсіретін жерге жеткізеді. Сөйтіп, айлық жоспарды абыроймен орындауымызға өздерінің үлестерін қосып жүр, – дейді Болат әріптестері жайлы жылы лебіз білдіріп.

Суретте: учаскедегі жұмыс жоспарлау кезі.

Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.