Ас – адамның арқауы

20140822-03-3Тұрмыс көңілді болса, еңбек те өнімді болмақ. Жұмыскер үшін ең бастысы – жұмыс орнында жайлы жағдай болып, жұмыс киімдері мен тамақ-асы сапалы болуы. Басқа ештеңенің керегі жоқ. №67 шахтаның басшылары да осы мәселеге баса назар аударып отыр. Олар кеншілер тамақтанатын асхананы заманауи үлгіде жұтындырып қойған екен. Биылдың өзінде мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстарының атқарылғаны айқын аңғарылып тұрды.

Бізді асхананың меңгерушісі Фатима Әбішева қарсы алды. Осы салада ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған жанның шаруашылығы да жып-жинақы екен. Асханадағы пеш үстінде қазандар қайнап, дәмді тамақтың иісі мұрын жарады. Тамақ ішетін зал да мұнтаздай. Мұнда ел «евроремонт» атап кеткен заманауи құрылыс әшекейлері сондай бір ерекше күй беріп тұр.

– Асханамыз негізінен 100 орындық. Іші жаңа жиһаздармен жабдықталған. Бұл бағытта Оңтүстік Жезқазған кенішінің басшылары да, өзіміздің «Техэкспорт» фирмамыз да қолдан келген көмектерін жасауда.

Асханаға азық-түлік аптасына бес рет келіп тұрады. Тамақтың сапасы үнемі зертханада тексеріліп, сараптаудан өтеді. Сондықтан, кеншілер тарапынан «мыналарың былай» деген әңгіме болған емес.

Тағамдарымыз да дәмді. Біз негізінен төртінші рацион бойынша жұмыс істейміз. Біздің ас мәзірімізге ет, балық тағамдары, көкөніс, сүт және сүт тағамдары кіреді. Ас мәзірі күн сайын жаңғыртылып отырады, – дейді асхана меңгерушісі.

Мұнда асханадағы тамақтан бөлек, кеншілердің шахтаның астына алып түсетін, олар «тормозок» атап кеткен ас жабдықтары да әр күн сайын ауысып отырады екен. Бір күні ет, бір күні қалбырдағы балық, бір күні шұжық беріледі. Оның қасында ірімшік, сары май, шай ішетін кондитер тағамдары қоса жүреді. Мұның бәрі кеншілердің жұмыс басында бір сәт демалып, жүрек жалғауларына арнайы орайластырып жасалған.

– Асханамыздағы дәмнің тәтті болуы оларды дайындаған аспаздарға тікелей байланысты ғой. Біздің аспаздарымыздың бәрінің арнаулы білімдері бар. Және олардың алды осы салада ширек ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған жандар. Мәселен, Күләш Ахметова 26 жылдан бері аспаз болып келеді. Алтыншаш Саринова мен Айгүл Оспанова да оның өкшесін басып келе жатқан мамандар.

Асхананың техперсоналдары Орынкүл Жанжігітова мен Жанар Сансызбаева да өз істеріне ықтиятты, бесаспап жандар. Осындай ұжымымыздың арқасында біз де кеншілердің төл мерекелерін лайықты қарсы алуларына жағдай жасап отырмыз, – дейді Фатима Әбішова.

Суретте: Аспаздар ас әзірлеуде.

Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.