Ажарлы 60

20140822-04-1Адам баласының ғұмырында бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Сөйтсе-дағы халқымыз «алпыс – тал түс» деп жатады. Ал, сол асқаралы алпыстың шыңына абыройлы, асқақ жетуді әркім-ақ армандайды. Оған әркім әртүрлі жетіп жатады. Жеткен күнде де әр нәрсенің басын бір шалып, түк бітірмеген де бар, керісінше көптің алғысы мен сүйіспеншілігіне бөленіп, абыройға ие болған жандар да бар. Міне, сол өмір белесінің алпыс шыңына ажарлы жеткендердің бірі – Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі мен ҚР Тәуелсіздігіне 10 және 20 жылдық мерейтойлық медальдарының иегері Шынар Қаппасқызы Жанасылова.

Жуырда біз мерейтой иесіне жолығып, «Алпыстың асқарына шықтыңыз, осы биік шыңнан өз өткен өміріңізге көз жүгіртіп, нені медет тұтасыз, нендей жетістігіңізбен қуанасыз?» деген сауал қойған едік.

– Әрбір адамның маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Қанша жас берсе де, оны тек бір Алла ғана біледі. Әйтеуір көкірегінен қу жаны шықпаған адам күнкөрістің қамымен жүре береді. Қазақ айтады: «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деп. Жүз жасаған қарттарымыз кейде түк бітіре алмай өмірден озып кетіп жатады. Ал, азғантай ғұмырында елеулі еңбегімен есте қалатындар да бар. Оған нақты мысал – Шоқан Уәлиханов. Қаншама еңбегі қалды артында?!

Осы мерейтой жақындаған сайын «Мен осы уақытқа дейін не істедім?», «Ұлт мүддесіне сай қызмет ете алдым ба?» деген ой мені де жиі мазалайтын болды. Осындай сәтте мен өткен өміріме зер салып, ой таразысына тартамын.

Асылында, адам баласы өлшеулі өмірінің белгілі бір белестерінен өткеннен кейін алда әлі қаншасы қалғанын ажырата алмаған шағында екі нәрсеге тәуелді болады екен. Оның бірі – болашаққа мүдделілік болса, екіншісі – өткенге іңкәрлік. Болашаққа мүдделілік ертеңге деген ынтызарлықты арттырады, ал, өткеннің сарыны жаныңа жайлы сағыныш ұялатады. Сағыныш деген тәтті шырын тәрізді. Қанша ішсең де қанбайсың. Қаншама қызықты бастан кешсең де, сол қызықтар бола түссе екен, сол қызық, қуаныштар қайталана берсе екен деп армандайсың. Сондықтан да артыңа жиі қарайлайсың. Өткен өміріңдегі шуақты шақ жаңғырығы санаңды жаулап, жаныңды баурап алатыны соншалық, одан айырылғың келмейді. Қайталана беруін қалайсың.

Десек те, тіршілік ағыны дегеніңе көне ме? Жоқ. Өмір ағысы жаңқа құрлы көрмей, өр толқындарымен алға ағыза жөнеледі. Оған да еріксіз көнесің. Тек, өзіңе-өзің мығым болуың керек. Қолыңдағы ескегіңді түсіріп алмауға, толқынның шайқауымен қайығыңды аударып алмауға тырыс. Сонда ғана діттеген жеріңе жетуіңе мүмкіндік табасың.

Ия, тіршілік бұлтақ-салтақты көтермейді. Мұнда өзіне-өзі сенген ғана, ең бастысы алдына белгілі меже қойып, айқын бағыт ұстанған ғана мұратына жетеді. Жігерсіздер, ұшқалақтар мен талапсыздар орта жолда қалады. Сондықтан, әр кез басқан қадамыңа абай болғаның абзал. Бұл – өмір сабағы…

Шынар Қаппасқызы көсіле сөйледі. Шешіле сөйледі. Шынымда айтсам, мен мұндайды күтпеген де едім. Әшейіндегі «сен сұрақ қой, мен айтып отырайын» дейтін сұхбаттың ауылы алыста қалды.

 

ххх ххх ххх

 

Халқымыз қашан да нәзік жанды әйел затын қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысына, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған. Тарих беттерін таразыласақ, аналар қандай ауыртпалықты да халқы­мен бірге көтере білген. Жаугершілікте ерлермен бір­ге атқа қонып, қолына қару алса, бейбіт кезеңде бесік тербетіп, ұл-қыздарын даналық пен көрегендікке, ізет пен ілтипатқа баулып келеді. Дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне бар мейірімін төгіп, келешекке ақ жол тілеуші адам да сол – Ана. Адамзатты ақ сүтімен, аналық махаббатымен қуаттандырып, аялы әлдиіне бөлейтін, сөнбейтін мәңгі шырақ – ол да Ана. Бір сөзбен айтқанда, әйелдер қауымынсыз өмірді елестету мүмкін емес. «Әйелдің – отбасында, еркектің ат басында болуы» – жазылмаған заңдылық.

Дегенмен, қазіргі заманда бір шаңырақтың жүгін ер азаматтан кем көтермейтін әйелдердің де бары рас. Шынар Жанасылова солардың санатындағы жан. Алпыстың асқарына көтерілген ақ жаулықты ана саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. «Қыздың қырық жаны бар» демекші, отбасының ұйытқысы, асыл жар, аяулы ана, ардақты әже атанға­н Шынар Қаппасқызының табанды­лығына таңдай қағасың.

Бірде Сырым батыр Орта жүзге жолы түсіп келгенде сол елдің бір жас биі оған бірнеше сұрақ қойса керек.

– Сіз ағайынды нешеусіз?

– Мен ағайынды екеумін.

– Сізді Даттан ағайынды он бір деп естуші едік…

– Даттан он бір екенім рас. Бірақ, менің ағайынды екеумін дегенім, біреуі – өзім, екіншісі – халқым еді.

– Өтірік пен шынның арасы қанша?

– Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі. Көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік.

– Ақылды қандай адамға айтуға болады?

– Ақылды ұққан адамға айту керек.

– Ат не үшін шабады? Ер не үшін шабады?

– Ат шабысына қарай, ер намысына қарай шабады.

Шынар Қаппасқызы да шабысына қарай шапты, намысына қарай жортты. Кейінгі ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге тырысты. Керек кезінде ақылын да айтып отырды.

Өмірдегі көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірім­ділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Олай дейтінім, мұға­лім, біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірт­терімен қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына жүктейді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Бағбан жаңа өсіп келе жат­қан жас талды түзетіп, қисық кеткен жері болса, қалпына келтіріп отырады. Бала да сол секілді, көзден тасада қалдырсаң, ертеңгі күні опық жеуің мүмкін. Сондықтан, атам қазақ “тәрбие – тал бесіктен” деп бекер айтпаса керек. Бұған қоса шығыстың «тәрбиені бала бойға бітпей жатып бастау керек» деген­ даналық сөзі бар. Расында, «бала берсең – сана бер, сана бермесең – ала бер» демекші, санасында титтей де болса түйсігі бар балғынның ертеңінен үміт күтуге болады.

Жалпы, қазақ – өте текті халық. Біз бойымыздағы сол тектілікті оята білсек болғаны. Ол үшін жас ұрпақ жадына толассыз ата-баба мұрасын, салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін сіңіре бергеніміз жөн. Ұстаздық еткен жылдарында Шынар Жанасылова шәкірттерін біліммен сусын­датып қана қоймай, тәрбиені де тасада қалдырмаған. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі – басты қағидасы. Кеңес үкіметі кезінде білім алып, соның идеология­сымен өскен Шынар Қаппасқызы адалдық, тазалық деген мәселені бірінші орынға қояды. Бұл қасиет оған ана сүтімен, әке ақылымен дарыған.

 

ххх ххх ххх

 

Адам өмірде үш нәрсеге таңдау жасағанда кателеспеуі керек. Яғни, мамандық, дос, жар таңдауда. Бұл жағынан Шынар Қаппасқызының жолы болған. Шынар Жанасылова мен Сайран Жакуповтың отбасы босағасынан – бақыт, шаңырағынан шаттық арылмаған, махаббаты жарасқан отбасы. Әрине, мұның бәрі Шынардың өз ақылымен орнаған десек, әсте оның анасы Балжан апаға жасаған қиянат болар еді.

Жалпы, Шынар Қаппастың ғана емес, сол әулеттің тұңғыш қызы болды десек болады. Балжан екі ұлдан кейін осы қызын туғанда Жанасылға қарасты әулеттің қуанышында шек болмапты. Тіпті, кейбір келіндер мен абысындар ырымдап Шынардың иткөйлегі мен жаялығын бөліп-бөліп алысқан екен. Абысын-ажындар күніне бір келіп, шекесі торсықтай, аппақ қызды бір иіскеп кетпесе көңілдері көншімейтін. Кейін тәй-тәй басып жүргенде, былдырлап тілі шаққанда тіптен қолдан түспейтін болды. Анасы Балжан «тым еркелетіп жібердіңіздер, ертең шолжаң болып басымызға әңгір таяқ орнатпасын», деп күлетін. Әрине, Шынар ес біліп, есейген шағында тәрбиені қатайта түсті де. Анасы «жат жұрттық бала ғой, қашанғы еркелеп жүрер дейсің» деп ойлай тұрғанымен, «қырық үйден тыюын» да ұмытқан жоқ. Өзі ісмер, шебер кісі еді. Тамаққа да бап болатын. Сол білгендерін қызына үйретуге тырысты. «Сен бұл үйге қонақсың. Сенің өмірлік мекенің – аттаған жаңа босағаң. Сол жерге тастай батып, судай сіңуің керек. Бүгінгі үйренгендерің ертең өзіңе көмек болады» дегенді құлағына құйып отырды.

Қазақ «үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөзiмен екi адам бiр-бiрiн қанша сүйiп қосылғанымен, өмiрде кездесер қиындықтармен күресуде ұдайы қосыла бермейтiнiн меңзесе керек. Шаңырақ шайқалмас үшiн екi адамның бiрi, әсiресе, әйел баласының төзiмi мықты, сабыры салмақты болуы тиiс. Әйелдiң отбасына, жарына деген сүйiспеншiлiгi мықты болса ғана сол шаңырақтың кiлтiн ұстап қалады. Одан кейiнгi шаңырақты шайқалтпайтын киелi сезiм – ерлi-зайыптылардың бiр-бiрiне деген сенiмi. Екеуiнiң арасындағы сенiм мықты болса, оны бiр де бiр өсекшi бұза алмайды.

Шынар бойжеткен шағында өз шешесінен, кейін келін болып Сайранның босағасын аттағанда енесінен осындай тағылымы мол тәрбиелі сөздерді естіп өсті. Оны өзі де бұлжытпай орындауға күш салды. Бүгінде осы әңгімелерді өзінің келіндеріне де айтып отырады.

Иә, Шынар да осы алпыс жыл ғұмырында азды-көпті нәрсені бастан өткерді. Өмірдің тәттісін де, ащысын да татты. Тәттісіне масайрады, ащысынан сабақ алды. Сол көргендері мен көңілге түйгендерін енді өзінен кейінгілерге айтып отыр. Ал ол айтқандарын тыңдағандар жадында сақтары анық.

…Шынар Қаппасқызы бұл жолы шын көсіле сөйледі. Сөздері де салмақты, көкейге қонымды.

Алпыс деген жасқа абыройлы жеткенін мақтан етеді. Сол алпыстың жазығында ажарлы іздерінің жатқаны дәтіне қуат. Көрген мен түйгенді ұрпақ санасына жеткізу парызы деп түсініп, көсіле сөйлегені де сол екенін айтып, ақталып жатыр. Әрбір адам баласы сияқты ол да іңгәләп дүние есігін ашып, бала болып арсыл-гүрсіл жүгіріп, бойжеткен болып бой түзеді, тұрмыс құрып, үйлі-баранды болды. Құдайға шүкір, Сайран екеуі алтын асықтай ұлдар тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отыр. Балалары да қоғамға пайдасы тиер ер-азаматтар қатарына қосылды. Мұның бәрі Шынардың мына өмірге тектен-текке келмегендігін айғақтайды. Сондай-ақ, ол оның борышын адал атқарғанына дәлел. Тірілік болса әлі талай қырқаға шығар, бел-белестен асар. Тек Алла тағала сол дегенге жеткізсін.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.