Ата заң – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.

Елбасы Н.Назарбаев «Әр халық ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген.

Конституцияның 37 бабына сәйкес, ортақ тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндеттіміз.

Мұрағаттарда сақталған құжаттар ақпарат көзі емес, рухани және өткен дәуірдің материалдық-мәдени ескерткіші болып табылады.

Қазақстанның қысқа мерзім ішінде экономикалық жетістіктермен бірге демократияға жетуіне мұрағаттағы тарихи деректер айғақ. Біздің кеншілер қаласының алғашқы тұрғын үйлерінің салынуы, мектептер мен мәдени орталықтардың, әртүрлі саладағы қызмет ететін мекемелердің, жеке кәсіпкерлік ұйымдар мен өндірістердің пайда болу тарихи құжаттары мұрағатта сақтаулы. Алғашқыда Никольск кентінен бастау алған, кейіннен Сәтбаев қаласына атын өзгертуі, қаланың дамуын, өсіп-өркендейтінін растайтын деректер жинақталған. Әлі де өз өңірімізді зерттейтін мәселе өте көп. Тек өткенге көз тастап қана болашаққа нық қадам жасауға болады.

Осы басты қағиданы алға мақсат пен тікелей борышы деп қойған мұрағат қызметкерлері өз өңіріміздің тарихын қайта зерттеу жұмыстарымен айналысады. «Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болуы мүмкін емес» деген дана сөз бар. Көне мұралар мен қымбат қолжазбаларды сақтауға салғырттықпен қарауға болмайды. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін өткен тарихымызды, өз туған өңірімізді зерттеуге көп көңіл бөлінсе, Үкімет тарапынан қолдау жұмыстары жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы алғанда өз Конституциямыздағы әр бапты құрметтеп және маңыздылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің, яғни, әрбір Қазақстан Республикасының азаматының міндеті мен парызы.

А.Сырманова, Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы.

Комментарии закрыты.