Ашық есік күні

29140829-04-04«Нұр Отан» партиясының жұмыс жоспарына сай, тамыздың жиырма екісінде республикалық акция аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізілді. «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жүргізілген қоғамдық қабылдауды жұмыспен қамту орталығының басшысы Қ.Ашықбаев жүргізді.

Қабылдауға қала тұрғындары М.Оспанов, П.Тұрлығұлова, Ж.Шынтемірова жеке бастың мәселелерімен келді. Қ.Ашықбаев келушілер тарапынан көтерілген барлық мәселелердің шешімін табу үшін жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылатынын алға тартты. Осыған дейін жұмыспен қамту орталығында жұмыс жасап, біраз уақыт еңбектен қол үзіп қалған П.Тұрлығұловаға бағдарламаның үшінші бағытымен қайта даярлау курсына қатысу ұсынылды. Ал, Жәмилә Қанатқызы анасы сырқат болғандықтан, Сәтбаев қаласында туысқанының үйінде жүр екен. Оған негізгі тұрғылықты мекен-жайы Жезқазғанда тіркелгендіктен, сол жақтың жұмыспен қамту орталығы арқылы көмек берілетіні жайлы кеңес берілді.

Мақсат Түкенұлының жайы қатысушыларды алаңдатпай қоймады. «Екі қолға бір күрек» деп бүгінгі таңда көлік тұрағында күзетші болып 10 000 теңге жалақыға жұмыс жасап келе жатқан азаматтың тіпті сөйлеуге де мұршасы келмейтіні көрініп-ақ тұрды. Жұбайы да ауыр сырқаттар санатына жататындықтан, аяқтанбаған 5 баласының болашағына алаңдайды. Өзінің жағдайын толық түсіндіру үшін кездесуге досы С.Күлназаровты ертіп келіпті. Қ.Ашықбаевтан мүгедек тобына өту үшін жәрдемдесулерін сұрап келген екен. Қ.Ашықбаев Сәтбаев қалалық аурухана басшылығымен сөйлесіп, көмектесуге тырысатынын айтты.

М.Мұқатова. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.