Ұлт ұясындағы толғаныс

Жезқазған аймағына келген іссапарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлтымыздың ұлы ұясы – Ұлытауда болып, қарт таудың баурайында ұлтқа, болашақ дамуымызға қатысты мәселелерді терең қозғай отырып, сұхбат берді.

Әрине, бұл жобаның біздің аймақта жүзеге асырылуы өте қуантарлық жағдай. Себебі, жырақта жатқан өңірдің экономикалық дамуына мол мүмкіндік тумақ. Елбасы аймақтың осы бір тұсын ескере отырып, өзге мемлекеттерге Жезқазған арқылы шығуға жағдай жасады.

Ұлт Көшбасшысының көңілге қонымды қозғаған мәселесінің бірі – ұлтымыздың ата діні мен тіл тазалығын сақтай отырып, үш тұғырлы тіл саясатын елімізде бірте-бірте қолданысқа енгізу жайына баса мән беру.

Президент, сонымен қатар, келер жылы жұмысын толық бастағалы отырған еуразиялық экономикалық одақтың еліміз үшін тигізер пайдасын саралап берді. «Картаға қарайық, Қазақстан құрлықтың дәл ортасында орналасқан. Теңізге шығатын жолымыз жоқ. Біз мына Қарағандыдан, Жезқазғаннан мысты пойызға тиеп, анау Қара теңіздің жағасына жеткізгенше әр шақырымына ақша төлейміз. Қытайға, Ресейге жеткенше ақы береміз. Анау Еуропаға барғанша қыруар ақша жұмсаймыз. Сонда біздің «теңізіміз» не болды? Біздің «теңізіміз» – Ресей территориясы. Біздің «теңізіміз» – Қытай территориясы. Осы екі мемлекетті теңіз деп санасақ, біз солардың жағасында тұрмыз. Енді біз осылармен сауда-саттық жасамасақ, онда экономикамыз қалай өседі? 17 миллион ғана халқымыз бар. 250 миллиардқа жақын өндіріс өніміміз бар. 17 миллион халықты қамтамасыз етіп болғаннан кейін әрі қарай қалай өсеміз? Егер біздің шығарған тауарларымызды біреу сатып алмаса, ол қоймада тұрып қалады. Ол сатылмағаннан кейін зауыт тоқтайды. Зауытта істейтін жұмысшының бәрі жұмыстан босайды. Жалақысынан айы­рылады. Бала-шағасын асырай алмай, босып кетеді. Сондықтан, жақын көршілермен экономикалық қарым-қатынас жасау – маңдайымызға жазылған нәрсе. Мұны ешкім шекесі қызғаннан жасамайды. Мүмкіндігіміз осындай, басқа амалымыз жоқ. Сондықтан, экономикалық одақ құрдық», – деді Елбасы.

Бүгінде Украинаның мәселесі өткір тұр. Бұл жағдайға да өз уәжін айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы қай ұлтқа болмасын ең әуелі бірлік ауадай қажеттігін баса айтты.

Ұлт Көшбасшысының тарихи мекенде толғана отырып айтқан ұлтқа қатысты мәселелері кім-кімді болмасын ойландырды.

Айгүл Төлендина, «Cәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағаты» КММ директоры, қалалық мәслихаттың депутаты.

Комментарии закрыты.