Қос мамандық иегерлеріне құрмет

«Өлі риза болмай, тірі байымас»

29140829-12-01-229140829-12-01-1Биыл алғаш реет кенді қаланың тұрғындары Кеншілер мен байытушылардың төл мерекесін бірге атап өтті. Екі күн шаһарды думанға бөлеген мерекелік шара жұма күні кеніште опат болған азаматтарды еске алумен басталды.

Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешітке жиналған көпшіліктің ортасынан қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Саят Бәкіров, ардагерлер атынан Жүсіп Бисекеев сөз алып, өмірден өткен жандардың отбасыларына жақсылық, амандық тіледі.

Одан кейін аруақтардың рухына бағышталып құран оқылды. Жеті қат жердің астында жүріп, өндірісте өмірлерін қиған жандардың туыстарына мешіт асханасынан дәм берілді.

Дәл осындай шара орталық шіркеуде де өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Анатолий Ким және корпорация басшылығы қатысты.

 

«Кереметтегі» дастархан

29140829-12-01-3Корпорация басшылығы мереке аясында «Керемет» мейрамханасында ардагер кеншілер мен байытушылардың, олардың ісін жалғастырып жүрген алдыңғы қатарлы майталман мамандардың басын қосты.

Бір дастархан басына жайғасқан кеншілер мен байытушыларды қала басшылығы атынан әкім орынбасары Серік Имамбай, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Саят Бәкіров құттықтап, ел дамуында өзіндік қолтаңбалары бар жандардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі.

Тынымсыз еңбек иелеріне деген ақ тілектің қатары мейрамхана төрінде бірінен соң бірі жалғасып жатты.

Жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында жергілікті әнші, бишілер өнерлерін ортаға салды.

Ардагерлер корпорация мен қала басшылығына дастархан жайып, құрмет көрсеткендері үшін ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

 

«Кенші даңқы» алаңындағы марапат

29140829-12-01-4Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген кеншілер мен байытушыларға деген құрмет «Кенші даңқы» алаңында өтті.

Өндіріс саласының майталмандары бас қосқан митингке қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай қатысып, қала басшылығының атынан қос мамандық иелерін төл мерекелерімен құттықтады. «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің өндіріс бойынша директоры Сұлтан Ордабаев жиналғандарды мерекемен құттықтай келе, бір топ кеніш ардагерлері мен үздік мамандарына бірлестіктің бас директорының Алғыс хаты мен ақшалай сыйақысын тапсырды.

«Лайықты еңбек» кәсіподағының Жезқазған өндірістік аймағындағы филиалының төрағасы Қанатбек Мырзатов, «Жезқазғантүстімет» ӨБ кәсіподақ комитетінің төрағасы Ыдырыс Омаров бір қатар озық мамандарды марапаттады.

Бүгінгі күні алып шахталарға мамандар даярлау ісінде өзіндік үлесі бар қаламыздағы технологиялық колледждің биылғы жылғы түлектері мен үздік оқушылары марапатқа ие болды. Оларды «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС әлеуметтік еңбек қатынастары департаментінің директоры Нұрлан Шагиев құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Колледж студенттерінің атынан Жанболат Сағынтаев жігерлі жастарды ынталандырған корпорация басшылығына ризашылығын білдірді.

Марапаттау соңы «Кенші даңқы» ескерткішіне гүлшоғын қоюмен аяқталды.

 

Мерекелік ән шашу

29140829-12-01-5Екі күн кенді өлкені дүбірлеткен мерекеге қазақстандық және ресейлік әншілердің қатысуымен өткен концерт нүкте қойды.

Сахнаға әуелі жергілікті өнерпаздар өздерінің ән шашуымен көтерілді. Бір жарым сағатқа созылған жергілікті өнерпаздардың өнерін еліміздің эстрада жұлдыздарының концерті алмастырды.

Мерекеге арнайы шақыртумен келген әншілердің концертін «Аll Давай» тобының жетекшісі Шоқан Маратұлы мен әнші-актриса Аша Матай жүргізді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисті Нұрлан Өнербаев эстрада жұлдыздарының концертін бірнеше әндер орындап, ашып берді. «Дауыс интернешнл», «Ринго», «Дервиши», «Аll давай» топтары мен жас әнші Әсел Садвакасова және Нұрлан Абдуллин сәтбаевтықтарға ән шашуларын тарту етті.

Эстрада жұлдыздарының концертін қалың көпшілікпен қатар, қала және корпорация басшылығы тамашалады.

Мерекелік концерттің соңын Ресейден келген «Серебро» тобы тәмамдады.

Одан кейін Кеншілер алаңына жиналған көпшілік отшашуды тамашалады.

Дайындаған Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.