Жібек жолын жаңғыртқан ғасыр жобасы

Биылғы жыл Жезқазған-Ұлытау өңірі үшін мерекелі де берекелі жыл болды. Үлкен Жезқазған өндірісінің орталығы – Жезқазған қаласы 60 жылдығын, Ұлт ұясы атанған Ұлытаудың бөктеріндегі шағын аудан – Ұлытау ауданы 75 жылдығын атап өткелі тұрған тұста өңірімізде тағы бір қуанышты жағдай болды. 22 тамыз, қасиетті жұма күні Ел Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қарағанды облысындағы жұмыс сапары барысында Жезқазған-Ұлытау өңіріне арнайы атбасын бұрды. Елбасының өңірімізге әрбір сапары – тұрғындар үшін айтулы оқиға, қуанышты сәт. Жұртшылық Президенттің бұл жолғы сапарынан да мәні ерекше, маңызы айрықша жаңалықтар күткен еді. Сол үміттері ақталды. Мемлекет басшысының қатысуымен Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл теміржол желілері салтанатты жағдайда ашылды. Осылайша бұл күн ел тарихында, әсіресе, Жезқазған-Ұлытау өңірінің тарихында алтын әріппен жазылып қалды.

29140829-01-01

Ел экономикасының күретамыры

Соңғы жүз жылдықта болмаған алып құрылысқа осыдан бір жарым жыл бұрын Мемлекет басшысы дәстүрлі жалпыхалықтық телекөпір барысында пәрмен берген болатын. Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл – бұл Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі құрылысы жаңадан жүргізілген ең ұзын теміржол желісі болып отыр. Жалпы ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын болат жол Шығыс пен Батысты байланыстыратын болады. Елбасы «Ғасыр жолы» деп баға берген осы үлкен жобаның жүзеге асуы Орталық Қазақстан арқылы Достық станциясынан Ақтау портына дейін жүк тасымалын 500 шақырымға қысқартып, одан әрі Еуропаға жол ашатын, кешегі Ұлы жібек жолының жаңғырығы іспетті. Бұл Қазақстанның қосымша транзиттік жүк ағындарын таратуына барынша қолайлы ахуал орнатады.

Құрылысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында жапан даланы жаңғыртқан ірі жоба өте рекордтық мерзімде жүзеге асырылды. Аса үлкен құрылыс нысанын жүргізуге, теміржолдың басынан бір-біріне қарама-қарсы бағыттағы жол салу ісіне бес мыңнан астам құрылысшы тартылса, үш мың дана техника жұмылдырылды. 46 миллион текше метр топырақ қабаты төселіп, 37 көпір салынды және 500 суағар құбырлар тартылды.

Айта кету керек, жаңа теміржол желісінің бойында 48 жаңа станция мен жол айырықтары бой көтереді. Сонымен қатар, магистральдық желінің бойына жан кіргізетін энергетикалық нысандар, өндірістік кәсіпорындар және әлеуметтік инфрақұрылымдар қалыптасады, 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Магистральдық желі құрылысшылары бір-біріне қарама-қарсы бағытта тоғысатындай етіп жол салу арқылы, оның мерзімін екі есеге дейін үнемдеді. Жезқазған-Бейнеу мен Арқалық-Шұбаркөл теміржол желілері пайдалануға берілген соң, Қазақстан сауда және іскерлік серіктестеріне Еуропа мен Азияны жалғастыратын барынша қысқа әрі экономикалық тиімді транзиттік бағдарларды ұсынатын болады.

Жобалық құны 500 млрд. теңгені құрайтын бұл болат жолдың бойымен жылына 21,3 млн. тонна жүк тасымалданады деп күтілуде. Жезқазғаннан бастау алатын жолдың 374 шақырымы біздің облыс аумағын басып өтеді. Одан әрі Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына ұласады. Кешегі құлан жортқан құба жүзге жан бітіп, енді еңбек дүбіріне бөленетін болды. Теміржолдың бізге қатысты бөлігінің өзінде Қарсақбай, Байқоңыр, Көктал, Қоскөл, «Промежуточная» сияқты 5 станция және 18 жолайырық салынуда.

Осылайша, ел экономикасының күретамыры болатын жаңа теміржолдың құрылысы жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар, өңірлердің экономикалық жағдайының нығаюына да оң әсерін тигізері сөзсіз.

 

Ғасыр жобасы ғаламға жол тартты

Бұл күні Жезқазған-Ұлытау өңірі бұрынғыдан бетер құлпыра түскен. Әсіресе, мысты шаһардың орталығындағы Металлургтер алаңы мерекедегідей безендіріліпті. Алаң ортасында хан сарайындай болып ақ шатыр тігілген. Айналасын ұлттық нақышта жабдықталған ақшанқан кигіз үйлер қоршап тұр. Алаңдағы жұрттың көңілі шат-шадыман. Олардың осы бір ерекше сәтті тағдырларының өздеріне берген үлкен сыйындай бағалап жүргендері анық аңғарылады. Және онысын жасырмайды да.

– Мен тағдырыма ризамын. Нұрсұлтан Әбішұлы тұңғыш рет ел Президенті болып таққа отырған тоқсаныншы жылдың басында Ұлытауға арнайы келгенінде қарсы алған топтың қрамында болып едім. Одан кейін де Мемлекет басшысы осы өңірде бірнеше рет болды. Соның бәріне қатыстым. Енді, міне, зейнеткерлікке шығып, бейнетімнің рахатын көріп отырған шағымда Елбасымен тағы дидарласайын деп тұрмын, – дейді еңбек ардагері, «Ұлытау қыздары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақыш Ыдырысова.

Алаңдағы жұрт қана емес, Жезқазған қаласының барша тұрғыны осы бір тарихи сәтті асыға күтуде. Елбасы мінген көліктер өтетін Бейбітшілік көшесінің екі қапталында тұрған халық «Нұрсұлтан!», «Қазақстан!» деп ұрандатып қояды. Қанаттас жатқан қос қала – Жезқазған мен Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының арнайы делегаттары мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген теміржолшылар және осы үлкен жобаға қатысқан құрылысшылар бар – мыңдаған жезқазғандықтар Нұрсұлтан Әбішұлын ыстық ықыласпен қарсы алды.

Атшаптырым алаңды алып жатқан арнайы жабдықталған шатырда салтанатты шара басталды. Ашылу рәсімі кезінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мәмин құрылыс жұмыстарының барысы мен оның экономикалық тиімділік көрсеткіштері туралы баяндады.

– Жезқазған-Бейнеу магистралін іске қосу Орталық Қазақстаннан Ақтау портына, Түркіменстанмен шекараға дейін және Парсы шығанағы бағытында ең қысқа теміржол қатынасын құруға мүмкіндік береді. Арқалық-Шұбаркөл теміржол желісі Қазақстанның орталығынан Ресейге, одан әрі Батыс Европа елдеріне шығуды қамтамасыз етеді, – дей келіп, «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Мәмин құрылыстың ойдағыдай жүргізіліп, қазірде теміржолдың іске қосуға дайын екендігін мәлім етті.

Салтанатта сондай-ақ, Қазақстандағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Виджай Махадеван сөз алып, жаңа теміржолдың Ақтау портына дейін жүк тасымалындағы айтарлықтай маңызына тоқталды.

Жиында теміржол саласында 40 жылдан аса еңбек еткен ардагер Амангелді Селбаев пен еңбек ардагері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Батырбек Мырзабеков сөз сөйлеп, ел экономикасын өрге тартатын осындай айтулы жобаның іске асырылуына орай, тұрғындардың атынан Елбасына шынайы алғыс сезімін жеткізді.

– 2012 жылдың шілде айының басы елдің есінде болар. Сол күні сіз бүкілхалықтық телекөпір арқылы өзіңіз «Ғасыр жобасы» деп атаған үлкен құрылыстың тұсауын кескен едіңіз. Сол бір тарихи сәтте мен барлық жезқазғандықтар атынан өзіңізге елдің алғысын жеткізген едім. Сол тарихи сәт бүгін тағы қайталанып отыр. Бүгін сіз Жезқазған жеріне келіп, құрылысы аяқталған желілерді салтанатты түрде іске қосқалы отырсыз. Осы жаңа жоба арқылы біздің жапан даладағы жабырқау күй кешіп жатқан ауылдардың тамырына қан жүгірді. Елдің ертеңге деген сенімі оянды.

Осындайда ойға келеді, кешегі кеңестер дәуірінде «Байкал-Амур» магистралы деген үлкен құрылыс бірнеше жылдарға созылып, оған «Екпінді құрылысқа!» деген ұран тасталып, жан-жақтан құрылысшылар жинағанын кешегі аға буын жақсы біледі. Ал, біздің тәуелсіз мемлекетіміз дәл сондай күрделі құрылысты екі жылға жуық уақыттың ішінде, дәл айтқанда 25 айда салып бітірді. Бұл – біздің тәуелсіз Қазақстанның күш-қуатының тоғысқанын көрсетеді, – деді Елбасы алдында тебірене сөйлеген жерлесіміз Батырбек Мырзабеков.

Айшықты іс-шара барысында жаңа теміржолдың Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының аумағында орналасқан басты стансаларымен арада телекөпір ұйымдастырылды. Теміржол құрылысының қайнаған ортасына айналған 5 негізгі станцияның басшылары мен еңбеккерлер өкілдері телекөпір арқылы байланысқа шығып, Елбасына пойыздардың қозғалысқа дайын тұрғанын жеткізді.

Сахна төріндегі мінберге келген Мемлекет басшысы арнайы түймені басып, сапарға шыққалы тұрған поездарға салтанатты жағдайда рұқсат беріп, «жасыл жол» ашты. Сөйтіп, Арқалық-Шұбаркөл жолы арқылы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының концентраты, Сексеуіл-Жезқазған жолы арқылы «Қазхром» комбинатының кені Достыққа қарай бет алса, Шалқар стансасынан Бейнеу арқылы жүк поезы Иранға, Бейнеу станциясынан «Теңіз Шевроил» өндірген Құлсары мұнайы Қытайға қарай жол тартты. Ал, Жезқазған станциясынан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жүгін тиеген пойыз Иранға бет түзеді. Осылайша, Елбасының қатысуымен жаңа теміржол желілері ашылып, бұрын тұйықта қалып келген Арқалық пен Жезқазған тоғыз жолдың торабындағы транзиттік аймаққа айналды.

Нұрсұлтан Әбішұлы осы қуанышты сәттің үстінде сөйлеген сөзінде екі бірдей бағыттағы мұндай ірі теміржол байланысының бір күнде іске қосылуы бұрын-соңды болмаған оқиға екенін атап айтты.

 

Жезқазған өңірі қашанда назарда

Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл жаңа теміржол желілерін салтанатты жағдайда іске қосқаннан кейін барша қазақстандықтарды құттықтаған ел Президенті магистральдің ашылуын жылдың ең маңызды әлеуметтік-экономикалық оқиғасы деп атады.

– Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл жолы бірнеше өңір мен бүкіл республиканың тіршілігіне жан бітіріп, ондаған жылдарға алға жетелейді. Біз Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде теміржол құрылысын тоқтатқан жоқпыз, қайта үдете түстік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы теміржол құрылысына 10 мыңнан астам адам тартылғанын, енді тағы 3 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтты.

– Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл теміржолдары жапсарлас аумақтардың дамуына жаңа серпін береді. Оның әсерін Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Қостанай облыстарының тұрғындары мен кәсіпорындары тікелей сезінетін болады. Аграрлық және өнеркәсіптік өнімдерді жеткізу мерзімі мен қашықтығын қысқартудан бүкіл Қазақстан ұтады, – деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңа теміржолдар Жезқазғанның дамуына оң ықпалын тигізетінін, енді бұл өңір республикалық және халықаралық маңыздағы стратегиялық бағытта болатынын атап өтті.

Кезінде Үлкен Жезқазған аталған кенді өңірдің дамуы қашанда назарда екенін, өңірді дамытудың 2020 жылға дейінгі Кешенді жоспарын жасау туралы Үкіметке тапсырма беруінің арқасында қазір ауқымды істердің қолға алынғанына тоқталды.

Өткен жылы мыс зауыты жаңа технология енгізу мақсатында тоқтатылғанымен, «Қазақмыс» еңбеккерлердің жалақысын төлеп отыр. Сондай-ақ, металлургтердің сүйікті кәсібіне қайтып оралуы үшін корпорация басшыларына мыс зауытын іске қосу туралы тапсырма бергенін айтып, жұртшылықты тағы бір қуантты. Зауыт үстіміздегі жылдың қараша айында қайта іске қосылады.

– Кен өндірудің көкжиегі кеңейеді. Кеннің мол қоры бар аймақтардағы елді мекендерді көшіру үшін тағы қосымша 240 млн. доллар қаржы бөлінді. Осы және өзге де кен орындарынан 2 млн. тонна қоры бар кен көздері ашылып, завод толық іске қосылатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елдің көлік-логистикалық әлеуетінің артатынына тоқталды.

– Біз құрғақта тұрған елміз, теңізге шығатын жолға зәруміз. Сондықтан, біз үшін теміржолдың маңызы зор. Бұрын жолдың барлығы Оңтүстіктен Солтүстікке қарай бет түзеген. Ел ішінде жүретін жол болған жоқ. Кең байтақ аумақты алып жатқан біздің елімізде көлік логистикасын дамытудың маңызы ерекше. Кейінгі бес жылда 2500 шақырым теміржол салынып, іске қосылды. Тепловоз бен электровоз өзімізде шығарылып, вагондар өзімізде жасалатын болды, – деп ел дамуындағы еңселі істерді алға тарта сөйлеген Елбасы береке-бірлік пен татулықты ту ете білсек, алынбайтын асу жоқ екенін қадап айтты.

 

Шағын кәсіпкерліктен ірі компанияға дейін

Елбасы өзінің жұмыс сапары барысында «Ютария Ltd» өндірістік инновациялық компаниясы» ЖШС-де болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты.

Елбасының ұстанған саясатына сай біздің өңірімізде де индустриаландыру бағытындағы ауқымды істер атқарылуда, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сондай кәсіпорындардың бірі Жезқазғандағы «Ютария Ltd» өндірістік инновациялық компаниясы» ЖШС болып табылды. Ең алғаш, 2003 жылы шағын бизнес нысаны ретінде құрылған серіктестік бүгінде орта бизнес нысанына айналып, ірі компания деңгейіне дейін өсті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 490 млн. теңге тұратын қазіргі заманға сай тігін фабрикасын құру жобасы жүзеге асты. Мұнда негізінен әйелдер еңбек етеді. Олар автоматтандырылған жаңа жабдықтармен жұмыс істейді. Компания негізінен «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындары үшін арнаулы жұмыс киімдерін тігеді. Өткен жылы 941,8 млн. теңгенің тапсырысын орындап, 412 300 дана бұйым тігіп шығарды. Кәсіпорында 220 жаңа жұмыс орны ашылып, 397 адам еңбек етеді.

Нысанды аралау барысында Мемлекет басшысы кәсіпорында қолданылатын өндіріс технологиясымен танысып, көрме залына қойылған өнім үлгілерін көрді.

Қазақстан Президентіне кәсіпорынды дамыту жобалары, соның ішінде Сәтбаев қаласындағы индустриялық қызмет көрсету комбинаты мен «Астана – жаңа қала» АЭА» аумағында құрылып жатқан және «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесіне қатысуы көзделіп отырған «ҚазТексЭкспо» автоматтандырылған өндірістік кешені таныстырылды.

Жұмыс барысында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Мемлекет басшысына Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, өткен екі жылдың ішінде 23 млрд. теңге қаржы игеріліп, Кешенді жоспардағы 6 шара ойдағыдай іске асырылған. Биылғы жылдың өткен мерзімінде 5 млрд. теңге игерілді. Үстіміздегі жылы 14 шараны жүзеге асыру жоспарлануда. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен инфрақұрылымдарды дамытудың біраз мәселелері шешілді, геологиялық барлау жұмыстары басталады, экология проблемасы оң шешімін таппақ.

Кен алынатын аймақтағы Жезқазған кенті мен оған іргелес елді мекендерден 7 мың адам қоныс аударады. Олар үшін Сәтбаев қаласында жаңадан ықшам аудандар салынады, қазір инженерлік инфрақұрылымдарын тарту қолға алынған.

Бюджеттен тыс қаржыға 9 жобаны жүзеге асыру көзделіп, шағын және орта бизнесті дамытуға 3 млрд. теңге инвестиция бағытталған.

Өз кезегінде «Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Э.Огай Мемлекет басшысын кәсіпорынның қызметі мен даму перспективалары туралы хабардар етті. Ол мемлекеттің қолдауы арқасында корпорацияның минералдық-шикізаттық базасын кеңейтуге, сол арқылы Жезқазған өңіріндегі кенішті пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік туғанын айтты.

– «Қазақмыс» корпорациясының серіктестік бағдарламасы шеңберінде Жезқазған мен Балқаш аймақтарында кәсіпкерлер мен өнеркәсіпшілер қауымдастығы құрылып, өндірісті кеңейтіп, жаңартуға оң ықпалын тигізуде. Жалпы Кешенді жоспарды орындау барысында кеніштердің ғұмыры ұзартылып, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі ұлғайтылады. Сумен және жылумен жабдықтау желілері жаңартылып, автожолдар жақсарады. Уақытша 9 мың, тұрақты 2 мың жұмыс орындары ашылады, – деді басқарма төрағасы.

Елбасы «Ютария» тігін фабрикасының өндірістік жағдайымен таныса келіп, жұмысшылармен әңгімелесті. Тұрсынай Ибадатова, Эмма Гигель өз кәсіпорындарының өркен жайып келе жатқаны туралы қуана әңгімелеп, өміршең бағдарламалардың жүзеге асуына ұдайы қамқорлық жасап отырған Нұрсұлтан Әбішұлына шынайы алғыстарын жеткізді.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында құрылған «Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы» ЖШС түрлі сала жұмысшылары үшін компьютерлік технология мен графиканы қолдана отырып, арнаулы киім дайындауға мамандануда. Фабрика цехтарында тігетін, пішетін, кесте тігетін автоматтандырылған бағдарлама арқылы басқарылатын жабдық бар. Кәсіпорында жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын инновациялық жобалау, нанотехнологияны қолдану үдерістері, ғылыми-қолданбалы әзірлемелер енгізілуде.

Түс ауа Елбасы тікұшақпен ұлт ұясы – Ұлытауға ұшып кетті. Өңірге келген сайын Ұлытауға соғып, киелі жердің топырағына тәу ету Тұңғыш Президенттің бұлжымас дағдысына айналған. Бұл жолы да Елбасы дәстүрінен жаңылған жоқ.

Ал, мұндағы ел Елбасымен болған кездесуден алған әсерлерімен бөлісіп жатты. Оған негіз жоқ емес. Мемлекет басшысының тікелей көңіл бөлуінің арқасында Жезқазған өңірі бүгінде қайта түлеп, екінші тынысы ашылып отыр. Теміржолдың пайдалануға берілуі – соның айқын айғағы. Осы құрылыс басталған жылдары оның «ғұмырының қаншалықты» екеніне сәуегейлік жасағандар да болып еді. Бүгін олардың аузына құм құйылып отыр. Бір кездері тұйықта жатқан Жезқазған-Ұлытау өңірі енді шын мәнінде тоғыз жолдың торабына айналды. Кешегі Ұлы жібек жолын жаңғыртқан ғасыр жобасы арқылы Жезқазған-Ұлытау өңірі де жарқын болашаққа көз тігіп, биік асуларға жете беретін болады.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.