Елбасының асыл сөзі

Күллі мадақ пен мақтау жеті қабат әлемді жоқтан жаратқан әуелі мен ақыры болмаған Ұлы Жаратушы Жаппар ие Аллаһ тағалаға тән.

Аллаһ тағаланың шарапатымен еліміз Қазақстан тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғалы дініміз де бостандық көгінде самғай ұшып, нұр шуақты көктемдей қайта оралды. Асыл дініміздің қанаты жайылып, дініміздің құндылықтары – шариғатымыздың бұйрықтарының орындалуы, іске асуы, әрине, ең басты Алла тағаланың әмірі және еш баға жетпес құнды жеріміз – еліміз Қазақстанымыздың басшысы, Елбасының қолдауымен. Қолдауымен дегенім, баршамызға мәлім, Елбасының дініміздің құндылықтары, қанаты жайылуы үшін жасап жатқан еңбектері орасан зор. Атап айтсам, мешіттер мен медреселердің елімізде көптеп салынуы нұр үстіне нұр емес пе?! Сонымен қатар, Елбасының қасиетті жеріміз – Ұлытауға 22 тамыз күні келген іс-сапарында асыл дініміз жайлы айтқан өсиет сөздері де баршамызды тебірентіп қуантты. Тәуелсіздік жылдарында дінімізге қайта оралып жатырмыз. Қарап отырсаң, қазақ ешқашан дінінен айырылып көрген емес. Ешқандай уақыт үзілісі болмағандай, дінімен қайта қауышты да, әрі қарай жалғастырып жүре берді. Бұрынғыдай қорықпай, жасқанбай, дінге бас иіп, Құдайға құлшылық етіп, мешіттер салып жатырмыз. Қаншама азаматтарды білімді, дінді насихаттайтын молдаларды дайындап келеміз. Осының барлығы дұрыс қой, дініміз де, дәстүріміз де қазаққа керек, әрине. Дегенмен, тек біздің дініміз ғана дұрыс екен деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болды. Мысалы, бір мұсылманның ішінен сүннит пен шиит болып бөлініп, қан төгіп жатқан халықтар қаншама? Бір діннің ішінде өзара ұғыспай, ағымдармен келіспей, соғысып жатқан католиктер қаншама? Сондықтан біз абайлауымыз керек. Біздің дініміз керемет, басқа діндердің керегі жоқ демеген жөн. Біздің дініміз – өзіміздің дініміз. Бірақ басқаны да үйренуіміз, білуіміз, сыйлауымыз, құрметтеуіміз қажет. Сонда мұсылманның діні де құрметтелетін болады», – деді Елбасымыз Ұлытау төріндегі сұхбатында. Жалпы Нұрсұлтан Әбішұлының әрбір сөзі жанды да, мәнді. Қазақстанымыз мәңгі бақытқа кенеліп, Елімізде әр шаңырақта таусылмас мол несібе болсын!

Серікқали Орынбаев, Ұлытау аудандық мешітінің бас имамы.

Комментарии закрыты.