Тіл жайындағы орамды ойлар

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жақында Ұлытау жеріне келіп, ұлтымыздың келешек дамуына, дінге, тілге қатысты біраз жайттардың басын қайырды. Әсіресе, Мемлекет басшысының тіл жайында қозғаған өзекті мәселелері көңілге қонды.

Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік тілдің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдайдың жасалғанын айта келе, қазақ тілінің өзге тілдермен терезесі тең екенін, оның сан ғасырлық тарихының барын тілге тиек етті. «Конституцияға «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылды. Солай ғой? Ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп, кедергі жасап отырған бір адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек. Қандай мінбеден қазақша сөйлесең де, ешкім «тәйт, былай тұр» деп айтпайды. Қанша адам отырса да, соларға арналған аудармасын беріп, қазақ тілінде сөйлеуге болады. Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек» деген Елбасы сөзі әр қазақтың ана тілін үйренуге деген ынтасын оятуы тиіс.

Сұхбатында Ұлт көшбасшысы қазақ тілінің ел тәуелсіздігін алған кезеңнен бергі уақытпен салыстырғанда бүгінгі таңдағы қолданысының шеңбері ұлғайып, іс қағаздарын жүргізуде мемлекеттік тіл маңызға ие екендігін айта келе, болашақта біз өркениетті елдердің қатарынан орын алу үшін ағылшын тілін меңгерудің орны айрықша екендігіне мән берді. «Болашақ біздің қолымызда. Болашақ бізге бетін бұрып тұр. Қазақтың саны көбейіп, тілдің ауқымы кеңейіп келеді. Көп облыстарда барлық іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі. Оған ешкім кедергі жасамайды. Ағылшын тілін дүние жүзі халқының 70 пайызы қолданады. Неге оны қолданады? Ол – ғылым мен білімнің, ақпарат құралдарының, интернеттің, медицина мен мәдениеттің тілі. Ағылшын тілін білмей-ақ өмір сүреміз деуге болады. Әрине, болады! Бірақ онда ағылшын тілі арқылы тарап жатқан ілімді білмейсің. Оны білмесең, өркендеп өсуіңе жол ашпайсың, болашағыңа балта шабасың. Сондықтан, біз мемлекетімізді алға сүйреп, экономикасын көтеріп, өркендеп-өсіп, озық отыз елдің қатарына қосыламыз деп отырғанда, халқымыз, жастарымыз ағылшын тілін білмесе, қалай болады?».

Сонымен қатар, Н.Ә.Назарбаев қазақ тіліне халықаралық деңгейдегі сөздерді аудару мәселесін сынға алды. «Кейбір ұғымдарды орыс тілінен енген деген желеумен біржақты аударуда. Дүниежүзіне ортақ сөздердің қазақша баламасын тауып жатыр. Мен талай жазушылармен, композиторлармен сөйлесіп жүрмін. «Пианино», «пиано» деген халықаралық термин. Оны біз «күйсандық» дедік. Ешқандай жанаспайды. Сандық пен күйдің арасына пианиноны қосуға бола ма? Мысалы, композиторды дүниежүзінде композитор дейді. Біз «сазгер» деп жүрміз. «Саз» деген басқа мағынаны береді. Мұның бәрі неден шығып жатыр? Өйткені орыстың тілінен арылу керек деп ойлаймыз. Біресе түріктен, біресе арабтан, біресе парсыдан аламыз. Сөйтіп, бұзып жүрміз», деді Президент.

«Тілді байыту керек! Оған халықаралық ұғымдарды енгізсек, тіліміз дамиды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бұдан қорқып, шошудың қажеті жоқ. Тіліміз өркендеп, өсіп келе жатыр дей аламын. Қазір ешқандай қауіп жоқ» деп ой топшылаған Елбасы «үштұғырлы тілді қолдансақ, түбінде біздің жолымыз ашық болады. Осыны түсіну керек. Бұл жерде асығыстық жасамау керек. Сабырлы болған жөн. Біздің көпұлтты болып отырғанымызға ешкім кінәлі емес. Тағдыр солай болды. Өзге халықтардың да ешқандай жазығы жоқ. Орыстардың, украиндардың, белорустардың, ұйғыр, шешен секілді халықтардың не кінәсі бар? Осылай болды, тарих бізді көпұлтты етті. Бәрінің басын қосып, Қазақстанның бірлігін сақтап, төзімділік танытып, экономикамызды өркендетіп, өсе беретін болсақ, келешек қазақтың қолында болады», деп қазақ тілінің болашағына зор сеніммен қарағаны кейбір жағдайда күпті болып жүрген көңілімізге демеу болды.

Арқаның асқар тауы – Ұлытауда Елбасы қозғаған тілге қатысты мәселелердің түйіні ұлттың бірлігінің арқасында шешілетіні анық. Сондықтан да, ана тіліміздің болашағы жарқын, келешегі кемелді болсын десек, әр қазақ өз тілінің жанашырына айналғаны жөн.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.