Компания озаттарды марапаттады

20140905-07-01-1Еліміздегі кен өндірісінде алдыңғы қатарлы компаниялардың бірі – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-на қарасты «Жезқазғантүстімет» ӨБ Ата Заң күнімен тұспа-тұс ІІ тоқсан нәтижесі бойынша еңбекте табысқа жеткен ұжымдары мен жекелеген азаматтарды марапаттау мақсатында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында салтанатты жиын өтті.

Еңбек алыптарын марапаттаған жиынға қала басшысы Әнуар Омар, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Саят Бәкіров және корпорацияның өзге де құрылымдарының басшылары, кеншілер қауымы қатысты.

Еңбек көрсеткіштері бойынша ІІ тоқсанда алдыңғы қатардан көрінген азаматтарды әуелі Әнуар Серікбайұлы құттықтады.

– Біз үшін кеншілердің еңбегі ерен. Шағын шаһар тұрмақ, облыстың, тіпті еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына осы мамандық иелерінің қосып отырған үлестері өте салмақты. Сіздердің жеті қат жер астында жүріп, ел байлығын еселеудегі еңбектеріңіз келер буынға үлгі. Қаныштай ұлы ғұламаның есімін иеленген кеншілер қаласының өсіп-өркендеуіндегі табысымыздың басты қайнар көзі де кен өндірген алыптардың еңбегімен тікелей байланысты екендігі жасырын емес. Бүгін, міне, сіздер еңбек озаттары ретінде табыстың шыңына көтерілдіңіздер. Әрине, сіздер біреумен жарысқа түсейін деп еңбек еткен жоқсыздар. Бұл табыс – сіздердің жылдар бойғы еңбектеріңіздің нәтижесі. Олай болса, жеткен жетістіктеріңіз еселене берсін, – деді қала басшысы Әнуар Омар. Әнуар Серікбайұлы бір топ еңбек озаттарын Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйақымен марапаттады.

Одан кейін сахна төріне шыққан «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас директоры Саят Бәкіров 2014 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысын шығара келе, алдағы міндеттерді саралап өтті.

– Компания басшылығы алға қойған міндеттердің ІІ тоқсанда табысты болуында сіздер жан аямай еңбек еттіңіздер. Басшылықтың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі – еңбек қауіпсіздігін 100 % көтеру. Әрине, бұл тек арнайы шаралардың жүзеге асуымен ғана байланысты әрекет емес, әр кенші өз өмірінің қауіпсіздігі өз қолында екендігін ұмытпағаны абзал. Сіздердің аса ауыр да абыройлы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – дей келе, Саят Шарафиденұлы үздік кеншілер мен ұжымдарды «Мамандығының үздігі», «Үздік кен шебері», «Үздік бригада», «Үздік цех», «Үздік учаске», «Үздік шахта, карьер», «Үздік байыту фабрикасы» арнайы номинациялармен марапаттап, ақшалай сый-сияпатын тапсырды.

«Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» копорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының аппарат жетекшісі Асқар Нұржанов, «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ комитетінің төрағасы Ерболат Сатыбалдин үздіктерді құттықтап, марапаттады.

Салтанат «Үздік кеніш» атағын иеленген кеніштерді марапаттау рәсімімен аяқталды. «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің құрылымдық бөлімдерінің арасынан еңбекте орасан табысқа жеткені үшін ІІІ орынның ақшалай жүлдесі Солтүстік Жезқазған кенішінің ұжымына, ІІ орын Оңтүстік Жезқазған кенішіне бұйырды. Ал, ІІ тоқсанда үздіктердің үздігі деп танылған Шығыс Жезқазған кенішінің еңбегі І орынға лайық деп танылды.

Еңбекпен табысқа жеткен кеншілердің салтанатты кешін жергілікті өнерпаздардан бөлек, Қарағандыдан арнайы шақыртылған әншілер әнмен әспеттеп, бимен шырайландырып отырды.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.