Ата заңға атаулы құрмет

20140905-07-02-1Тамыздың 30 күні елдігімізді айғақтайтын құжаттың 19 жасқа толу мерекесі жер-жерде атап өтілді. Сәтбаев қаласы да осынау айтулы күнде Ата Заңымызға ерекше көңіл бөліп, мерекенің мәртебесін асқақтата білді. Көптеген іс-шаралардың соңғы нүктесін кешкісін болған концерттік бағдарлама қойды.

«Тәуелсіздігімді айшықтаған Ата Заң!» атты меркелік кеш мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Қала тұрғындары мен қонақтары құрметіне сәтбаевтық өнерпаздар барын салды. Сахнада жастармен қатар ардагер әншілер де өнер көрсетті. «Маюри-девдас», «Нұр шашу» би ансамбльдерінің орындауындағы нөмірлер халық ықыласына бөленді. Бұл кеште «Күншуақ – 2013» байқауының бас жүлдегері Гүлманат Қашқынбаева, «Жас қанат — 2014» облыстық фестивалінің дипломанты Ақбота Ақбергенова сынды талантты жастар да ән шашуларын ұсынып, аянып қалмады. Ардагерлерден құрылған «Сатпаевские зори» хорының өнері өз алдына бір төбе. Зейнет жастағы аға-апаларымыз сахнаның сәнін келтіре, арқаланып ән шырқады. Әншілер қатарында Абай Жағыпар, Сабыржан Кеделов, Алла Благодетелева да бар. Патриоттық сезім мен Ата Заңға деген құрметті көрсете білген мерекелік кештің соңы отшашумен аяқталды. Халықтың да көңілі көтеріліп, ризашылықпен тарқасты.

Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады екен. Десек те, бұл аз уақыт аралығында Қазақстанның басты заңы уақыт сынынан сүрінбей өтті. Дерек көздеріне сүйенсек, қазақстандық зерттеушілер Конституциямыз әлемдегі үздік 50 конституцияның қатарында деп санайды. Себебі, жалпы адамзаттық құндылықтар мен құқықтарды дәріптейтін, әлемдік стандартпен санаса отырып құрылған қырлары тайға таңба басқандай айқын.

Біздің Ата Заңымыз келешекте алдыңғы қатарлы алып мемлекет болуымызға, өзге елдермен тиімді экономикалық реформа қалыптастыруымызға ықпал ететін ең маңызды құжат болмақ. Еліміздің әр азаматы өз құқықтары мен міндеттерін терең түсіне білсе, заңымыздың толыққанды жүзеге асуына барлық жағынан қолдау көрсете білгеніміз.

Мөлдір Мұқатова. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.