Рухты әндер байқауы

20140905-12-01-1Қаламызда ел Конституциясының күніне орайластырып «Елім менің аңсаған» атты патриоттық әндерді орындаушылардың аймақтық байқауын өткізу дәстүрге айналды. Өскелең ұрпақты рухты әндермен шабыттандыра отырып, байқау арқылы ән әлеміне жаңа есімдерді қосу мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға биыл Жезқазған, Сәтбаев қалаларымен қатар, Ұлытау ауданынан келген барлығы он бес өнерпаз қатысты.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен байқаудан ә дегеннен кемшілік табылды. Бағдарламаны жүргізген қыздың «ң» әрпін айта алмайтындығы бірден құлаққа ұрып тұрды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басқа жүргізуші табылмапты.

Бұл байқаудың басқа ән сайыстарынан өзгешелігі – рухты көтеріп, жастарды Отанды сүюге бағытталған. Алайда, байқауға қатысушылардың бір қатары өздерінің айтып тұрған әндеріне сай іс-қимыл жасай алмады, көбісінің жүрегінен жалын, көздерінен от көре алмадық. Төрешілердің айтуынша, қатысушылардың үстеріне киген киімдері де үйлесімсіз әрі әуендері техникалық жағынан сапасыз өңделген. Соның әсері болса керек, әннің сөздері тыңдаушыға нақты жетпеді. Оның сыртында бұл байқаудың негізгі мақсаты жаңа есімді анықтау деп анық айтылғанымен, қатысушылардың арасында сахнаға төселіп, шыңдалған, бірнеше қалалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған әншілерді көрдік. Сонымен қатар, сайысқа қатысқандардың кейбірінің жетекшілері байқауға төрелік етті.

Ән кешінде Жезді кентінің жас әншісі Бекзат Жүнісбек «Туған жер», жезқазғандық әнші Әліп Дәулет «Сәлем саған, туған жер», сәтбаевтық Қанат Ақбота «Шығысым – шырайым», Сәтбаев қаласының жас әншісі Махамбет Ақмоншақ «Отан — ана», Ұлытау ауданынан келген Досмұханбет Уатаев пен Бағылан Жантаев «Елім, менің», Қаракеңгірден ат арытып байқауға қатысқан Әсет Көшербай «Теріскей» әнін, Батырхан Есімсейітов «Астана» әнін орындады.

Сәтбаевтық жас дуэт Айгерім Искендирова мен Шахида Умарова «Отан-ана», Абай Жағыпар «Жаса, қазағым», Сабыржан Кеделов «Көк тудың желбірегені» әнін шырқаса, Байқоңыр ауылынан келген Жансая Сейкенова «Қазақ жері», жезқазғандық Айбек Әбдіәшімұлы «Отан-ана», Ұлытаудың жас әншісі Айгерім Аубакирова сирек айтылатын «Туған ел» әнін орындады.

Байқауға қатысушыларға жүлде беруде де қазылар алқасының тарапынан кемшіліктер кетті. Кемшілік сол – сахна мен ән айтуды бес саусағындай меңгерген Қанат Ақботаның орнына І орынға өзгелер де лайық еді. Байқауға алғаш шығып, жарқырап көрініп келе жатқан талантты жастардың өнеріне әділ баға берілген жөн.

Борсеңгір, Қаракеңгір ауылдарынан келген жас таланттарды облыстық деңгейде өнер көрсетіп жүрген әншілермен салыстырғанға көрермендер де ренішін білдіріп жатты.

Қош, әйтеуір, байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Байқау жүлдегерлерін қала әкімінің орынбасары, қазылар алқасының төрағасы Серік Имамбай марапаттады.

Патриоттық әндер орындаушылардың аймақтық байқауының ІІІ орнын Досмұханбет Уатаев пен Бағылан Жантаевтың дуэті мен Әсет Көшербай, Абай Жағыпар бөлісті. Ал, ІІ орынның жүлдесін Айгерім Аубакирова алды. Байқаудың І орнына Қанат Ақбота лайық деп танылса, Айбек Әбдіәшімұлы (жоғарғы суретте) бас жүлдеге тігілген smart tv түрлі-түсті теледидарын қанжығасына байлап кетті.

Өзге қатысушылар да ұйымдастырушылар атынан марапатқа ие болды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.