Құлшынысы таудай балалар

20140905-12-02-1Олар да қоғамның ажырамас бір бөлшегі. Шыр етіп дүниеге келгеннен денсаулығынан зардап шегіп, мүмкіндігі шектелген жандарға деген мейірім мен жақсы амал-әрекет олардың мерейін үстем етеді. Оның ішінде әсіресе, балаларды мерекелерде назардан тыс қалдырмай, қоғам алдына шығарып, көңілін сергітудің жөні мүлде бөлек.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мүмкiндiгi шектеулi азаматтарымызға көбiрек көңiл бөлу керек. Олар үшiн Қазақстан кедергiсiз аймаққа айналуға тиiс. Бiзде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетiлуге тиiс – бұл өзiмiздiң және қоғам алдындағы бiздiң парызымыз» деген болатын.

Қаладағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығында бүгінде 120 бала тізімде тұр. Осы балаларға Ата Заң мерекесінде қуаныш пен шаттық сыйлау үшін және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Жеңіс» саябағында спорттық іс-шара өтті.

Жарысқа қатысқан он бес баланың шағын болса да ұйымдастырылған іс-шараға деген құлшынысын көргенде біз де қуанып қалдық. Себебі, бұл балақайлар көптің көңіліне зәру.

Десек те, бұл спорттық шараға тек орталыққа келіп жүрген 10-15 жас аралығындағы он бес бала ғана белсене атсалысты. Спорттық шара әбден қалыптасып қалған ойын түрлерінен әріге аспады. Ізденіске уақыт болмады ма, спорттық шарада бұрынғыдан аса ерекшелік байқалмады.

Қалалық деңгейдегі іс-шараны жасырын өткізгендей әсер алдық. Онша адам бара бермейтін «Жеңіс» саябағына он бес бала мен олардың тәрбиешілері, бірен-саран ата-ана бой көрсеткен спорттық жарысты тамашалайтын көрерменнің аздығына көңіліміз ортайып қалды.

«Тұлпар», «Сұңқар», «Үміт» топтары болып бөлініп, спорттың бірнеше түрінен өзара сайысқа түскен балалар мүмкіндігінше төрешінің айтқан талаптарын орындап жатты.

Бұл ұйымдастырылған іс-шара үлкен алаңда, кең ауқымда, көпшіліктің ортасында өтсе жанарларында жалыны бар балаларға қанат бітер еді-ау. Алайда, бұл жолы да «спорттық жарыс өткіздік» деп айту үшін ғана ұйымдастырылғаннан әрі аспады. Мүмкіндігі шектеулі бола тұрса да жігері жасымаған осы бір балалардың спорт десе делебесі қозатындығы көрініп-ақ тұрды. Осындай балалардың алдағы уақытта жігері жасып, құм болмауы үшін оларды қанаттандырып отырса дейміз.

Жарыста жақсы өнер көрсеткені үшін «Үміт» тобы ІІІ орын, «Тұлпар» тобы ІІ орын, ал, «Сұңқар» тобы І орынды иеленді. Ұйымдастырушылар атынан жеңімпаздар мен қатысушыларға сыйлықтар таратылды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.