Жаңарған мектептегі алғашқы қоңырау

20140905-01-01-1Қоңыр күздің алғашқы күнінде Сәтбаев қаласының барлық мектептерінде Білім күні жоғары дәрежеде тойланды. Мерекеге арналған салтанатты жиын №1 мектеп-гимназиясында да өтіп, оған қала әкімі Әнуар Омар, білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, мектеп директоры Сәния Сағынтаева, ұстаздар қауымы, оқушылар мен ата-аналар қатысты. «Сыңғырла, алғашқы қоңырау» атты іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды.

Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын қала бойынша алғаш рет 1250 бала аттаса, оның 130-ы №1 мектеп-гимназиясынан.

Білім алуға енді кіріскелі тұрған балдырғандарды, ата-аналарды қала басшысы Әнуар Омар мен Шынар Жанасылова құттықтап, алдағы оқу жылына сәт сапар тіледі. Келесі кезекте сөз алған мектеп директоры Сәния Сағынтаева өткен жылы ұжымның қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, оқушыларға деген игі тілегін жеткізді.

20140905-01-01-2Мерекелік шара барысында мектептің бірқатар ардагер ұстаздарына құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары табыс етілді. Дәстүр бойынша 11 сынып оқушылары ізбасарларын құттықтап, ақыл-кеңестерін айтса, бірінші сынып бүлдіршіндері өз өнерлерін көрсетті. Жиында алғашқы қоңырау соғу рәсімін құрметті қонақ Әнуар Омар мен 11 және 1-ші сынып оқушылары өткізді.

Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы №1 мектеп-гимназиясын күрделі жөндеуден өткізуге 137 млн. 033 мың теңге қаражат бөлінген болатын. Жаңарған оқу ордасының лентасын салтанатты түрде қиғаннан соң, қала басшысы мектепті аралап, жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасымен танысты.

Бүгін міне, қызым Бибінұр Шермұханбет 1 «Б» сыныбына қабылданды. Баламның осындай жаңарған, әдемі мектепте оқитынына өте қуаныштымын. Осы сәтті пайдаланып барша сәтбаевтықтарды білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында табыстарға жете берулеріне тілектеспін, – дейді жас ана Ақнұр Байбосынова.

Мерекеден соң барлық сыныптарда «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты тақырыпта тәрбие сабақтары өткізілді.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.